1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №90 (16276)   9 қараша, бейсенбі 2017
9 қараша 2017
Мың толғандырған медсақтандырудың пайдасы не?

Соңғы жарты жылда көпшіліктің қызу талқысына түскен тақырыптың бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Дүниенің көптеген елінде тиімділігін көрсеткен бұл жүйені елімізге өкілетті министрлік енгізгенде қандай проблемаларды шешпек болды?
Қазір газет-журнал, телеарна мен радио, әлеуметтік желі, тіпті көшедегі аялдамада ауыр сырқаттарға шалдыққан адамдардың еміне көмек сұрап, халықтан жылу жинаған хабарландырулардан аяқ алып жүре алмаймыз. Әсіресе отандық медицинаның дәрменсіздігінен алысқа ат шалдырып, жанына араша іздеген ағайынның жайы жанға батады. Шекара асқан соң, емнің арзанға түспесі анық. Осының шет-жағасын көргендер мен сарапшылар соңғы кезде медициналық туризмнің шетелде тәп-тәуір табыс көзіне айналғанын айтып та жүр. Сарапшы Алмаз Шарман жуырдағы бір мақаласында Оңтүстік Кореяға барғанын тілге тиек етіпті. «Ұшақтағы жолаушылардың төрттен бірі – ем алуға бара жатқан пациенттер. Жыл сайын ол жаққа ондаған мың отандасымыз барып-қайтады. Олардың әрқайсысы жатын орынға, жүріп-тұруға, ауруханаға жатуға, ота жасатуға кем дегенде 10 мың доллар жұмсайды. «Самсунг» деп аталатын клиникаға қазақстандықтар жыл сайын 20 млн доллар қаржы қалдырып кететін көрінеді», – дейді маман. Кейбір деректерде оңтүстіккореялық клиникалар медициналық туризм есебінен жыл сайын жарты миллиард доллар пайда табады делініп жүр.
Айтуынша, көп жағдайда отандастарымыздың жоғары сапалы көмек алып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. «Бірақ шетелдің медицинасын пір тұтудың қажеті жоқ. Қалай дегенмен де шетелдік пациентті дәрігерлер құшақ жая қарсы ала қоймайды. Олар алдымен өз отандастарына басымдық береді. Ондай жағдайда шетелдікті біліктілігі өзінен төмен әріптестеріне тапсыра салады. Тіпті қызмет ақысын шектен тыс өсіріп айтатын алаяқтық та жиі ұшырасады», – дейді А.Шарман.
Міне, сақтандыруды енгізуге түрткі болған себептердің бірі осы. Медицина саласына бөлінетін қаражатты көбейту, сол арқылы салада бәсеке мен сапаны арттыру болатын. Жалпы, бүгінде үкімет отандастарымыздың алысқа ат арытпай-ақ, елдегі ауруханаларда емделуіне жағдай жасауға күш салып жатыр. Соңғы кезде бой көтерген, соны үлгідегі жоғары технологиялармен жабдықталған клиникалар осының дәлелі. Астанадағы кардиохирургия және нейрохирургия орталықтарында жүрек, өкпе ауыстыру сынды оталар жасалып жатыр. Оның үстіне Қазақстан азаматтарына жасалған қымбат оталардың ақысы мемлекет қалтасынан төленеді.

АЛҒАШҚЫ РЕФОРМА СӘТСІЗ БОЛДЫ МА?
Жалпы, медсақтандыру Қазақстан үшін жаңалық емес. Тұңғыш рет 90-жылдарда енгізілген алғашқы реформаның өзі салаға жаңа леп әкелді. Медицина қазанында қайнаған, бірнеше жыл бойы саланың тұтқасын ұстаған Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, зейнетақы төлеудің өзі мұң болған шақта жинақталған қаражат жабылу алдында тұрған ауруханаларды сақтап қалуға көмектесті. «Сақтандыру жарнасының бір бөлігі емдеу мекемелеріне дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалды. Азаматтарға медициналық көмек көрсетті. Сол кезде біліктілік танытып, ауруханаларын жөндеп, тіпті қондырғылар сатып алған бас дәрігерлерді де білемін. Соның арқасында дәрігерлеріміз білімін жетілдірді, түрлі күрделі операциялар жасауды үйренді», – дейді Ж.Досқалиев.

МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ БОЛДЫ?
Денсаулық сақтау министрлігінің есебіне сүйенсек, сақтандыру туу көрсеткішінің 10 пайыз, өлім-жітімнің 27 пайызға қысқаруына, адамдардың өмір жасының 72 жасқа дейін ұзаруынан туындаған қажеттілік. Себебі мұның бәрі түптеп келгенде медициналық қызметке деген сұранысты арттыратыны сөзсіз. Сонымен қатар жұқпалы емес аурулар, жүрек-қан тамыры жүйесі мен онкологиялық сырқаттар саны да артып барады. Оның үстіне ақша құнсызданып, медициналық қондырғылар мен дәрі-дәрмек бағасы да ушығып тұр. «Медицинаға инновацияларды енгізу үшін қосымша қаржы қажет» дейді сарапшылар.
Министрліктің мәліметінше, соңғы жылдары мемлекет кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінетін қаржыны төрт есе өсірген. Атап айтқанда, бұл пакетке жұмсалатын шығын 2006 жылы 209 млрд теңге болған болса, 2017 жылы 947 млрд теңгеге жетіпті. Бірақ қаржы тапшы. Кепілдендірілген тегін медициналық көмекке 451 миллиард теңге жетіспейді. Дәлірек айтсақ, стационарлық көмекке – 61 млрд, консультативтік-диагностика қызметіне – 51 млрд, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 41,9 млрд, онкология қызметіне 37 млрд теңге жетпейді. Салдарынан азаматтар көптеген қызметтерді сатып алуға мәжбүр. Соңғы кезде қазақстандық пациенттердің қалтасынан шығатын шығын денсаулық саласы бюджетінің 39 пайызына теңескен. Ал кәрі құрлықтың дамыған елдерінде бұл шығын 16,3 пайыз шамасында. Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұны «халықты кедейшілікке ұрындыратын фактор» ретінде қарастырады. Сонымен қатар бұл денсаулық сақтау жүйесінің тұрақсыздығын көрсетсе керек. Ендеше, сақтандыруды медицина саласын қаржыландыру көзі деуге болады.

РЕФОРМАНЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙ-КҮЙІ ҚАЛАЙ?
Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жататын 2,7 млн адамды жүйеге тарту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Өз күнін өзі көріп жүргендер медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалмас үшін денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді 2020 жылға дейін шегеру туралы ұсыныс жасаған болатын. Сарапшы Серік Тәңірбергеновтің айтуынша, алдағы уақытта жоба үкімет пен парламентте жан-жақты талқыланады. Ведомство ұсынысы бойынша жұмыс берушілер жарна төлеуді тоқтатпайды. «Үкімет жұмыс берушіге түсетін салмақты ауырлатпау мақсатында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін төлемдерді қазіргі 5 пайыздан 3,5 пайызға дейін қысқарту туралы шешім қабылдады. Қалған пайыздық мөлшерлеме Медициналық сақтандыру қорына беріледі. Жеке тұлғалар мен жұмыскерлер де 2020 жылға дейін жарна төлеуден босатылады», – дейді С.Тәңірбергенов.
Министрлік ұсынысы бойынша, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар да жарна төлеуге екі жылдан кейін кіріспек. Сонымен қатар оларға міндеттелген жарна мөлшері табыстың 5 пайызынан 1 пайызына дейін төмендеуі тиіс.

ҚОР ҚАЙ БАҒЫТТА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

«Сақтандыру туралы» заң 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген болатын. Заң бойынша шілде айынан бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер сақтандыру жарнасын аударып жатыр. Жүйе іске қосылған шілде айынан бері қорға түскен жарна мөлшері 18,6 млрд теңгеге жетті. Оның 81 пайызы немесе 15,02 млрд теңгесі жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары. Ал қалған 19 пайызы немесе 3,54 млрд теңге жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Түскен қаражат сақтандыру резервін қалыптастыруға жұмсалады. Сонымен қатар мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін тегін қызметтер тоқтатылмайтынын айта кету керек.
Қыркүйекте МСҚ кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен МӘМС шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер емдеу мекемелерінің дерекқорын қалыптастыруға кіріскен болатын. Нәтижесінде дерекқорға 1519 денсаулық сақтау нысаны 2018 жылы халыққа қызмет көрсетуге өтініш берді. Оның 45 пайызы – жекеменшік клиникалар. Қор өкілдерінің айтуынша, сақтандыру жүйесін енгізу екі жылға шегерілген күннің өзінде, МСҚ жұмысын тоқтатпайды. Қор 2018 жылдан бастап медициналық қызметтерді сатып алумен айналысады. Клиникалар конкурс негізінде сұрыпталады. Яғни халыққа білікті көмек көрсете алатын жекеменшік және мемлекеттік клиникалар іріктеледі деген сөз.

ЕМХАНАҒА ТІРКЕЛІҢІЗ
Қазір қор емханаға тіркеу науқанын өткізіп жатыр. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі науқан қыркүйектің 15-інен қарашаның 15-іне дейін жалғасын таппақ. Сол арқылы азаматтар дәрігер, емхана таңдау құқығын пайдалана алады. Жалпы, таңдау құқығы елімізде бұрыннан да бар. Өкінішке қарай, халықтың 10 пайызы ғана осы құқығын пайдаланып жүр. Және тұрғындар мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін қызметтердің 30 пайызын жекеменшік клиникалар көрсететінін біле бермейді. Сондықтан кей жерлерде жекеменшік клиникаларға барып, тегін көрсетілетін қызметтер үшін қалтасынан ақша төлейді екен. Мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсететін клиникалардың тізімін fms.kz сайтынан алуға болады.

Шынар ӘЛЖАНОВА

ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар