1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №90 (16276)   9 қараша, бейсенбі 2017
9 қараша 2017
Әбдірахымовтың аяқталмай қалған тірліктері...

Өткен сейсенбіде қызметінен кеткен Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың орнына осы сейсенбіде жаңа кадр тағайындалды. Осы бір аптаның ішінде ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде жұрт Шымкентке әкім етіп кімдерді «тағайындамады» дейсіз.
Расында да, бұл жолы Шымкентке әкім тағайындауда облыс басшысы Жансейіт Түймебаев жөн-жосықты басқашалау жасады. Әдетте, әкімді босату мен оның орнына жаңа адамды тағайындау бір мезгілде жасалатын. Бұл жолы алдымен Әбдірахымов Астанадан тағайындау алып, Шымкентпен қош айтысып кетті. Жаңа әкім араға бір апта салып барып тағайындалды. Осы бір аптаның ішінде Ж.Түймебаев әкімі жоқ қаланың дамуына қатысты үлкен жиын өткізді. Дәл бір Әбдірахымовтың қызметтен кетуін күтіп отырғандай.
Облыс әкімдігіндегі басқарма басшылары, бірқатар аудан әкімдері қатысқан жиында инвестициялар және даму министрлігіне қарасты құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Шымкент қаласын аумақтық дамытудың өңіраралық жобасын әзірлегені белгілі болды. Осы жобаға қарағанда, 2020 жылға қарай Шымкент агломерациясына жататын аумақта халық саны 1 986 087 адамды, ал 2030 жылы 2 млн 335 мың адамды құрайды деп болжам жасалыпты.
– Енді бұл жобамызды алдағы желтоқсан айында үкіметтің отырысына бекітуге ұсынатын боламыз. Сондықтан «әттеген-ай» дейтіндей мәселелер болмауы тиіс, – деді Жансейіт Түймебаев.
Яғни Шымкент енді жаңа жоба бойынша дамиды деген сөз. Ал бұған дейінгі жасалған жобалар кеткен әкімдермен бірге жылы жабылып қала бере ме?
Енді Шымкенттің тізгінін ұстаған 14-ші әкімге тоқтала кетсек.
Нұрлан Сауранбаев – Тараздың тумасы. Еңбек жолында индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, қорғаныс министрінің орынбасары лауазымдарын атқарған. Соңғы қызметі ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін әзірлеу және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетінің басшысы.
Жаңа әкімді қала активімен Ж.Түймебаевтың өзі әкеліп таныстырды. Жиын бас-аяғы 15 минутқа ғана созылды. Алдымен облыс басшысы Шымкенттің дамуына кері әсер етіп отырған біраз мәселеге тоқталды. Биыл мегаполисте салықтық түсімдердің жоспары 70 миллион теңгеге орындалмай қалған. Мемлекеттік сатып алулар бойынша 10,2 млрд теңгені құрайтын заңбұзушылықтар анықталыпты. Қалада тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта іске қосу немесе олардың бос алаңдарын басқа мақсатқа пайдалану бойынша жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмеген. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны былтырмен салыстырғанда 4,2 пайызға төмендеген. Қаладағы 1811 үйдің 11-і әлі күнге жылуға қосылмаған. «Самал-3», «Құрсай», «Азат-2», «Асар-2», «Тоғыс» тұрғын алаптары, «Ынтымақ-2», «Таскен» мөлтекаудандары тұрғындарын тұрақты, сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттары осы уақытқа дейін әзірленбеген. 2016 жылы пайдалануға берілуге тиісті «Бозарық» жартылай жабық қосалқы станциясы, 1167 үй жаңадан тартылған газ жүйесіне қосылмаған. Қаладағы 25 бағытта 11-15 орындық шағын автобустар қызмет көрсетеді. Жол құрылысы саласы бойынша 13 нысан тапсыру мерзімінен кешіккен. 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткішінің жоспары орындалмаған. «Өрлеу» жобасына қарастырылған қаржының бір бөлігі игерілмеген. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған 1247 адамның 1,1 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Облыстағы жұмыссыз ретінде тіркелгендердің үштен бірі Шымкентте, тағысын тағылар. Яғни жаңа әкімнің атқаратын шаруалары шаш етектен деген сөз.
Жоғарыдағы «әттеген-айлардың» кімнің тұсында орын алғаны айтпаса да түсінікті ғой. Күні кеше атқарған жұмысынан гөрі жарнамасы жер жарған, ақпарат құралдарында «зың әкім» атанып, мақтау мен мадақтаудың астында қалған Әбдірахымовтың орнынан едел-жедел босатылуының себебі де осы ма екен? Қалай десек те, жаңа әкім Нұрлан Сауранбаев қызметіне кірісті. Келген әкім бұл креслодан күні ертең қалай, қандай жағдайда кететінін де осы бастан ойлануы қажет шығар, бәлкім. Әйтеуір, жұрт «зың әкімнің» орнын басқан азамат әкім болып жұмыс істесе» деген ниетте.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар