Қытайдағы қандастарымыздың қысым көріп, әртүрлі себеппен қудаланып, тіпті сотқа тартылып, қамауға алынып жатқанын газетіміздің өткен сандарында жазған едік («Қытайдағы қандастарды қудалау күшейді», «Жас Алаш», №84, 19 қазан, 2017). Қытайдағы қазақтарға жазықсыз жала жабылып, түрмеге қамалғанын жеткізген олардың Қазақстандағы туыс¬тары мен қоғамдық белсенділер бұл мәселеге тиісті органдар назар салып, шешуге атсалысса деген тілектерін жеткізген еді. Осыған орай, сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігі Қытайда тұтқындалған азаматтардың туыстарын қабылдады. Баспасөз өкілдері бұл жиынға қатыстырылмады.
Туыстарының мұң-зарын айта келген азаматтарды жеке-жеке қабылдаған сыртқы істер министрлігі өкілдігінің не шешкені әзірге белгісіз. Бірақ аталған жағдайдан сыртқы істер министрлігінің бұған дейін де хабары болған. Өйткені Қытайдағы қандастарға қысымның күшейгені жөнінде маусым айында Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында сөз қозғалған болатын. Сол тұста-ақ президент Н.Назарбаев сыртқы істер министрлігіне бұл мәселені анықтауға тапсырма берген-ді.
Сыртқы істер министрлігі өкілдерімен Алматыдағы кездесуде журналистермен көшеде тілдескен азаматтардың айтуынша, Қазақстандағы туыстарына қонаққа келіп жүрген қандастар Қытайға қайтқан соң, жергілікті құқық қорғау органдары тарапынан қысым көрген, көп ұзамай полицейлер оларды «үйрету» мекемелеріне әкеткен. Қытай полицейлері олардың туыстарына бұл мекеменің атын солай атағанымен, бұл іс жүзінде кәдімгі қамау орны болып шыққан.
Осыдан екі-үш күн бұрын журналистердің сұрағына жауап берген сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бұл мәселе жөнінде Қытаймен келіссөз жүргізіп жатқанын жеткізген еді. Министрдің айтуынша, Шыңжаң ұйғыр ауданында төлқұжат ала алмай жүрген қазақтар мәселесі де Қытай тарапымен талқыланып жатыр.
Қытайдағы қандастардың басынан кешіріп жүрген қиындықтарын тиісті органдарға жеткізіп, әртүрлі жиын өткізуге мұрындық болып жүрген кәсіпкер Қыдырәлі Оразұлы бұл кездесу нәтижесін берер деген үмітте. «Ал егер бұдан да түк шықпаса, онда бұл мәселені адам құқықтарын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен БҰҰ-ға дейін жеткіземіз» дейді ол.