1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №88 (16274) 2 қараша, бейсенбі 2017
2 қараша 2017
Субсидия малға емес, малшыға берілсе

Еліміздегі жайылым, бос жатқан жерлер мәселесі жыл сайын көтеріледі, бірақ содан оң нәтиже шығып жатқаны шамалы. Жақында ғана мәжіліс депутаттары осы мәселені тағы да талқыға салды. «Елімізде 186 миллион гектар жайылым бар. Соның 100 миллионы игерілмегенкүйі бос жатыр. Сол жерлер әлі картада көрсетілген жоқ. Үкімет өзіне жүктелген міндетін атқармай отыр. Яғни инфрақұрылымы салынбаған, құдыққазылмаған. Ал ауылдардың айналасындағы жерді қожайындары не өздері пайдаланбайды, не өзгеге бермейді. Бұл мәселені шешпей, ауылшаруашылығын дамыту еш мүмкін емес», – деді мәжіліс депутаты ЖексенбайДүйсебаев.
Әрине, бір қарағандабұл миллиондаған гектарлардың иесі жоқ, ұшы-қиыры жоқ жазық дала деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Бірақ шын мәнінде сол жерлерге малыңызды шұбыртып, көшіп бара қалыңызшы, иесі табыла кететініне еш күмәнім жоқ. Олардың да үкімет қашан жол салады, қашан құдық қазады деп дайын асқа тік қасық салуды асықпай күтіп жатқандары анық. Меніңше, осынау миллиондаған гектарларды мал мен малшы ғана игереді. Яғни бұл дегеніміз мал басын көбейтуге таптырмас мүмкіндік.
Негізі, малшы мамандығын кешегі Совет Одағы кезінде қатты дәріптеп жазды ғой. Ол кезде «аға шопан» деген екінің бірі қолы жете бермейтін қызмет саналатын. Ал қазір бізде малшыларға деген көзқарас дұрыс емес. Бұл, бәлкім, қазір қойды кім көрінген бағатындықтан қалыптасқан шығар. Қазір қойды кім бағады? Жасыратыны жоқ, қазір малды көбінесе жұмыс таппай сенделіп, амал жоқ, бір үзім нан табу үшін келгендер, түрмеден шыққандар, ішімдікке құмар, үй-жайы, тұрғылықты мекені жоқ қаңғыбас жандар бағады. Осыдан барып ел ішінде мал ұрлығы да көп.
Қанша жамандасақ та, баяғы Совет Одағы кезінде малшыларды арнайы дайындайтын. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың еңбек жолын, озық тәжірибесін насихаттау үшін кезінде «Жазылбек мектебі» деген де ұйымдастырылған. Ал 1977 жылы Нұртай Айдаров деген қаламгер Жазекеңнің еңбек жолы туралы «Жазылбек мектебі» атты кітап жазыпты. Кітапханалардан сұрастырып жүріп әрең таптық. Осы кітапты оқығанда мал бағу деген атқа мініп, қойды айдалаға айдап жіберіп, анда-санда қайырып қойып, кешке қарай қораға қамай салу емес екенін ұғасың. Қой бағудың қыры да, сыры да көп. Жазекең жарықтық қойдың су ішкеніне, қандай шөп жегеніне қарап малдың не қалап тұрғанын, қойдың қорадағы жатысына, қимылына қарап алдағы ауа райының қандай болатынын болжай береді екен. Содан болар, Жазылбек Қуанышбаевты дала академигі, малшылардың маршалы деп атаған.
Шынында, баяғының қойшылары өздері әрі малшы, әрі мал дәрігері болатын. Күн сайын малды айдалаға қуып жіберіп, кешке қарай шұбыртып айдап келе салмай, әрбір малдың жүрген-тұрғанынан, су ішіп, жайылғанынан-ақ оның ауру-сау екенін байқап, соған қарай күтім жасаған.
Осыдан кейін қазір де сол тәжірибені іске асыру керек деп ойлаймын. Яғни баяғыдай малшылар дайындайтын курстарды ұйымдастырып, оған мейлінше жастарды қабылдап, мал бағудың қыр-сырын үйретіп, қолдарына арнайы сертификат беріп, отарларға жолдамамен жіберу қажет. Жас отбасы болса, әйел-баласына сүт сауатын техникаларды игеру, осы салаға қатысты басқа да кәсіптерді үйрену жағын қамтамасыз ету керек. Әрине, жаздың ыстығында, қыстың суығында мал бағу, күтім жасау оңай шаруа емес. Көп адамдар шыдай алмайды. Сосын бұл кәсіптің жалақысы тым аз. Мал қожайындары қойшыларға болмайтын тиын-тебен төлеуге тырысады. Сондықтан үкімет тарапынан мал басына беріліп жатқан субсидияны сол қойшыға беру керек деп ойлаймын. Мысалы, сертификаты бар бір қойшыға банктен арнайы есепшот ашып, ай сайын 100-150 мың теңге аударып тұрсыншы, сенделіп бос жүрген жастардың көбісі мал бағуға барар еді.
Мал өсіру – бизнес әрі табыс көзі. Америка, Австралия және Англия сияқты өркениетті мемлекеттер оны өсіріп, экспортқа шығарудан орасан зор табыс тауып келеді. Австралияда 1 миллиардтан астам қой бар. Онда қой өсіру дұрыс жолға қойылған. Мал сырты қоршалған, арнайы шөп егілген жайылымдарда ұсталады. Бұл мемлекет те еті мен жүнін экспорттап, үлкен табысқа кенеліп отыр. Басқа да мемлекеттерде бұл шаруа компьютермен басқарылады, барлық жұмыс автоматтандырылған. Оларда мал бағатын адамдар тапшы деген проблема жоқ.
Жер шарында 3000-нан астам мамандық бар екен. Әлбетте, оңай жұмыс жоқ. Солардың арасында ең қиыны – осы мал өсіру. Кеңестік кезеңде Қазақстан алып империяның шикізат базасы болды. Еліміз ол кезде негізінен егін және мал шаруашылығымен шұғылданды. Осында өндірілген егін және мал өнімдері пойыздармен Ресейге жөнелтіліп жатты. Алайда Кеңес өкіметінің басшылары мал өсірудің азапты, зейнетінен бейнеті көп екенін жақсы білді. Ол кезде, шынында, малшыларға үлкен әлеуметтік жағдай жасалды. Сондықтан да ол кезде ең бақуатты өмір сүретін малшылар болатын. Озат шопандарға жылдың қорытындысында көп адамның қолы жете бермейтін жеңіл автомашина сыйлайтын. Колхоз-совхоздар олардың қалауына қарай үлкен үй салып беретін. Алатын жалақылары да тәуір еді. Мақтау-марапаттың барлығы соларда болатын. Талас ауданында 56 азаматқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілуі осы сөзіміздің айқын айғағы.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері экономикамыз біртіндеп өрге басып келеді. Қазақстан – аграрлық әлеуеті зор ел. Ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болуы керек деген міндет те қойылды. Біз ауыл шаруашылығын дамытумен ғана өркениет көшіне ілесе аламыз. Кең-байтақ қазақ жерінде мал шаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Кейінгі кезде шетелдіктер Қазақстанда өндірілетін азық-түлік тауарларына үлкен қызығушылық танытуда. Бұл орынды да. Бізде шөптің 1000-нан астам алуан түрі өседі. Даламыздың ауасы мен суы таза, шөбі шүйгін. Экологиялық жағынан таза өнімге көрші мемлекеттерден сұраныс көбейіп келеді. Мал басы да үздіксіз өсуде. Облысымызда қой басы 3 миллионға жеткен. Ірі қара, жылқы және түйеде де үлкен өсім бар. Егер біз осыларды ұқсата білсек, өңдеп экспортқа шығарсақ, табысымыз молая түсетіні айтпаса да түсінікті. Бұл, әлбетте, әуелі халқымыздың бақуатты тұрмыс кешуі үшін қажет.
Әрине, далада да, қалада да төрт түлікті баққысы келетін жөні түзу азаматтар жоқ емес. Олар шалғайдағы жайылымдарға барып осы кәсіппен айналысайын десе, балаларын ойлайды. Бұрын малшылардың балалары арнайы мектеп-интернатта оқитын. Олардың ата-аналары алаңсыз күй кешетін. Қазір ол да жоқ. Сондықтан да көп адам мал бағуға ыңғай таныта бермейді. Демек, жайылымға жақын жерлердегі елді мекендерден малшылардың балаларына арнап интернат ашу керек.
«Тұйықтан да шығатын жол бар» деген қанатты сөз бар. Мемлекетіміз ауыл шаруашылығы саласын өркендету үшін үлкен қаржылай демеу көрсетіп жатыр. Қайбір жылдары мүлдем құлдырап кеткен жемісті көбейту үшін алма бағын өсірушілерге қомақты субсидия берілді. Қызылша өсірушілерге де осындай жағдай жасалуда. Шаруа қожалықтары иелеріне мал өсіріп, өнімін өткізгені үшін субсидиялар берілуде. Қазір көптеген шаруа қожалықтарының жағдайы жаман емес. Сондықтан тағы да айтамын, субсидияны тікелей мал бағушыға беру керек. Ол мәселе жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асуы тиіс. Еңбегі бағаланбағаннан кейін, жасаған жұмысы үшін жарытып жалақы алмаса ондай жұмыста кім тұрақтап қалады? Демек, біз де кеңестік кезеңдегі ескі дәстүрді қайта жаңғыртуымыз қажет. Әуелі малшылардың жағдайын жасау керек. Оларға жайлы өмір сүру үшін үй салып беру керек. Жалақысы жоғары жұмысқа кім ұмтылмайды? Біз бүгінде мал шаруашылығында қордаланып қалған осынау үлкен проблеманы осылай ғана шеше аламыз.
Еуропадағы Бельгия мемлекеті 30 мың шаршы километрде отырып, өзінің 11 миллион халқын асырап отыр. Демек, еліміз, оның ішінде облысымызда малшыларға жағдай жасаудың кешенді бағдарламасы жасалып, жүзеге асырылуы тиіс. Бағдарламада оларды оқыту, тәжірибе алмасу мәселелері де қағыс қалмауы қажет. Бұл мәселені енді ұзын арқау, кең тұсауға салып кешіктіре беруге болмайды. Көптеген шаруа қожалықтары басшыларының малшы жоқ деп еңірегенде етектері жасқа толады. Алайда оларға жағдай жасау керектігі алдынан шыққанда, кежегесі кейін тартады.
Сөйтіп, біз оларды жағдай жасалмағандықтан тұрақтандыра алмай отырмыз. Барлық нәрсе салыстыру арқылы бағаланады. Көршілес Өзбекстан мемлекетінің 6 миллионнан астам азаматы Ресейде жұмыс істеп жүр екен. Қазақстанға 2 миллионға жуық өзбек көктемде келіп, қар түскенге дейін еңбек етеді. Олар отбасынан, үй-жайдан жетіскенінен безіп жүрген жоқ. Нәпақа табу үшін барлық ауыр жұмыстарға төзуде. Ол үшін жетісіп тұрған жалақы да алмайды. Егер біз малшыларға жағдай жасасақ, ежелден мал баққан елміз ғой, жастар бұл салаға көптеп келер еді. Мұның өзі еліміздегі жұмыссыздықты азайтуға да игі әсерін тигізері сөзсіз.
 

Жұмасейіт НҰРБАЕВ, « Байелі» шаруа қожалығының жетекшісі
Жамбыл облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Бақыт Шу | 3 қараша 2017 19:31
Өте мықты идея көке, депудаттар оқып бұл мәселені шешеді деген ниеттемін.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар