1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №87 (16273) 1 қараша, сәрсенбі 2017
1 қараша 2017
Қатарыңнан қалма!

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қазақ жазуын өзіне лайықты әріптеріне ауыстыру мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Жақтағандармен қоса, қарсы болғандар да жеткілікті болды. Кириллицаны сақтау мен латын әрпіне көшіру қажеттілігін көтерген дәйектер көптеп келтірілді. Бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттерінде орын алған осы пікірталастың азды-көпті тұтас, мәдени, тарихи және лингвистикалық ерекшеліктері бар еді. Бірақ біз өмір сүріп жатқан уақыт, дүниежүзі мен Қазақстанда болған елеулі өзгерістер осы мәселенің тобықтай түйінін шығарады. Қазақ қоғамы өз әліпбиін тұңғыш рет ауыстырайын деп тұрған жоқ. Бұл туралы президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында толық түсіндіріп кеткен. Бағдарламалық мақалада Қазақстан қоғамын жаңартудың біріне-бірі ұқсас емес терең мазмұнды аспектілері қамтылған. Бірақ Қазақстан басшысы мақаласының басты және айқындаушы өзегі – бұл тұтас Қазақстан қоғамын жаңғырту, ескірген, ілгері қозғалысқа кедергі жасайтын дәстүрлер мен шарттылықтардан арылу.
«Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын. Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», – деді президент Н.Назарбаев. Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, өткен ғасырдың 1929-40 жылдары еліміз латын жазуын тарих сахнасында жаңғыртты. Ғасырлар бойы және 1929 жылдың тамызына дейін Қазақстан аумағында араб жазуы кең қолданылып келгені белгілі. 1929 жылдан бастап КСРО ОАК және КСРО ХКК қаулысымен латын әріптерінің негізінде құрастырылған «ортақ түркі әліпбиі» енгізілді. Ортақ әліпбиді Әзірбайжан (Кавказ), Татарстан, Башқұртстан (қазіргі Еділ (Волга) Орталық Азияның барлық республикалары пайдаланды. 1930-40 жылдары ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Нәзір Төреқұл латын әліпбиіне көшу қажеттілігінің туындағанын дәлелдеп берген. Алаш зиялылары құрастырған латын әліпбиімен қайтадан қауышу заманның талабы сияқты көрінген болатын. Алаш арыстарының бұл идеясы тарих сахнасында бірнеше жыл ғана іс атқарып, кейін 1940 жылы орыс кириллицасына ауысқан. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері қазақ зиялылары, осы Алаш арыстарының орындалмай қалған армандарын іске асыруды қолға алды.
Президент «қазақ тілін латын әрпіне көшіру – бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам» деді. Мемлекет басшысы латын жазуына көшудің терең тарихи қисыны бар деген болатын. Олар: қазіргі технологиялық ортаның, қазіргі дүниежүзіндегі коммуникацияның, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білімнің ерекшеліктері деп жазды. Айтқандай, латын графикасының технологиялық аспектіде, білім мен ғылым саласында, мәдени индустрияда жаппай басымдығына қазіргі таңда ешкім күмән келтірмейді. Қазір латын жазуы жалғыз христиан дінінің католиктік дәстүрімен, жалпы, батыс өркениетімен ғана байланысты емес, әлем елдері оны прогресс пен ілгері дамудың шарты деп бағалайды. Қайнары тарих қатпарларында жатқан дәстүрлі жазу жүйесі бар Қытай мен Үндістан, Жапония мен Оңтүстік Корея мемлекеттері өз технологиялық және экономикалық салаларын дамыту үшін латын жазуын жаппай қолдануға мәжбүр. Араб әлемі де бүгін құжаттарды рәсімдеуде, қаржы операциялары кезінде латын графикасын еш кемістік санамастан қатар пайдаланып келеді.
Латын жазуының маңызы Қазақстанда әсіресе сауатсыздықты жою ісінде артты, ісқағаздары латын жазуымен жүргізілді, көпданалы көркем шығармалар латын таңбасымен жарық көрді. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов және т.б. жазушылардың ХХ ғасырдың 30-жылдарында шығарылған еңбектері латын әрпімен басылды. Алайда сталинизм мен орталықтанған биліктің күшеюі салдарынан Ұлы Отан соғысы алдында кириллицаға өту туралы шешім қабылданды. Мысалы, менің әкем Ғелман хатты латын қарпімен жазушы еді, ал анамыз араб әліпбиіндегі төте жазуын қолданатын.
КСРО ыдырап, Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа кіруіне орай, латын жазуына көшу мәселесінің өзектілігі жаңа серпін алды. Мәселені Қазақстан қоғамы да, дипломатиялық корпус та, кәсіпкерлер де талай қозғады. Бүгінгі еліміздің саяси, экономикалық, ғылымилық, халықаралық маңызы бар мәселелер тоғысында ғаламтор мен ұялы байланыстың жазармандары мен пайдаланушылары көбейген тұста интернет желісін пайдаланушылардың латын тіліне қажеттілігі артпаса кемімейтіні анық. Екіншіден, бұл идея түркітілдес халықтарды біріктірудің басты көзқарасы болып табылады.
2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев латын қарпіне көшу қажеттілігін айтып, ол қоғам тарапынан қолдау тапты. Сол бір жылдары бұл мәселе шешуін тапқандай жаршы жаңалықтарға ұласып, кейіннен сүрлеуін таба алмай үнсіз кетті. Содан бері мемлекет басшысының тапсырмасы туралы көп айтылды, бірақ нақты іс жасалмаған еді. Тек жеке бір ғалымдар қазіргі қазақ тілінде бейімделген жаңа әліпбиді жасауға әрекеттенген.
Сондықтан барша қазақстандықтардың пікірін ескере келіп, Н.Назарбаев 2012 жылдың желтоқсанында өзінің жыл сайынғы жолдауында 2025 жылдан бастап «әліпбиді латын жазуына көшіруді бастау» керектігін атап өтті.
Осы идеядан кейін мемлекет бұл жұмысты қайта бастады, бір жағынан, оның маңыздылығы мен көкейкестілігі, екінші жағынан, алдыңғы жұмыс нәтижесіне қанағаттанбаушылығы туралы айтқан. Сондықтан айналадағы жағдай, әлемдік даму үдерісі тез өзгермелі және бұл мәселеде жылдам, сәйкес шараларды талап етеді.
Қазақ әліпбиін латынға ауыстыру барысында азаматтардың ашуын тудыратын асығыс қадамдар болмайтынын бірден атап өткім келеді. Бұл мән мәтінінде ақын Олжас Сүлейменов атап өткен «латын мен кириллица арасындағы күрес бүкіләлемдік сипатқа ие» деген ойымен келісу қиын. Бұл күрес қайда кең таралып отырғаны мүлде белгісіз. Алайда Еуропаның поляк, чех, словак, словен, хорват т.б. көптеген славян халықтары көп ғасырлар бойы латын әліпбиін қолдануда және одан қандай да бір қарама-қайшылық тауып отырмағанын атап өтеміз. Одан әрі Ресей мен Украинада орыс және украин тілдерін латын әліпбиіне ауыстыруға пікірталастар қайта-қайта туындайды. Грузия және Армения елдерінің ғалымдарымен біз латын графикасы бойынша хат жазысамыз.
Қыпшақ тіліндегі (қазақ тілі қыпшақ тілдік топқа жатады) көптеген сөздер латыннан шыққан. Мәселен, «ф» (философия, факт), «п» (проект, постулат) әріптері бар сөздер қыпшақтардың тұрмысына латын графикасымен жазатын халықтардың лексиконынан кірген. Мысал үшін латын әріптерін қолданып қыпшақ тілінде жазылған ортағасырлық «Кодекс куманикус» жазба ескерткішін қарау жеткілікті. Осындай көптеген мысалдар келтіруге болады.
Қазіргі Қазақстанда латын әліпбиімен бірге кириллица көптеген уақыт қатар қолданылатын болады. Кезінде кириллицада миллиондаған данамен ғылыми кітаптар, көркем шығармалар жасалған. Бұл біздің үлкен байлығымыз. Әлбетте, ешкім де мұндай мұрадан бас тартпайды.
Қазақстанда, сондай-ақ Орталық Азия, Кавказ республикаларында діни орындарда араб графикасы қолданылады. Бұл өте орынды және қалыпты дәстүр. Арабтың өрме жазуын кеңестік кезеңде біздің алғашқы буын қолданған. Сондықтан да әртүрлі әліпбилердің қатар өмір сүруі бір-бірін толықтыра түседі.
Жоғарыда атап өткеніміздей, кирилл әліпбиімен басылған кітаптар біздің игілігіміз және біз оны қолданатын боламыз. Бұл сұрақта 1920 жылдары латын әліпбиіне өткен Түркия тәжірибесі маңызды көрініс болып табылады. Олар араб графикасы негізінде жарияланған көпғасырлық османдық ғылыми және әдеби мұраларын жоғалтпады.
Қазіргі кезеңдегі компьютерлендіру, бағдарламалық қамтамасыз ету деңгейі, техникалық мүмкіндіктер ірі көлемді мәтіндерді лезде транслитерациялауға мүмкіндік береді. Бір тілден екінші тілге аудару үйреншікті дүниеге айналғанын интернет қолданатын адамдар жақсы біледі.
1990 жылдары Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан елдеріне ұлттық әліпбиін латынға ауыстыру неғұрлым қиын болған еді. Ал осы жағдайда Қазақстан неғұрлым тиімді жағдайда болып табылады. Мысалы, заманауи IT-технологиялар 1990 жылдарға қарағанда әліпбиді аудару, басқа да жұмыстарды анағұрлым арзанға жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен бірге қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыруды жүргізетін қаржылық шығындар тіл реформасын тежемеуі керек. Латын әліпбиіне өту – уақыт талабы. Ол халықаралық аренада Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен субъектілігін айтарлықтай нығайтады. Біздің өзіндік бай тарихи және халықаралық тәжірибеміз бар, сондықтан біздің міндет – өзгеше соншалықты ауқымды реформадан әдеттегі қателіктер, келеңсіз үрдістерден құтылу үшін бай тәжірибемізді сауатты пайдалану.
Президент үндеу арнаған зиялы қауым өкілдері еңбек ететін біздің Мемлекет тарихы институтының ғалымдары өздерінің негізгі зерттеу жұмыстарымен қатар, қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру жұмыстарын назардан тыс қалдырған емес. Мысалы, институт қабырғасында атқарылған іс-шараларды атайтын болсақ, «Латын әліпбиіне көшу тәжірибесі: кейбір мәселелері мен келешегі» атты дөңгелек үстел өткізді. Келелі кеңеске ғалымдар, қазақ тіл білімінің мамандары, жоғары және орта білім беру мекемелерінде еңбек етіп жүрген тарихшылар мен ғылыми қызметкерлер қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарына институт ғалымдары үнемі мақалалар жариялап және телеарналарға сұхбаттар беріп отырады. Ресми порталдарда өз көзқарастарымызбен бөлістік. Атауын латын тілінде жазып, фейсбук парақшасын аштық, бүгінгі күні онда мыңдаған оқырман тіркеліп отыр. Ал жақын арада институт ішінде латын әліпбиін үйрену курсын ашатын ойымыз бар.
Қарапайым адамның өмірінде жақсы өзгеріс болу үшін, ол ішкі мақсатты ұмтыластары арқылы қоғамдық өзгерістерге бейімделе, қабілеттілік таныту керектігі жасырын емес. Қазақта оны «қатарыңнан қалма» дейді. Ал қазіргі жаһандық сын-қатерлер аясында ел-жұрттың бәсекеге қабілеттілігі шарттылық болып тұр. Сондықтан да қатардан қалмау үшін, ең алдымен, рухани жаңғыру талқылауға жатпайтын мәселеге айналуда. Ел боламын десек, оған мойынсұну керек. Оның ұтымды тұсы – өткен тарихи тәжірибелер мен ұлттық салт-дәстүрлердің жаңғыруы, яғни өркендеудің берік діңгегі. Екінші, еңбектенуді қажет ететін тұсы – сол өткеннің озық тәжірибелерін ала отырып, заман талабына сай түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялармен қарулану. Бәсекеге қабілетті болу. Бұған тек жеке бастың және мемлекеттік жауапкершілік қажет.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы әлемде өзге елдермен қатар, терезесі тең тәуелсіз мемлекет. Еліміз өзіндік «Қазақстан жолымен» қарыштап дамуда. Алда талай асулар мен белестер тұр. Оны бағындыру тек рухы күшті, тарихи зердесі нық, жасампаз елдің ғана қолынан келеді.
Жалпы, қорытындылай айтқанда, ұлттық бірегейлікті сақтау арқылы қазақ халқы өзге өркениеттер тегеурініне төтеп береді және біртұтас ұлт ретінде сақталады. Ол үшін қазақ тіліне, ұлттық салт-дәстүріне, материалдық және рухани мұраларға дұрыс мән беріп, оларға құрметпен қарау қажет. Елдің болашағы – жастар, оларға дұрыс ұлттық тәрбие беру керек. Жас ұрпақтың тарихи танымы күшті болса, ұлттық рухы да жоғары болады. Сонда ғана ұлттық «МЕН» деген ұғым толық қалыптасады. Ал ондай ұлттың жастары кез келген жаһандық сын-қатерлерге бой алдырмай, өзінің ұлттық мүддесін қорғап шығатындығы анық. Мені қуантатыны, жас ұрпақ латын әліпбиін тез меңгеріп, интернет саласында еркін пайдалануда.
Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруде қиындықтар болмайды деп айта алмаймыз, бірақ әлем елдерімен терезесі тең, рухани күші біріккен, түркі әлемін өркендету үшін енжарлыққа салынып, қол қусырып отыруға болмайды. Ұлттық тілі жоғары деңгейдегі елдер де ғылыми жұмыстар және байланыс құралдарын пайдалануға ыңғайлы болуы үшін латын жазуын екінші тіл деңгейіне көтеруде. Ендеше, латын графикасының жобасын бәріміз де ел болып, еншімізге жаза отырып, мегажоба ретінде ұлттық деңгейге көтеру қажет.
 

Бүркітбай АЯҒАН, профессор, тарих ғылымының докторы, Мемлекет тарихы институтының директоры

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар