1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №90 (16276)   9 қараша, бейсенбі 2017
9 қараша 2017
«Мақсат – аналар үйінің санын көбейту емес, проблеманың алдын алу»

Қоғамда қордаланған мәселе көп. Соның бірі – алданған қыздар мәселесі. Үкімет бұл мәселенің алдын алумен шұғылданып келеді әрі осы тарапта ірі әлеуметтік жоба жүргізіп отырған ұйымдармен тығыз жұмыс істеп отыр. Біз сөзге тартқан Алматыдағы бірінші аналар үйінің үйлестірушісі Майра Тұрсынбаева (суретте) шалыс басып, тағдыр тәлкегіне түскен бойжеткендерді паналатып отырған әлеуметтік аналар үйі жобасының жұмысы жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Әңгіме, негізінен, ана мен баланың күйі, құқықтары, әлеуметтік жағынан қорғалмаған осындай топтың тағдыры жайында өрбіді.

Бұл – біздің бастаушы жобамыз, бүкіл Қазақстан бойынша қолға алынып жатқан жаңа әлеуметтік жоба. Қоғамға пайдасы зор, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бағытында жоспарланып, көзделген жоба екені дәлелденген соң ашылды.
Бұл жоба – біздің меценатымыздың өз идеясы. Ол кісі жұбайы екеуі емханаға барғанда дәлізде жылап отырған екі баланы көреді. Оларды дәрігерлер қарамай қойыпты. Сөйтсе, олар жетімдер үйінен шыққан балалар екен. Сол кезден бастап «Неге жетімдердің басқа балалар сияқты құқығы жоқ? Неге елімізде жетімдер көп?» деген сұрақтар төңірегінде ойлана келіп, әлеуметтік проблемаға терең үңілген. Ол кісі жас аналардың проблемасын, сосын кішкентай балалар сәбилер үйіне қалай келеді, жетімдер үйіне түсетін балалардың көбі кімдер, олардың статустары қандай деген сияқты бірқатар сұрақтарға жауап іздей келе, жас аналардың әлеуметтік жағдайының төмендігі мен баратын жерінің жоқтығы және ауылдық жерде өскен жас студент қыздарымыздың аяғы ауыр болып қалып, содан үйіне бара алмай, шарасыздықтан көбі балаларын жетімдер үйіне қалдыратындығына көз жеткізген. Сөйтіп, осы жобаны 2013 жылы мамыр айында Астанада ашқан. Жоба 2013 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Сол жылдың желтоқсан айында екінші үйіміз ашылды. Сосын Алматыдан үшінші үйді ашты. Бүгінде 19 қалада 25 үйіміз бар. Әр үйде 12-17-дей ана тұрады. Осы күнге дейін біз 3000-нан аса ана мен балаға көмек көрсеттік. Ал бүгінгі таңда республикадағы барлық аналар үйінде 300-ден астам ана көмек алып жатыр.
Біз елдегі барлық перзентханалармен, мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс жасаймыз. Сол сияқты бізге учаскелік полиция да көмектеседі. Барлық жерге таныстырылымдар жүргізіп, ақпарат таратамыз. Мақсат – аналар үйінің санын көбейту емес, проблеманың алдын алу. «Жетімсіз Қазақстан!» деген ұранымыз бар. Соған кішкене де болса септігіміз тисін дейміз. Қазір бізді барлық жер біледі, бәрі қол ұшын береді. Әлеуметтік желіде арнаулы парақшамыз бар, баннерлер мен лэд экранға жарнамаларымыз ілінген. Алайда, бір өкініштісі, кейбір үлкен қалаларда әкімдіктер рұқсат бермейді. Аудандық әкімдіктер көмектесіп отыр. Қаладағы сауда орталықтарында, аялдамаларда жарнамаларымыз ілінген.
Тағдыр тәлкегіне ұшырап, баласын бауырына басып жалғыз қалған қыздар, негізінен, бізге перзентханалар арқылы хабарласады. Гинекологтар бізге келуге кеңес береді. Мемлекеттік емханалардың тіркеу бөліміне іліп қойған плакаттарымыз бен жарнамаларымыз бар. Соны көрген қыздар ақырында бізге хабарласады. Сондай-ақ орталығымызда «call center» бар. Сол телефондарға қыздар хабарласып отырады. Күні-түні қоңырау шалса да, хабарласушылардың қоңырауын жауапсыз қалдырмаймыз. Негізінен, отыз жасқа дейінгі құшағында сәбиі бар немесе жүктіліктің соңғы кезеңінде жүрген аналарды қабылдаймыз. Бізде кәмелет жасына толмаған қыздар да бар. Егер отыздан асып бара жатқан әйелдер болса, әлеуметтік статусына қараймыз. Бас қалаға хабарласып, бәрін тексереміз. Бұл қыз, расымен де, біздің көмегімізге зәру деп рұқсат аламыз. Отыз екі, отыз үш жастағы әйелдерді де қабылдайтын кездер болады. Негізі, біздің мекеме отыз жасқа толмаған келіншектерге арналған. Бірақ жылап-еңіреп, баратын жерім жоқ десе, біз оларды далаға тастай алмаймыз ғой. Біздің қоғамда ондай көмек көрсететін орталықтар еш жерде жоқ. Ал бар болған күннің өзінде, шіркеулердің немесе басқа діни ұйымдардың аясында ашылған орталықтар. Кейде қыздарға солардың телефонын береміз. Сол жаққа барады. Кейде бізге екі-үш баласы бар әйелдер де хабарласып жатады. Бірақ біз оларды қабылдай алмаймыз ғой. Бізге кейде 40-тан асқан, бес баласы, тіпті алты-жеті баласы бар аналар да хабарласатын күндер болады. Түннің бір уағында жылап телефон шалады. Сондай жағдайларда жаңағы діни ұйымдар аясында ашылған орталықтарға жібереміз. Әйелдер бізден қандай көмек алады дегенге келсек, бұл қыздар бізге келген күннен бастап жағдайын сұраймыз, расымен де, біздің көмекке зәру ме, зәру емес пе деген сияқты тексерулер өткізіледі. Бұл қыз қайдан келді, оны ешкім іздеп жүрген жоқ па деп учаскелік полицияға береміз. Мүмкін, ата-анасы жоғалтып алған шығар? Соның бәрін тексереміз. Үйге келгеннен кейін үй тәртібімен танысады. Бұл үйде тұратын аналармен психолог мамандар жұмыс істейді. Біздің алдымызға қойған бірінші мақсат – қыздарды ауыр психологиялық жағдайдан шығару, кішкентай нәрестесін қасында қалдыру, шаранасынан бас тартпауға көндіру, жетімдер үйіне жібермеу және өмірге бейімделіп кетуіне көмектесу. Оқу орындарында оқитын болса көмектесеміз. Мысалы, оқу орнынан академиялық демалыс алдыруға, оқуынан шығып кетсе жалғастыруға, қыздардың өздерінің келісімі бойынша баланың әкесін сот арқылы растап, алимент өндіріп алуға көмектесеміз. Бір қуанарлығы, бізге келген қыздардың 40-45 пайызы балаларының әкесіне тұрмысқа шығып жатады. Ал кейбір басқа азаматтар баланы өз баласындай бауырына басып, қызды сәбиімен алып кетеді. Қалғандарын өзінің әке-шешесіне жібереміз. Біздің орталықтан шыққаннан кейін де баласына, өзіне қалай қарап жүргенін біліп отыру үшін оларды қадағалап отырамыз.
Бізге келген қыздарда босану алдындағы, босанғаннан кейінгі депрессия бар ма? Ондай күйзеліс болған күннің өзінде, қандай тереңдікте немесе қандай дәрежеде? Бұл қызға ем керек пе, ары қарай онымен жұмыс істеу қажет пе? Осындай жағдайлардың бәрін психологтар жіті тексереді. Психологтар әр қызбен қалай жұмыс жасау керек екенін айтып отырады. Уақыт өте келе аналардың көңілдері көтеріліп, баласына бауыр басып қалады.
Мақсатымыз – қыздарымызды аяққа тұрғызу, өмірге көзқарасын өзгерту, өзі жалғыз емес екенін түсіндіру. Бала тек қана өзіне керек, біреу үшін емес. Өмірдің қиыншылығын көрмей жатып сағын сындырмай, бәрі өздерінің қолдарында екенін түсіндіру. Бұл жерде оларды жұмысқа тұрғызуға да қол ұшын береміз. Жұмыс орындарына да жарнамалар өткіземіз. Алматы қаласы бойынша адамдар келіп, жұмыс ұсынып жатады. Осы үйде тұрған қыздар маникюр, педикюр, аспаздық курстарын оқып, сертификат алып шығады. Біздің өзіміздің де тігін цехымыз бар. Ол жерде ісмерлік шеберліктерін дамытады. Ол біз үшін емес, өздері үшін керек. Қыздардың өздерімен-өздері қайғырып отыруларына уақыттары жоқ. Балаларына қарайды. Бір сөзбен айтқанда, еңбекпен оңалтуды қолға алғанбыз. Біздің өз тәртібіміз бар. Телефон ұстатпаймыз, белгілі бір уақыт аралығында ғана теледидар қосуға болады.
Қазақ гуманитарлық заң университетімен былтыр келісімшартқа отырып, біраз қызға грант бөлдіріп, сол оқу орнында оқытып шығардық. Оқу қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша жүргізіледі. Аналар үйінде тұрған қыздардың студент болып, жоғары білім алсам деген армандары орындалып жатыр.
Басқа да оқу орындарынан бір немесе екі орын беріліп жатады. Солардың бәрін біз пайдаланамыз. Олар тегін оқиды. Қазір қыздарымыз алғыстарын жаудырып, «үйде болғанда қайтіп оқуға түсер едік?» деп жатады. Қазіргі уақытта Алматыда төрт үй бар. Осы төрт үйде үш үйлестіруші бар. Алматы қаласы бойынша үйлестіруші Амина Сейфоллақызы, үшінші үйдің үйлестірушісі Элизавета Бекұзаққызы, ал өзім бірінші үйдің үйлестірушісімін. Бәріміздің жұмысымыз бір. Үнемі бір-бірімізбен байланысып отырамыз. Себебі бәріміздің айналысатын шаруамыз ортақ.

Аналар үйіне, өкінішке қарай, өзіміздің қазақ қыздары көп келеді. Бұл жерде 70-80 пайызы қазақтың қыздары десем жаңылыспаймын. Мұнда Оңтүстік Қазақстан облысының қыздары өте көп. Барлық қалада бір мәселе: Семейде де осы проблемаға душар болып аналар үйіне келгендер оңтүстіктің қыздары. Біздегі қыздардың көбі Шымкент пен Қызылордадан келгендер. Негізінен, қазақтар шоғырланған, салт-дәстүрін, діні мен ділін мықты ұстанған қазақи ауылдарымыздың қыздары осындай проблемаға душар болады. Бізді «неге осы қыздар?» деген сұрақ мазалайды.
Бұл жерде бәрі, негізі, тәрбиеге байланысты. «Қызды қырық үйден тыю, қала берсе, қара күңнен тыю» дейді ғой. Кезінде мектеп қабырғасында жүргенде бізде «қыздар жиналысы» деген болатын. Ашық сөйлесетін, ұл мен қыздың арасында болатын қарым-қатынастарды түсіндіріп, толықтай жеткізетін. Қазіргі кезде сондай сабақтардың жоқтығы шығар, жүктіліктің қалай болып қалатындығын білмегеннен деп ойлаймын. Негізгі проблема біздің қоғамның бұл мәселені жабық тақырып деп есептейтіндіктен болып отыр. Қыздар өз аналарымен сырласпайды. Ал жүкті болып қалды делік. Неге қыздар бала тастайды дегенге келер болсақ, бұл әлеуметтік теңсіздіктен шығады. Көп жағдайда біздің азаматтарымыздың да жауапкершілігі өте аз. Өздерінің істеген жұмыстарына жауап бере алмайды. Бұрын әкенің көзқарасынан-ақ именіп отыратын болса, ал қазір отбасында әкенің қадір-қасиеті төмендеген. Неге десеңіз, барлық жерде басшылар әйелдер. Отбасында да сондай жағдай.
«Балама тиіспе, ұрыспа!» Егер қыз бен жігіт кездессе, «ол сенің теңің емес» дейді. Ал әкенің сөзі өтпейді. Осындай қыздар неге үйлеріне бара алмайды дегенге келер болсақ, «Аяғың ауыр болып қалдың ба, көзімізге көрінбе!» Шешесі айтады: «Сенің бұл қылығың үшін әкең өлтіреді». Әкелері «енді сендей қызымыз жоқ, көзіңді жоғалт» дейді. Қыз байғұс далада қалды деген сол емес пе?! Не үйіне бара алмайды, не жұмысқа кіре алмайды, оқуға да жағдайы болмай, тұратын жері жоқ, тура мағынасында бұлар «далада қалған аналар». Ішін тартып жасырғанмен, ол бәрібір әшкере болады. Ешкімнен қолдау көрмеген қыздар, әрине, баласын көшеге, қоқысқа тастайды.
Біздің аналар үйі ашықтыққа құрылған. Меценаттарымыз қыздардың тұратын жерін, тамақтары мен киім-кешектерін және тұрмыстық заттары мен балаға қажетті заттардың бәрімен қамтамасыз етіп отыр.
Аналар үйіне келген әр қыздың ата-анасымен де жұмыс жасаймыз. Өйткені бұл кімнің қызы, қандай отбасында тәрбие алғанын анықтаймыз. Психологтармен жұмыс істеу арқылы қыздардың өздерінен «баланың әкесін табамыз ба, әлде ана-анаңмен сөйлесеміз бе?» деп сұраймыз. Ата-аналары «баланы таста» деп айтады. Сосын өзіміз ол кісілерге хабарласамыз. Бірінші хабарласқанда, әрине, ұрыс естиміз. «Сендердің шатақтарың не?! Ол әлі жас, оқуы керек» дейді. Екінші рет қоңырау шаламыз. «Баланы тастамасаңдар сендерді сотқа берем» дегенге көшеді. Ал үшіншісінде біз «Өз балаңыздан туған шарананы қалай дәтіңіз барып жетімдер үйіне өткізбекшісіз? Қалай бас тартпақшысыз?! Алладан қорықпайсыз ба?! Балаңыздың баласы аш жатқанда қызыңызға қалай тамақ бересіз, өз тамағыңыздан қалай ас өтпек?! Сәбидің көз жасының ауыр болатынын білмейсіздер ме?!» дегенді айтамыз. Сосын олар ойланып қалады. Содан кейін қыздан туған-туыстарының арасында ата-анасына кімнің сөзі өтімді, беделі жоғары екенін сұраймыз. Мүмкін, үлкен ағасы немесе енесі дегендей... Сосын ол кісілерге хабарласып, қыздың әке-шешесімен сөйлесуін сұраймыз. Ол кісілер қыздың әке-шешесімен сөйлеседі. Біз де шама-шарқымызша әрекеттенеміз. Содан кейін бізге келіп, жиендерін құшақтарына алып, қыздарынан кешірім сұрап, «бұл жерде бір минут та сендерді қалдырмаймыз» деп алып кетіп жатқан ата-аналар болды. Ондай жағдайлар бізде көп. Мысалы, алдыңғы жылы бір жас жұп хабарласып: «Есентай mall-дың» алдында жаңбырлы күні бір жас қыз сәбиін құшақтап жылап отыр. Сол жас қызды алып келейік деп едік. Өз-өзіне қол салмақшы», – деді. Шынында, ол қыз бәріне дайын еді. Баласын құшақтаған күйі көпірден секіріп, өмірлерін қимақшы болған. Содан олар қызды алып келді. Ол қызбен психологтар да жұмыс жасады. Біз оны құшақтап жылы сөз айтқанымызда, ол жан даусымен айқайлап жылады. Әбден жылап, шері тарқағаннан кейін ғана ашылып, сөйлей бастады. Сөйтсек, босанғанша ішін байлап, жұмыс істеп, бүкіл ақшасын әке-шешесіне жіберіп отырған. Ол бір қалталы азаматтың үйінде үй қызметшісі болып жұмыс істеген екен. Толғақ басталып, перзентханаға барғанға дейін қасындағы адамдар қыздың аяғы ауыр екенін білмеген. Өйткені ішін таңып тастап, білдірмей жүрген. Содан босанғасын жұмыс беруші оны баласымен бірге жұмысқа ала алмайтындықтарын, оның орнына басқа адам алғандарын айтады. Баласын құшақтап үйіне де бара алмайды. Сәбиі бар жас әйелді ешкім жұмысқа алмайды. «Перзентханадан неге шығарып жібердіңіздер?» – деп дәрігерлерге хабарласқанымызда, төменде жақындары күтіп тұрғанын айтып кетіп қалған екен. Ол өзі №2 перзентханада босанған. Содан жаяу жүріп, «Есентай mall-дың» жанына дейін барыпты. Ол жерден бізге келіп түсті. Кейіннен ол қызымызбен жұмыс жасадық. Жұмысқа тұрды. Баласы ширады. Кейін баласын құшақтап, «Айналайын, мен сенсіз қалай өмір сүрем? Осындай қамқор үйлер болмаса, біздің жағдайымыз қалай болар еді?» – деп жылады. Бізде тұрғанда ол қыздың жалғыз ойы әке-шешесіне ақша жіберу болатын. Бірақ бұл қыздың өзі бұрын бір қиындық көрген бе екен, үнемі әке-шешесіне көмектесуді ғана ойлайтын. Әкесі қатал адам, ал анасы «балаңды алдыр, балаңмен үйге келме» деп айтқан екен. Басында ата-анасына білдірмей ақшасын беріп жүрді. Кейіннен біз «Бұлай болмайды. Сөйлесуіміз керек. Сен неге өзің үшін, балаң үшін өмір сүрмейсің? Жиендері бар екенін неге айтпайсың?» дедік. «Апай, сіз менің ата-анамды білмейсіз ғой. Олар мен тұрмақ, баламды да көрмей кетеді. Ал менің шешеме жаным ашиды», – деді. Сөйлестік. Олар бізді де талай сыбады. Қызын да жерден алып жерге салды. Кейіннен ол кісілер келді. Анасы келгесін қызын шапалақпен екі ұрды. Маған да «баяғыда баласын тастап кететін еді, неге тастатпадыңдар, керегі жоқ» деді. Ол кісілерге сөзі өтетін Алматыда бір туыстары бар екен. Ол кісіні де шақырып қойғанбыз. Ол кісі келіп, айтарын айтты. Немересін әкеліп көрсеттік. Сонымен, жылап-сықтаған шешесі осында отырып әкесіне хабарласты. Әкесі сонау Қызылордадан келетінін айтты. Сөйтіп, қызды туған-туыстарымен жібердік. Ертесінде әкесі келді. Әкесі бір сөзге де келместен қызының бетінен сүйді де, «болды, үйге кетеміз» деді. Ол қызбен әлі күнге хабарласып тұрамыз. Қазір Шымкенттегі үлкен бір мекемеде аспаз болып істейді. Баласын балабақшаға орналастырыпты. Әкесі немересін құшақтап, мойнына отырғызып түскен түрлі суреттерін бізге жіберіп отырады. Біз бақытты болып кеткен осындай қыздарға сырттай қуанып отырамыз.
Қыздар бұл жерде бұрын бір жыл ғана тұра алатын. Қазір тұру уақытын алты айға қысқарттық. Себебі олар дайын асқа тік қасық болмай, өз беттерінше күн көруді үйренулері керек. Бұрын бір жыл тұрғанда қыздар босаңсып кететін. Себебі үй-жай, тамақтары бар. Ал қазір жарты жылдың ішінде оқуын оқып, жұмысқа тұрып, уақытты тиімді пайдаланып қалуға тырысады.
Өкінішке қарай, «баланың әкесін іздегім келмейді, білгім де, көргім де келмейді» дейтін қыздар бар. Ол азаматтардың кейбірі отбасылы адамдар. Өз отбасы бола тұра, жас қызды жүкті қылып қояды. Бір қыздың тағдырын ойран еткенімен қоймай, оны алиментке сүйреп, ұйып отырған өз отбасын құрту біздің міндетіміз емес. Мұны қыздарымызға да түсіндіріп айтамыз. Біз жалғыз-жарым қызбен жұмыс істемейміз. Олар бұл жерде барлығы бірге курстардан өтеді. Жұмыс істейді. Топ болып осы жерден кетеді. Сосын бірігіп пәтер жалдап тұрады. Бірі жұмысқа кеткенде, бір-бірінің баласын қарап септеседі. Сөйтіп, бір-біріне көмектеседі. Бізде ондай қыздар өте көп. Тіпті ондайлардың арасында банкте бас маман болып отырғандар да бар. Қазір ешкімнен кем емес. Пәтер жалдайды, көліктері бар. Бізден кеткеннен кейін өз беттерінше өмір сүріп кетеді. Оларды қадағалап отырамыз. Бізге қонаққа келіп тұрады. Осы жердегі қыздарға ақыл-кеңестерін береді. Әлеуметтік желінің жаман жағы ғана емес, пайдалы жақтары да болатындығын айтады. Интернет арқылы пайда табу көздерін айтады. Өз жарнамаңды қалай жасау керектігін де үйретіп кетеді.
Қыздар босанғаннан кейін қырқын өткізу салтын сақтаймыз. Оларға жұмыс істеткізбейміз, жылы киіндіріп, сорпалаймыз. Шамамыз келгенше бесікке салу, қырқын өткізу, тұсау кесу сияқты дәстүрімізге сай салт-жоралғылардың бәрін жасаймыз. Бұл шараларымыздың бәріне қонақтар шақырамыз. Ол кісілермен дипломатиялық қарым-қатынас ұстаймыз. Мүмкін, ол кісілердің бірі қыздарымызға жақсы жұмыс ұсынар, бірі болмаса бірі баспанамен қамтамасыз етер деген ниет қой. Бізбен еріктілер жақсы жұмыс істейді. Сән салондары келеді. Олар ай сайын бір гранттан бөліп отырады. Келіншектер 200 мың, 300 мың теңгенің сертификатын тегін ала алады.
Аналар үйінің өз медбикесі бар. Бұдан бөлек, тұрғылықты жеріне байланысты учаскелік емханаға барып тіркеліп, мемлекеттік медициналық көмек алады. Мемлекеттік емханалар біздің қыздарымызды олардың балаларымен міндетті түрде тіркеуге алады. Барлық көмектерін көрсетіп, тіпті үйімізге келіп, әр баланы бақылап тұрады. Босанатын әйелдер үшін гинеколог мамандар шақырып, босануға дайындық жүргізеді. Толғақ кезінде қорықпау керектігін, өз-өзіңді қалай ұстау қажет екенін айтып, босанғанға дейін қандай жаттығулар жасау керектігін түсіндіреді. Дәрі-дәрмектер де жеткілікті. Біздің меценаттар қыздарды жатақхана сияқты үлкен мекемеге тұрғызбай, кішігірім коттедждерде неге тұрғызады десеңіз, бұл олар өздерін үйдегідей сезінсін деген ниеттен туындаған шешім. Мұнда он қыз болса, он түрлі тағдыр бар. Олардың әрқайсысына жеке-жеке көзқараспен қарау керек. Ешкімді бөліп жармаймыз. Ұйымшылдыққа, жанжалдасудың арты жақсылыққа әкелмейтініне үйретеміз. Бәрі тағдырлас болғаннан кейін, әпкелі-сіңлілі болып тұрыңдар дейміз. Бір дастарқаннан ас ішіп, бір шатырды бөлісіп отырған адамдар туыс емей кім?!
Бізге көмектесетін еріктілер өте көп. Олардың арасында бір келіп қана кететіндері бар. Біздің есігіміз бәріне ашық. Біреу келсе, ол барып басқа адамдарға айтады ғой. Еріктілер бізге акциялар ұйымдастырып береді, жәрмеңкелер ұйымдастыруға көмектеседі. Қыздардың өздерінің қолынан шыққан заттарды жәрмеңкеде сатады. Сосын олар өз орталарында мэйк ап, визаж сабақтарын өткізуге көмектеседі. Көбінесе еріктілер әңгімелесу, қарым-қатынас жасасу жағынан ғана қол ұшын тигізеді. Компьютерлік сауат ашуға көмектеседі, түйіндеме жазысады. Бірақ қаржылық көмек алып отырғанымыз жоқ. Себебі аналар үйі ақшалай көмекке мұқтаж емес. Біз өзіміз де оларға ондай көмекке мұқтаж емеспіз деп айтамыз. Қаражаты да, тамақтары да жеткілікті. Ал құзырлы органдарымыз құжаттары жоқ имигранттар, Қазақстан азаматы емес, қолында бірде-бір құжаты жоқ аналарымызбен тығыз байланыста жүріп, құжаттарын жасап беруге көмектеседі. Мемлекеттік органдар біз үшін ашық. Қыздарымызды жетектеп өзіміз алып жүреміз. Олар үйлерінде болған күннің өзінде, бұл процестен өздері өтулері керек қой. Денсаулық сақтау басқармасымен арада меморандумымыз бар. Ол жерде де барлығы тегін. Дәрігерлер тіпті өмірлік маңызы бар өте қымбат оталарды тегін жасап берді. Жасалған көмектің барлығы көзге ілінбей қалмайды. Бәрі есепке кіргізіліп, ақпаратқа алынып отырады. Ал үлкен бизнесмендерден қаражаттай көмек алмаймыз. Егер ол өз қалауымен қаражат бергісі келсе, онда ол ақша бір үйге ғана емес, бүкіл 19 қаладағы аналар үйінің барлығына бірдей бөлінеді де, шешілмей тұрған мәселелерге жұмсалады.
Қазіргі қоғамда қыздарды түрлі қиындықтардан сақтандыратын, түсіндірме жұмыстары өте төмен. Мемлекет бұл мәселені қолға алуы керек. Себебі бұл – солқылдап тұрған, аузы ашылмай тұрған жара. Қоғамның өзі жасырғысы келгенімен, бәрібір шығып жатыр. Қоғам болып мектеп қабырғасында жоғары сынып оқушыларына жыныстық қатынас мәселесін арнайы пән ретінде оқытпаса да, тәрбие жұмысы ретінде өткізсе, қадағаласа дейміз. Болған іс болып, бояуы сіңгесін өкінбеу үшін мұны ертерек қолға алып, жастардың әлеуметтік жағдайына көмектессе дейміз.
Аналар үйіне кәмелеттік жасқа толмаған қыз балалар да келеді. 14-15 жастағы қыздар өзі бала бола тұра босанды. Қарап отырсаңыз, бізге екі бала тәрбиелеуге тура келеді. Өзінің балалығы кетпей жатып одан қандай ана шығады? Мұнда кезде мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жұмыс жасаймыз. Тек қана аналар үйі емес, ол жерде қорғаншылық және қамқоршылық қызметін жүзеге асыратын орган, әкімшіліктер, балалардың құқығын қорғау департаменттері, өзге де мемлекеттік мекемелер келіп, ұжым болып қызға көмектеседі. Біз бәрін қамтып отырамыз.
Себебі ол қыз назардан тыс қалмауы керек. Өйткені екі баланы тәрбиелеу оңай емес. Олар, әрине, мектеп қабырғасындағы қыздар ғой. Сондықтан бұл іске білім басқармасы да аттестат алу, кешкі мектепке ауысу жағынан қол ұшын созады. Кәмелет жасына толмаған қыздарға ерекше қараймыз. Олар кәмелет жасына толғанша үйлестірушілер өздеріне жауапкершілік алып, оларға жауапты болады.
Кәмелет жасына толмаған қыздардың көбі жетімдер немесе жартылай жетім, яғни әкесі жоқ, анасы барлар. Қарап отырсаңыз, жағдай қайталанып отыр – жетім өскендердің баласы тастандылардың санын көбейтіп жатыр.
Наурыз мейрамы мен балалар мерекесін тұрақты өткіземіз. Қыздар Мұхтар Әуезов театрына күнде барып тұрады. Театр бізге шақыру билеттерін тегін береді. Әркім өз шаруасын өзі істейді. Ешкім ешкімге міндетті емес деген ұстанымдамыз. Олар жалғыз болған кезде де өмір сүруге дайын болулары керек. Біздің алақандай жеріміз бар. Мұны да пайдалана білуіміз қажет. Өздері бақшаларын егіп, алған өнімдеріне қуанып жүреді. Сәнді киімдерін де өздері тігіп алады. Қыздарымыз тоқымамен де айналысып жатыр. Өз тамақтарын пісіріп ішеді. Бұл жерде бәрі үйдегідей. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлделер де алып жатамыз. Мұның бәрі олардың өмірге деген құштарлықтарын арттыру үшін жасалып жатқан жұмыстар ғой.

Дайындаған Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар