1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №87 (16273) 1 қараша, сәрсенбі 2017
1 қараша 2017
Қазақ тілі қашанғы қорлана бермек?

Түркия азаматы Оғыз Доған мен Air Astana әуе компаниясы арасындағы қазақ тіліне қатысты шыққан даудан уақытында барша жұрт хабардар болып, ел ішінде қызу талқыға түскені мәлім. Бұл мәселеде қоғамдық пікір екіге жарылып, бір тобы қазақ тілін қорғаса, енді бір тобы компанияның әрекетін дұрыс деп тапқан еді. Cөйткен дау ақыр аяғы сотқа жеткен. Сотқа жазған талап арызында Оғыз Доған былай дейді: «Үстіміздегі жылдың 14 тамызында Аcтана-Алматы бағытында қатынайтын КС 954 әуе кемесінің рейсінде, қызмет көрсетуші «Эйр Астана» әуе компаниясы қызметкерлері тарапынан маған қатысты орын алған құқық бұзушылық фактілері бойынша, сотқа осы талап арызбен жолданып отырмын. Аталмыш рейсте мен бар болғаны Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұрағаным үшін компания қызметкерлері тарапынан дөрекілікке ұласқан қарсылыққа тап болдым.
Бортқа мінген кезден, қонуға таяған сәтке дейін маған қызмет көрсеткен бортсеріктер тек қана орыс тілінде сөйлеп, менің оларға бірнеше мәрте қазақ тілінде қызмет көрсету туралы ескертулер жасауыма тура келді. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанған болатын, яғни бортсеріктер құрамы менің қазақ тілінде қызмет көрсету туралы талабымды ұшу барысында толықтай естіп-білді. Соған қарамастан, ұшақ қонуға таяған сәтте менің қасыма славяннәсілді, кейін белгілі болғандай, Екатерина есімді бортсерік келіп, орыс тілінде әлдебір сөздерді айта бастады, мен оған қайталап қазақ тілінде түсіндіруін сұрасам да, ол кісі тек орыс тілінде сөйлеуін жалғастыра берді. Ол бортсерік тарапынан маған тұтынушы ретінде ыңғайсыздық тудырғаны үшін қысылу, ұялу сезімі болған жоқ, керісінше, даусын көтеріп ұрсып, зекіп сөйледі. Осыған дейін ұйқыда отырған көптеген жолаушылар бұл жағдайға алаңдай бастады. Екатерина және басқа да бортсеріктер жолаушыларға мен туралы орысша бірдеңелерді айтып түсіндіріп жатты. Мен ол сөздердің мағынасын түсіне алмайтын болғасын әрі болып жатқан жайтты бекіту мақсатында өз ұялы телефоным арқылы түсіре бастадым. Сол шағын бейнебаянда Екатерина есімді бортсеріктің маған орыс тілінде ұрсып-сөйлеп жатқаны анық көрінеді.
Артынан «Эйр Астана» әуе компаниясы қызметкерлерінің шағымымен маған қатысты үстелшені көтеруден бас тартқаным үшін әкімшілік өндіріс қозғалды. Ол бойынша айыппұлды төледім».
Желідегі қалың бұқара сол уақта қырықпышақ болған осынау оқиғаның ұзын-ырғасы осындай. Қазақ тілінің мәселесі ширек ғасырдан бері шешілмей келе жатқанын және де ол әліпби ауыстырғанмен де шешіле қалмасын ішіміз сезгендіктен, біз тіліміздің аянышты халінің бір парасы осы оқиғаға қайта айналып соғуды жөн көрдік. Сөйтіп, Оғыз Доғанның адвокаты Абзал Құспанға хабарластық.

Абзал ҚҰСПАН, адвокат:
– Бұған дейінгі сот отырысы «сотқа дейінгі дауды реттеу» мәселесі қарастырылмаған деп істі қайтарды. Бірақ біз бұл тәртіпті сақтадық. Бұл жерде мынандай нәрсе бар, жалпы, мұндай қоғамдық даулы істерді судьялар қараудан қашады. Осыдан келіп бір іс үш судьяның қарауына жіберіліп, оның екеуі түрлі сылтаулармен істі қараудан бас тартты. Үшінші судьяға келгенде ғана іс жүрді. Бірақ бұл судьяға істен қашудың сылтауын қарсы тарап тауып берді, яғни «талап арыз беруші тарап бізбен сотқа дейінгі дауды реттеу мәселесімен шықпады» деген қисынмен. Бір қызығы, мұндай өтініш бірінші, екінші сотта емес, үшінші сотқа берілді. Сөйтсек, мен бұл іске араласпас бұрын, бір қоғамдық ұйым әуе компаниясына хат тапсырған. Алайда ол хаттың қабылданғаны, тіркелгені, қабылдап алушы өкілдің аты-жөні – ештеңе жазылмаған. Компания соны есепке алып, үшінші сот «жаңалық» ашады. Олардың уәжінен кейін біз қазанның 20-сы күні сотқа дейінгі дауды реттеу мәселесіне қатысты компанияға арнайы хат жаздық. Міне, 10 күн болды. Тырс еткен хабар жоқ. Егер компания істі сотқа жеткізбей реттегісі келсе, осыншама уақыт неге үнсіз отыр? Бұл құр сылтау, уақыт созу. Енді мен бірнеше күннен кейін бұл істі қайта сотқа беремін.
Адвокаттың сөзі – осы. Біз қарсы тараптың да айтарын білмек оймен Air Astana әуе компаниясына хабарластық. Тұтқаны көтерген корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджер Тілек Әбдірақымовтан Оғыз Доғанның ісі жайлы сұрағанымызда, ол бүй деді. Біз компания өкілінің сөзін дәлме-дәл беріп отырмыз.
– Нақты айтсақ, оның талаптары орындалған. Оқиға куәгерлерінен ақпарат алынған. Екінші талабы – қазақ тілін еркін меңгеру тиістігі туралы. Біздің айтатынымыз, қызмет көрсететін мамандарымыз толығымен қазақ тілін – мемлекеттік тілді жетерлік деңгейде біледі. Ұшақ ішінде хабарландырулардың бәрі үш тілде жасалатыны да хатта айтылған. Сондықтан оған мемлекеттік тілде қызмет көрсетілген болатын. Және біздің тарапымыздан заңбұзушылық туралы ешқандай дәлелі жоқ. Түсірілген видеосы толық емес, үзінді ғана. Ол өзіне пайдалы, тиімді нәрсені ғана көрсеткен. Сондай-ақ біз оны ұшақ ішінде тәртіпті бұзғаны үшін құқық қорғау органдарына тапсырғанбыз.
Қарап тұрсаңыз, Air Astana әуе компаниясы қазақ тіліне қатысты істі реттелгендей сипаттайды. Ал адвокат Абзал Құспан аталған істің сотта қаралуының өзі сұйылып барады дейді. Демек, қазақ тіліне қатысты кезекті сот ісі алда. Дегенмен осындай даулы істерді көрген сайын көкейде бір сұрақ тұрады: қазақ тілі қашанғы қорлана бермек?
Айтпақшы, сөз арасында Абзал Құспан: «Тіл мәселесі заң-құқықтық тұрғыдан қорғалған. Тек мемлекеттік тілдің мүддесін әр азамат табанды түрде заңды жолмен қорғаса, өз тіліне қорған болса, тіліміз мұндай күйге түспес еді», – деді. Бірақ ана тілін қорғамақ түгіл, қорлауға қуана-қуана кірісетін қандастардың қатары азаймай тұрғанда тілдің тәуелсіздігі тым-тым алыста секілді.
 

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
егесбек | 2 қараша 2017 13:26
көтлақ биліктен басқа не күтесің.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар