1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №27 (15485) 6 сәуір, сейсенбі 2010
"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
6 сәуір 2010
«Ырғақты» жаңалықтар

«ЖАҢА ТОЛҚЫН» ҚАЗАҚ ӘНШIЛЕРIН ЖАҒАҒА ШЫҒАРЫП ТАСТАДЫ

Соңғы жылдары қазақ әншiлерiнiң Юрмаланы бағындырамыз деген әрекеттерiнен түк шықпай жүр. Биыл тiптi тоқырап қалғандай. Өйткенi, «Жаңа толқын-2010» конкурсына қатысатын әншi табылмады.
Халықаралық конкурсқа iрiктеу наурыз айында-ақ бастал­ған. Алайда, қазақ продюсерлерi арбадан қайтып қалған ат құсап көткеншектей бердi.
2007 жылы Қазақстанның атынан Юрмалаға «Ринго» тобы барған. Бұл топ көрермендер көзайымы жүлдесiн алғанымен, одан әрiге шамалары жетпедi. «Рингоның» жетекшiсi Алуа Канарова биыл конкурсқа ешкiмдi жiбермегенiнiң себебiн қарамағындағы әншiлердiң репертуарында жаңалықтың жоқтығымен түсiндiрiптi.
Ал ел аузында жүрген продюсерлер Баян Есентаева мен Гульвира Илахунова «Жаңа толқын» конкурсын беделдi дода деп есептемейдi екен. Сонда қалай, Баян мен Гульвира «Жаңа толқыннан» қазақтың той-бизнесiн артық көре ме?..
Алғашқыда Юрмалаға Қайрат Түнтеков барады деген әңгiме шыққан. Алайда, бұл да жел сөз болып қалды. Қазақстанда конкурсқа iрiктеу жүргiзетiн компанияның продюсерi Ғазиз Жапаровтың айтуынша, биыл қазақ әншiлерiнiң Юрмалаға бармайтыны — басы ашық мәселе. Себебi — әдеттегiдей ақша жоқ.
Ақша болып тұрған кезде де қатырмағанымызды қайтемiз? Соңғы 10 жылда Юрмалаға Дiлназ Ахмадиева, «101» тобы, Мақпал Исабекова, Айқын, «Ринго», «China Town», Нұржан Керменбаев барды. Соңғысы тiптi конкурсқа қатысушы 16 әншiнiң iшiнен 14 орынға әрең iлiктi.
Бiр жағынан биыл Юрмалаға ешкiмнiң бармағаны да дұрыс болды. Жылдан-жылға керi кетiп бара жатқан әншiлерiмiз соңынан санағанда бiрiншi орынды ««жеңiп алып» жүрсе, абырой ма сол?..
 
ДЖАЗ МУЗЫКАСЫ КОНКУРСЫНА КIМДЕР ШАҚЫРЫЛАДЫ?
 
Сәуiрдiң 8-i мен 11-i аралығында Алматыдағы Оқу­шылар сарайында Швейца­рия­дан, Түркиядан, Франция­дан, Германиядан, Австриядан және Қырғызстаннан келген джаз музыканттары өнер көр­се­тедi. Бұлардың арасында Қазақ елiнiң джаз музыканттары да бар. Биыл бұл фестивальге Алматы қаласының әкiмшiлiгi, Гете институты, KATIAD және музыканттарын жiберген елдердiң елшi­лiк­терi қолдау көрсетiп отыр. Әзiрше бұл фестивальге шақырылған қонақтардың тiзiмiн ұйымдастырушылар құпия ұстап отыр. Соған қарағанда қонақтардың көпшiлiгi ығай мен сығай болса керек, сiрә.
 
«ӨМIРДЕ СОЛАЙ» МА?
Жуық арада Мейрамбек Бесбаев пен «Мюзикола» тобының бiрлесiп айтатын «Өмiрде солай» деп аталатын әнi жарық көредi. «Мюзиколаның» жетекшi әншiсi Карина Абдуллина мен Мейрамбек Бесбаев бұрыннан таныс. Екеуi Күләш Байсейiтова атындағы мектепте бiрге оқыған.
— Бiз Мейрамбек екеуiмiз сол уақыттан берi жақсы қарым-қатынастамыз. Менiң бiлуiмше, ол — Қа­зақстан эстрадасындағы ең талантты ән­шi­лердiң бiрi. Мейрамбек әндi жан-тәнiмен берiлiп айтады. Оның ән айтқаны маған қатты ұнайды. Бақытымызға қарай, Мейрамбек те, мен де уақыт тауып, бiраздан берi армандап жүрген iсiмiздi жүзеге асырып жатырмыз, — дейдi К.Абдуллина.
«Өмiрде солай» әнiнiң сөзiн танымал айтыскер ақын Ринат Зайытов жазған. Ал әнiн жазған — Карина Абдуллинаның өзi.
Айтпақшы, «Караван» газетi: «Мейрамбек Бесбаев «Екi жұлдыз» жобасынан кейiн танымал болды...», — деп жазыпты. Өмiрде солай ма? «Екi жұлдыз» бiзге келмей тұрып-ақ Мейрамбек жұртқа жақсы танымал емес пе едi?! Әй, бiрақ, орыстiлдi «Караван» қазақтiлдi әншiнi қайдан танысын?..
 
«АРМАН ДЕЙТIН АРҒЫМАҚ»
Құрметтi әнсүйер қауым! Тәуелсiз қазақ елiнiң тұғырлы көгiнде, дүбiрлi төрiнде ақбоз ат мiнiп, ән қанатын самғатқан, Қазақстан жастар сыйлығының және «Серпер» сыйлығының иегерi Тамара Асар және халықаралық байқаулардың жеңiмпазы Серiк Сариевтiң «Жорға би» мектебi сiздердi «Арман дейтiн арғымақ» атты ән-би кешiне шақырады. Бұл концертке қазақ эстрадасының тарландары — «МузАРТ» тобы, «Каспий» тобы, Қарақат Әбдiлдина, Мәдина Сәдуақасова, Ақылбек Жеменей, Бекжан Тұрыс, Арман Дүйсенов, Ғадiлбек Шүренбай және тағы басқалар қатысады. Ән-би кешi 14 сәуiр күнi сағат кешкi жетiде Республика сарайында өтедi.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті