1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №89 ()16275) 7 қараша, сейсенбі 2017
7 қараша 2017
«Қытайдағы 2 миллион қазақтан тірідей айырылу қаупі туып тұр»

Ықылым заманнан бері «аспанда Құдай, аспанның астында Қытай» деген түсінікпен өмір сүріп келе жатқан көрші елдегі қандастарымызға Қытай билігінің қысым көрсетіп, қуғын-сүргінге ұшыратып жатқаны бұған дейін айтылып, ақпарат құралдарында жарияланған-ды. Әзірге Қазақстанның ресми билігі бұл туралы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Ал ресми Қытай бұған не айтады? Дәл осы сауал жуырда Астанада өткен «Заманауи Қытай: сұрақтар мен жауаптар» атты жиында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Хэньхуэйге қойылды.
«Қытай өзінің сыртқы саясатын жүргізгенде гегемонизм жолымен жүрмейді және басқа елдің ішкі жағдайына араласпайды. Біздің мақсатымыз бір: ол – адамзаттың ортақ тағдыры қоғамдастығын құру», – деді елші. Оның айтуынша, Қытай компартиясының XIX съезін өткізер алдында Шыңжаң автономиясында бақылау күшейіп, қатаң шаралар көрілген. Бұл тек қазақтарға ғана емес, басқа да ұлттарға қолданылған.
– Кейбір қызметкерлердің асыра сілтегені рас шығар, біз бұл бойынша Бейжіңге, Шыңжаң автономиялық ауданына хабар бердік, өйткені ондағы жоғары лауазымды шенеуніктер бұл жағдайды білмеген. Біз бір ұлтты көтермелеп, бір ұлтты төмендетпейміз. Егер осындай жағдай болса, сіздер маған айтыңыздар. Ал енді Қытай төлқұжатын алған өз азаматтарымызға қатысты болса, бұл – Қытайдың ішкі шаруасы. Қателессек те бұл біздің ішкі ісіміз. Мұндай кезде рақметімізді айтамыз, қателікті түзейміз. Бірақ ішкі мәселеге араласуға болмайды, – деді елші.
Біз Қытай елшісінің осы сөзінен кейін Қытайда қысымға ұшыраған қазақтардың мәселесімен айналысып жүрген белсенді Қыдырәлі ОРАЗҰЛЫМЕН хабарласып, пікір сұраған едік.
– Қыдырәлі Оразұлы, Қытай елшісінің сөзінен не ой түйдіңіз? Шыңжаңда болып жатқан жағдайға Қытайдың ресми билігі тарапынан бір жанашырлық аңғарыла ма?
– Елші Шыңжаңдағы жағдайды құрылтайдың (Қытай коммунистік партиясының съезі – ред.) алды-артындағы сақтық шараларымен байланыстырып, «зардап шегіп жатқандар болса бізге өтінішпен келсін, бұл іске өзім араласамын» деді. Елші қалыптасқан жағдайды Қытайдың ішкі мәселесі дегенді де айтты. Алайда күйеуі Қытай азаматтығын, әйелі Қазақстан азаматтығын алған ерлі-зайыптылар кездеседі. Ұлы Қазақстанда, әке-шешесі Қытайда тұратындар да бар. Қазір өзінің қуғын-сүргін көрген жақын туысының тағдырына араша түсіп, арыз жазып жатқандар көп. Алдағы аптада осы арыздарды елші Чжан Хэньхуэйге табыс ететін боламыз.
– Қытай қазақтары арасында қалыптасқан жағдай туралы өзіңіз не айтасыз?
– Мен өзім Қытайда туып-өстім. Қазақстанға 2001 жылы келгенмін. Осы уақытқа дейін Қытай билігінің басқа ұлттарды тұқырту саясатын осылайша жүйелі, мақсатты түрде жүргізгенін естіген емеспін. Бәрі соңғы бір жылдың көлемінде орындалып жатыр. Алдымен Қытай билігі қазақтардың, басқа ұлттардың төлқұжаттарын жинап алды. Тек қазақтарға ғана қолданылып жатқан шаралар бар. Қазақстанға барған, сондағы туыстарымен сөйлескені үшін көп қандастарымыз ұсталды. Ал Қазақстанда жүрген қытайлармен сөйлескен қытайларға ондай қуғын жоқ. Қытай заңы бойынша, зейнет жасындағы адам шетел азаматтығын алса, онда оның зейнетақысын төлеу тоқтамайды. Дүниенің әр түкпіріне кеткен қытайлар осы уақытқа дейін зейнетақысынан айырылған жоқ. Ал Қазақстанға кеткен қазақтарға зейнетақы төлеу тоқтатылды. Міне, осы айтылған шаралар жалпыға бірдей емес, тек қазақтарға ғана қолданылып жатқан ерекше тыйым болып тұр.
– Қазақтарды қысымға алу соңғы бір жылда жүргізіліп жатыр дедіңіз. Қытайдың табан астынан теріс мінез танытуының себебі не?
– Осыдан бір жыл бұрын Шыңжаң ауданына Чэнь Цюаньго деген азамат басшылыққа келді. Ол бұған дейін Тибетті бес жыл басқарып, сол жақтағы халықты тыныштандыруда көп тәжірибе жинаған. Оны Шыңжаңға әкелудегі мақсат белгілі. Осындағы ұлттарды да қойдан жуас қыламыз деген жоспар ғой. Алайда мынандай өркениетті заманда Қытайдың бұл әрекеті үлкен қателік.
Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан арасында сауда айналымы жақсарды. Екі арадағы сауданың көрігін қыздырып жатқан қазақтар. Оралмандар, осы жақтағы туыстарына келіп-кетіп жүрген қарға тамырлы қазақтар. Бұған дейін Қазақстаннан Қытайға 100-ге дейін автобус қатынайтын еді. Қазір бірі де жоқ. Келетін азаматтар ұсталып жатыр. Тіпті сөйлескендерді де қысымға алады. Яғни екі арада қалыптасқан жағдайдан Қытайдың экономикасы ұтып жатқан жоқ, ұтылуда.
Автономиясы бар халықтың өз тілінде сөйлеуіне, өз тілінде жазуына құқығы бар. Қазір Қытай бәрін айырып тастады. Таза қазақ мектептерінің бәрін жауып тастаған. Қостілді мектеп болғанымен, білім берудің 95 пайызы қытайша. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті ғана қазақ тілінде өтеді. Қытайдың заңында шекарадан емін-еркін кіріп-шығу деген құқық бар. Кез келген азамат, егер ол борышкер немесе жаза өтеу мерзімі аяқталмаған сотталған адам болмаса, шекарадан емін-еркін өте алады. Ал қазір шетелге айдаладағы малшы да, қаладағы қарапайым қызметкер де шыға алмайды. Себебі төлқұжаттарын алып қойған.
– Ұсталып, түрмеге жабылғандардың тағдырынан не хабарыңыз бар? Қытай құқық қорғау органдары оларға қандай айып тағып отыр?
– «Қазақстанға көп барған, Қазақстанмен көп сөйлескен». Тағылған айыптың дені осындай. «Бекболат Тілеуханмен бірге суретке түскені үшін жиырма қазақ ұсталды» деген хабар алдық. «Белгілі боксшы Қанат Исламның туған жерінен 50 қазақ қамалыпты» деген ақпаратты жақында естідік. Олар Қанат Исламның бокс кешін теледидардан, интернеттен тамашалағаны үшін ұсталғанға ұқсайды. Ұсталғандардың арасында балаларын Қазақстанда оқытқан ата-аналар, осындағы туыстарымен сөйлескендер де көп. Қытайда «саяси үйренім» деген орталық бар. Мұны ашық түрме десек те болады. Осы орталыққа қазақтарды жүздеп алып барып, бір айдан бір жылға дейін ұстайды. Орталықта саяси тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Қытай Қазақстанды қауіпті деген 26 мемлекеттің тізіміне енгізген көрінеді. Тағылған айыбы сол – «сендер Қытай үшін қауіпті елге бардыңдар, сол елдің азаматтарымен сөйлестіңдер» дегенге саяды. Қазір екі арада сөйлесу, хат-хабар алмасу тоқтады. Тіпті уатсап жүйесін телефонына жүктегендер де қудаланып жатыр. Әкесінің түрмеге қамалғанын ұлы айта алмайды. Айтса ұсталады. Сондықтан жергілікті қазақтар ақпарат бере алмайтын дәрежеге жетті. Біз өзіміз кімдердің ұсталғанын шетел сайттарынан біліп отырмыз. Ал сол ұсталғандардың туыстарымен байланыссақ, «бәрі жақсы» дегеннен асып ештеңе айта алмайды. Өйткені айтуға қорқады.
Қытай билігі төрт дінді мемлекеттік ретінде мойындайды. Өкімет ислам діні университеттерін, мешіттер ашқызған. Дін істері жөніндегі мекемесі де бар. Азаматтарды молдалыққа оқытады. Қазір сол оқытқан молдаларын қамап жатыр. Алды «өз-өзіне қол салып» қайтыс болып жатқанға ұқсайды. Тілден, діннен айырылған қазақ қайда барады? Мектептердегі оқушылар қазақша сөйлей алмайтын дәрежеге жетіп жатыр, бәрі қытайша шүлдірлейді. Ұрпағына қазақша білім бергісі келгендер ұл-қыздарын Қазақстанға оқуға жіберуге мәжбүр. Ал Қытай билігі оларды кері шақырып, келмеген жағдайда әке-шешелерін түрмеге қамап жатыр.
– Бұл мәселенің саяси астарына үңіліп көрсек. Қытай қазақтардан, басқа да мұсылман халықтардан неге қауіптенеді? Терроризмнен бе?
– Қытай билігі халықаралық терроризмді желеу етіп отыр. Осы уақытқа дейін Қытайға Қазақстан жағынан ешқандай террорлық қауіп төнген емес. Бұл тіпті қисынға келмейді. Қытайдағы қазақтар негізінен Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында тұрады. Егер ертең соғыс туа қалса, ішкі тұрақсыздық күшеюі мүмкін. Осындай аласапыран кезде қазақтар Қазақстанға қосылып кетуі мүмкін деген күдік. Қырымның Ресейге қосылуы сияқты қауіп. Қытайлар осының алдын алу үшін қазақтарды қытайландыру саясатын күштеп жүргізуде. 2020 жылдан бастап төлқұжатта азаматтың ұлты жазылмайды екен деген ақпаратты естіп жатырмыз. Тек «қытайлық» деп жазылатын көрінеді. Бұл дегеніңіз – Қытайдағы 2 миллион қазақтан тірідей айырылу деген сөз. Өйткені олар өздерінің қазақ екендіктерін құжат жүзінде дәлелдей алмайды, қазақ екендігін дәлелдей алмаса, Қазақстанға оралмен ретінде келе алмайды. Тілі қазақша сайрап тұрса да, қазақ деп мойындалмауы мүмкін. Бұл үлкен қасірет.
P.S. Астанада осы жазда өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында қауымдастық төрағасы, Қазақстан президенті Н.Назарбаев «Қытайда қысым көріп жатқан қазақтар мәселесін бұрын білмегенін, енді бақылауына алатынын» айтқан болатын. Жақында Астанада сыртқы істер министрлігінің өкілдері Қытайда қысымға ұшырағандардың Қазақстандағы туыстарынан арыз-шағым қабылдады. Қазақстан ресми билігінің атқарып жатқан бар тірлігі әзірге осы болып тұр.
 

Дайындаған Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (9)
манас | 7 қараша 2017 20:50
атамыз не біледі сонда,өз еліміздегі Жаңаөзенде жалақысын жоқтап жеті ай алаңда тұрғандарды білмейді,ал шетелде қысым көріп жатқан қандастарымыз туралы білмейді.не ешкім айтпайды,жанар-жағар май,отын-су,азық-түліктің бағасы шарықтап өсіп жатыр,пароқорлық пен жемқорлық дегенің өршіп тұр,сонда не біледі,не істеп отыр,шаршаса дем алу керек қой жасы келген адам.Осының бәрін тау қуысында мал бағып жүрген малшы да біледі,қарап отырып таң қаласың.
Қайым Шалқарұлы | 8 қараша 2017 05:18
Егер қытай "бұл біздің ішкі саяматымыз" десе оған араша түсу өте қыйын. Тарихта мұндай жағдайларда (бетін әрі қылсын) соғысқа барып тірелген. Тек дүние жүзі адамзат құқығын қорғау органдары бар болса солар ғана шешуі мүмкін. Басқа шара жоқ. Қазақстан билігі ештеңе істей алмайды.
Арман | 8 қараша 2017 09:34
Сұмдық, бұл Қытай өзінше Қазақтарды қытайластыруда Тибетке жасаған зұлым саясатын қолданайын деген екен. Менше бұл мәселеге Қазақстан үкіметі араласа алады, себебі Елбасы қазір Қазақтың мұддесі тіпті біржақтағы Сиртя мəселесіне де араласып, тараптарды келісмөзге бірнеше рет шақырды. Сондықтан бұл Қытайдың ішкі ісіне араласу емес, əлемдік адам құқықтарын сақтау аясында Қазақстан өз Қазағын қорғай алады деп ойлаймын.
Мына жігіт көп мәселелерді ашық түрде жақсы айтыпты, Ақыл- жастан деген осы бола
Мөлдір | 8 қараша 2017 09:50
Оңбаған Қытайлар бізбен доспыз, көршіміз деп тұрып, Қазақстанды "қауыпты мемлекет" -деп көрсетуі бұл нағыз "арамдық, арамза достық" ғой.
Өздері осы арамдығымен қазір жан-жағындағы мемлекеттердің бəрімен жауласып бітті, Жапония, Филипин, Аустралия Оңтүстік Корея бəрімен араз, енді тек қана Қазақстан ғана қалды, сондықтан да алар Қазақстанға барынша мүдделі, барлық мұнай, газды тек бізден алып жатыр, Қазақстан арқылы Еуропаға жол салып жатыр, бұл жол арқылы қу Қытай Еуропа базарын жауламақшы.
Балнұр | 8 қараша 2017 21:32
Қазақтың қазаққа жаны ашымаса кімнің жаны ашымақ. Ғаламтор желісінен Қытайдағы қазақтар жайлы көріп,өз құқығынан шектеліп, өз дінін ұстай алмай, өз тілінде сөйлей алмай, қытайдан қысым көріп,намазы қытай табанының астында қалып, мәжбүрліктен отбасы торғайдай тозғанын естігенде ет жүрегің езіліп, қабырғаң қайысып кетеді екен. Елбасымыз 2млн қазақтың жан айқайына бей жай қарамас деген үміттемін.
Самат | 9 қараша 2017 01:48
Мәссаған, 2020 жылдан соң ондағы қазақтарды Қытай деп жазама? Бұл нағыз нацистік, фашистік əрекет қой, бұл Қытай ССР сияқты ыдырап құрып жоғалацын деген екен. Өлетін бала бейітке қашады.
Ералаш қабыл | 9 қараша 2017 05:17
Қытай билігі елді заңмен саясатпен басқарып отыр , олардың заңы керек кезде халыққа күш көрсететін қаруға айналады , уйғурды терарис деп , қазақты қос жүрек деп Қазақстан мен Қытай ортасында зорлықты түрде бірін таңдауғакушесе , өзінің улттық салт санасымен жүруге мумкундык бермесе , ана тылын муттырса оқй алмаса .. т.б оиына келгенын істеп халықты қарашаның асынан алып урейдың ортасында устаса, букыл район беине бір сақшылық орган бірін біріне аңдытып қоиса , қазақ халы не болмақ !!!
сержан | 9 қараша 2017 10:03
Қазақстанды кім басынбай жатыр? Оңтүстікті толықтай өзбек алды,бүкіл Түркістан,Шымкент өзбекке толық айналды.Енді Қытай ашық түрде жаулап жатыр! Мемлекет деңгейінде шешілетін мәселені билік батыл түрде шеше алмай отыр,шешуге шамалары да жетпейді! Қолдарынан келіп отырғаны тектеледидардан бітпейтін ән бағдарламасын беру! Бұрын арақпен алдаса енді әнмен есімізді жиғызбай жатыр. Ең көп келімсек Атырауда,бірақ олар көшеде даурығып сөйлей алмайды,неге десеңіз жергілікті халықтан сескеніп амалсыз сыйл
Ерсін | 9 қараша 2017 10:11
Қытайларға қазақтарды Қазақ еліне келтірмеу үшін біреулердің әрекеті ме деймін.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар