Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің екінші жобасы жақында ғана көпшілікке таныстырылды. Бұл жобаны президент те, көпшілік те қолдағандай болды. Бірақ апостроф белгісі тым көп, атақты математик бауырымыз Асқар Жұмаділов оны азайту мақсатында не істеу керектігі жөнінде біраз ойларын ортаға салған екен. Бірақ клавиатурада қазақтың төл дыбыстарын білдіретін ә, ө, ү, ғ таңбаларын қалай орналастыруға болатынын бұл саланың мамандары айтпай отыр. Олар, жалпы, бұл мәселе жөнінде күні бүгінге дейін жұмған аузын ашқан жоқ. Асқар мырза клавиатурадағы тыныс белгілерін білдіретін біраз символдарды алып тастап, орнына ә, ө, ү, ғ таңбаларын орнатса болар еді дейді. Олай етсек, бірдеңе жазып отырып тағы да шрифт ауыстырып біраз әуре боламыз, сонда біздің жылдамдығымыз баяулап қалмай ма?!
Мысалы, екінші жобамен шығармашылықтағыларымызға деген сөзді жазсақ, былай болады: s’yg’armas’ylyqtag’ylarymyzg’a, бес апостроф қолданамыз. Біздің жобамызбен жазсақ: cyfarmacylyqtafylarymyzfa деп апострофсыз жаза аламыз. Әзірше осы саланың мамандары төл дыбыстарымызды таңбалаудың жолын тапқанша, апострофтарды азайту жолын іздестірейік.
Біздің жобамызда қазақтың төл дыбыстарын белгілеу үшін апостроф Ә-ні, Ө-ні, Ү-ні және Ң-ды белгілеу үшін төрт-ақ рет қолданылады. Апострофты азайту үшін басшылыққа ұсынылған екінші жобаға біраз өзгеріс енгізу керек. Атап айтқанда, Ғғ дыбысын латынның Ff таңбасымен, Йй мен Ии-ді латынның Jj таңбасымен, Шш-ны латынның Cc таңбасымен, ал Уу-ды латынның Vv таңбасымен белгілесе жетіп жатыр. Ал қазақта жоқ Фф-ны Ph диграфымен, Жж-ны латынның Xx таңбасымен белгілейміз. Бізде жоқ Вв дыбысын латынның Ww таңбасымен жазамыз. Сонда біздің әліпбиіміз клавиатураға түгел сыйып кетеді. Бір-ақ таңба қосылады, ол – апостроф, сонда барлығы 27 таңба ғана болады. Біздің ойымызша, негізгі мақсат – латын графикасындағы бірде-бір таңбаны қалдырмай, өз алфавитімізді жасап алу.
Jj таңбасына байланысты біраз азамат бізге шүйлігуі мүмкін. Өйткені авторлардың бәрі халықаралық практикада бұл таңбаны Жж дыбысын белгілеу үшін қолданылады дейді. Ал біз, қазақтар, халықаралық әліпби жасап жатқан жоқпыз ғой. Ең алдымен басқаны емес, өзімізді ойлайық, ағайын!
Әлмағамбет ТӨРЕХАНОВ, қазақ және неміс тілдерінің маманы,
аудармашы