1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №27 (15485) 6 сәуір, сейсенбі 2010
"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
6 сәуір 2010
Қажымұрат ШЕШЕНҚҰЛ, әншi-сазгер: «Меңдiбала» мен «Бyлдiрген қыз» елге менен бұрын келген

Шыңжаң өлкесiне өткен жылдың күзiнде сапарлап барғанымызда талай-талай өнерлi қыз-жiгiттермен танысқанбыз. Қазақ топырағының иiсi бойымызға әбден сiңiстi болғандықтан ба, «арғы бетте» жүрген қандастардың жiбергiсi жоқ. Құс жастықты қолтыққа қысып алып, әңгiме соғамыз. Олар тыңдаудан жалықпайды. Серi жiгiттер түннiң бiр уағына дейiн ән айтады. Қазақы бояуы қанық әндердi тыңдаудан бiз де жалықпаймыз. Осындай отырыстардың бiрiнде «Меңдiбала», «Бүлдiрген қыз», «Бала ғашық» деген әндердi құлағымыз шалды. Жүрекке жақын, аса жағымды һәм жұғымды әндер. Алғашында бiз естiмеген халық әндерi шығар деп түйгенбiз. Сөйтсек, бұл әндердiң авторы Қажымұрат Шешенқұл деген азамат екен. Дереу iздеу салдық оған. Бiз Шәуешекке табан тiрегенде ол елге кетiптi. Бiржолата. «Бәрекелдi!» дестiк бәрiмiз.

Қажымұрат Шешенқұлды Республика сарайында өткен концерттердiң көбiнен көрдiк. Алғашында атына қарап, «қырмасақал» болар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, жиырма бестен ендi ғана асқан талдырмаш жiгiт екен.
Елге келгелi берi табаны жерге тимей, «ұшып-қонып» жүрген әншi, сазгер Қажымұратқа «жұлдыздың шалығы тиiптi» дегендi де құлағымыз шалған. Кездесуде осы мәселенi сөз еттiк, танымал әндерiнiң тарихын естiп-бiлдiк, өзi туралы сұрадық.
— Елге келгенiме көп уақыт бол­ған жоқ. Жарты жылға ендi жуық­тады. Осындағы ағаларымның, достарымның қолдауымен түрлi концерттерге шығып жүр­мiн. Газет-журналдар да мен туралы ендi-ендi ғана жаза бастады, — дейдi Қажымұрат Шешенқұл. — Өзiм туралы айтар болсам, Алтай өңiрi Қаба ау­да­нындағы Қарашiлiк деген ауылда туып-өстiм. Мектепте тәуiр оқы­ға­нымның және әке-шешем­нiң дұрыс тәрбие беруiнiң арқасында Шыңжаңдағы педагогика уни­­верситетiнiң музыкатану факульте­тiн тәмамдадым.
 
ӘКЕ-ШЕШЕМЕ ТӘУIР КЕЛIН ТҮСI­РIП БЕРСЕМ БЕ ДЕП ЖҮРМIН
— Қай уақыттан берi ән айтып, ән жазып жүрсiң?
— 2003 жылы университетке түскеннен бастап. Мектепте жүр­ген­­де де тиiп-қашып ән жаздық қой. Ал университетте шындап айналыса бастадым. 2004 жылы «Сенi ғана» деген үнтаспам шықты. Осы үнтаспам халыққа ұнады. Қытайда ме­нi халыққа танытқан осы — «Сенi ғана».   
— Елге қалай келдiң? Бiреу-мiреу шақыртты ма?
— 2008 жылдың жазында оқуым­ды бiтiрiп, ұсақ-түйек шар­уалармен айналысып жүрген­мiн. Өстiп жүргенде 2009 жылы 14 нау­рызда өткен «Ән мен әншi» кон­цер­тiне шақырту алдым. Ұйымдастырушылары өздерi шақырды. «Қаражорға» әнiн айтып берсеңiз» деп. Келiстiм. Содан дереу жиналып елге келдiм де, жұртқа танымал бола бастаған «Қаражорға» әнiммен «Ән мен әншiнiң» шымылдығын ашып бердiм. Содан берi осындамын.
— Отбасыңмен бiрге кел­дiң бе?
— Әке-шешем Қытайда қал­ды. Мен өзiм әлi салт бастымын. Әке-шешемдi елге әкелiп, тәуiр келiн түсi­рiп берсем деп ойға да, қырға да шауып жүрген жайым бар.
— «Қаражорға» әнiнiң бiр­неше нұсқасын естiп жүр­мiз. Сенiң «Қаражорғаң» қайсысы?
— Ең алғаш «Қаражорғаны» төрт жiгiт орындаған. Ол ән Қазақстанға бейнебаянымен бiрге бұрынырақта келген. Сол төрт жiгiттiң бiрi — мына менмiн. Бертiнде «Қа­ра­жорға» танымал бола бастады. Той-томалақ «Қа­ра­жорғасыз» өт­пей­тiн болды. Содан Қытайды аралап концерт­тер қойдық. Кейiн­нен Мұратбек Сарыбас деген кiсi бұл әндi Қазақстанға алып келдi.
«Армысың, Әз Наурыз!» кон­цертiнде «Қаражорғаның» жаңа нұсқасын орындадым. Жаңа нұсқа дейтiндей де емес. Өлең­нiң тек ең алғашқы нұсқасын аздап өзгертiп, аз-кем жаңаладық.
 
«МЕҢДIБАЛАНЫ» 500 ДОЛЛАРҒА «ҰЗАТТЫМ»
— Ендi өзiңнiң «Меңдiба­ла», «Бүлдiрген қыз» әндерiңе ке­лейiкшi. Бұл әндер қалай жазылды?
— «Бүлдiрген қыз» әнiнiң сөзiн досым әрi замандасым Бекзат Тоқанұлы жазды. Әнi — өзiмдiкi. Үрiм­жi өңiрiн аралап, концерт қойғанымызда бұл әнге халық жоғары баға бердi. Бұл да «Қа­ражорға» се­кiлдi Қазақстанға менен бұрын келген. «Алаш» деген топ бар екен осында. «Бүл­дiр­ген қызды» солар орындап жүрiптi. «Мақпалжан» деген тағы бiр әнiмдi халық Тоқтар Се­рi­­ков­тiң орындауында тыңдаған. Бұл әннiң сөзiн Ержанат Байқа­бай­­ұлы деген танымал ақын жазған.
«Меңдiбаланың» ең алдымен әуенiн жаздым. Кейiннен Ербол Шәкей деген ақын досыма сөзiн жазғыздым. «Меңдiбала» да елге менен бұрын келiп қойыпты.
Жуықта Төлеуғазы деген әншi жiгiт қолқалап жүрiп, «Меңдiба­ла» әнiмдi сатып алды. Артық-кемi жоқ 500 долларға «ұзаттым». Ендi ол «Меңдiбала» деген атауын «Меңдi­да­на» деп өзгертiп жатыр.
— Не себептi?
— «Атына қарап, жұрт бұл әндi ұл балаға арналған екен деп түсiнiп қалады» дейдi.
— Меңдiбала деген аттың төр­кiнiн түсiнбегенi өкiнiштi-ақ. Қазақта Меңдiдана деген ат бар ма? Мең­­дi­ба­ланы жөнi­мен қалдырса қайтер едi?
— Мен де солай ойлаймын. Дегенмен де, сатып алғаннан кейiн мен оған не айта аламын? Әлi де қолқалап көрермiн...     
— Қытайда фонограммаға ты­йым салғанын бiлемiз. Ал бiздiң әншi­лер «өтiрiк ән» айтудан әлi арыла алмай жүр. Өзiң қалай, еркiн ел­ге келiп еркiнсiп кеткен жоқсың ба?
— Рас, соңғы екi жылда Қытайда әншiлерге қойылатын талап күшейдi. Жасыратыны жоқ, бұрындары бес-алты ән айтсақ, соның төртеуiне фонограмма қосатынбыз. Кейiннен тек тiрi дауыста айтатын болдық. Тәртiпке көнуiң керек. Көнбесең, оңдырмайды. Әсiресе, iшкi Қытайда тәртiп өте қатал. Халықты бiр рет алдасаң, өмiр бо­йы ән айта алмай кетуiң мүмкiн.
Өзiме келер болсам, жүз пайыз тiрi дауыста ән айтып жүрмiн дей алмаймын. Бәрi де техникаға байланысты. Сапалы техника болса, неге тiрi дауыста ғана айтпасқа?! Дегенмен де көп жерде тiрi дауыспен айтуға тырысамын.
 
ҚАЙҒЫ ЖҰТҚАН ЖҰРТТЫҢ АЛДЫНДА ЫРЖАЛАҚТАП ӘН АЙТҚАНДЫ ЖӨН КӨРМЕДIМ
— Қазақстандық әншiлердiң негiзгi табыс көзi — той-томалақ. Әрқайсысының «ставкасы» бар және де өздерi жасырмайды оны. Шәуешекке барғанымызда жергi­лiк­тi әншiлер: «Тойда ән айтқанымыз үшiн ақша сұрауды ұят көре­мiз», — деп едi. Сен ше? Мұнда қалай күн көрiп жүрсiң?
— Мен бұл жердiң саясатына әлi үйрене алмай жүрмiн. Алғаш­қыда ақша сұрауға ұялатынмын. Кейiннен бұл мәселенi достарым арқылы шештiм. Той-томалаққа, кон­церттерге шақырса, мәселеге қа­­нық достарымды араға делдал етiп саламын.
— Сонымен, «ставкаң» қанша болды?
— Ендi... Қазiр тойға барғаным үшiн бiр қымбат кәстөм-шалбардың құнын аламын. Iлдәл­далап күн көре тұру керек. Қы­тай­да бәсiм жоғары болатын. Жастар арасында кең танылғандықтан анда-мұнда жиi шақыртатын. Елге келген соң «қоңыз те­рiп кетпеудiң» қамымен азын-аулақ ақшаға ән айтып жүр­ген жайымыз бар.
— «Жұлдыз ауруы» деген түсi­нiк бар. Одан амансың ба? Оны сұрап отырған себебiм, жақында Қызылағашта болған апатқа байланысты Талдықорғанда өт­кен қайырымдылық концертiне шақырған екен, ақша сұрапсың...
— Бұл ендi жай сөз. Ел қайғырып жатса, мен оның алдына барып, ыржалақтап ән айтқаным қалай болады? Менiңше, бұл — дұрыс емес. Бұл мәселенiң ақ­шаға еш қатысы жоқ.
 
СIЗ НЕ ДЕЙСIЗ?
Жамали ДИҚАНҰЛЫ,
«Қаражорға» өнер ұжымының директоры: Оның ақша сұрағаны рас
— Алғашқыда қайырымдылық концерттi қатерлi iсiк ауруына шалдыққан қандасымызға көмектесу үшiн өткiзбек болдық. Шаруа Қажы­мұратқа тiрелгенде ол 100 мың теңге сұрады. Оған да келiстiк. «Ерке әншiмiз ғой, тапқанымыздың бiразын соған берейiк», — дедiм мен.
Содан концерт өтетiн күн жақындағанда Қызылағаш ауылын топан су шайып кеттi. Ақыры жоспарлап қойғаннан кейiн қайырымдылық концертiн Талдықорғанда өткiзiп, одан түскен қаржыны Қызылағашқа аудармақ болдық. Қажымұратқа бұл жағдайдың өзгеше екенiн түсiндiруге тырыстым. «Бiр тиын түссе де, қызылағаштықтарға аударайық» дедiм. Ол көнбедi. «100 мың теңге берсеңiз ғана барамын» дедi.
Содан не керек, концерттi Қажымұратсыз-ақ өткiздiк. «Тауықсыз да таң атады» дейдi қазақ. Концерттен түскен қаржының бiр бөлiгiн сол жерде Қызылағаштан келген адамдарды сахнаға шығарып, қолдарына ұстаттым. Ал қалғанын есепшiмiз ықтияттап, қызылағаштықтардың қорына аударып жатыр.

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті