1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №90 (16276)   9 қараша, бейсенбі 2017
9 қараша 2017
Ұлттық қор сарқылуға жақын

Соңғы уақыттарда Ұлттық банк жұмысының жүйесіздігі мен Ұлттық қордағы қаржының күрт азайғанын айтып дабыл қағушылар көбейіп барады. Олардың айтуынша, қордағы қаржының әрбір тиынына дейін ұқыпты болуы тиіс Ұлттық банк пен ел үкіметі кейінгі кездері тым жомарттық танытып, миллиардтаған ақшаны оңды-солды шашатын әдет тауып алған. Өкініштісі, бұл қаржы елдің әлеуетін көтеретін жобаларға емес, керісінше, халықтың қанын теспей сорып отырған банктер мен болашағы бұлыңғыр жобаларға жұмсалып жатыр.

Осының нәтижесінде қордағы қаржы бас-аяғы бірнеше жылдың ішінде екі есеге азайып, 57 млрд долларға жуық қаржы қалғаны белгілі болып отыр. Ел экономикасы біршама жақсы тұрған жылдары (екі-үш жыл бұрын) Ұлттық қорымыздағы қаражат көлемі 70-80, тіптен 100 млрд доллардан асып жығылған кездері болған. Ал қазір, керісінше, жыл емес, ай санап, апта сайын азайып келеді. «Бұл – ел болашағы үшін үлкен қауіп», – дейді белгілі экономист Жанарыс Райымбеков. «Бүгінде теңгенің тұрақтылығын сақтау үшін қыруар қаржы жұмсалып отыр. Теңге бағамын тұрақты ұстау үшін интервенция жасау әдісі бізде 2012 жылдардан басталды. Осы мақсатта 2014 жылы Ұлттық қордан 20 млрд, 2015 жылы 18 млрд долларға жуық қаржы шығын болды. Тек биылғы жылдың өзінде екі рет интервенция жасалды. Экономикалық тұрғыдан бұл өте өрескел қателік. Осындай әр жылдардағы жасалған интервенция саясаты Ұлттық қорымыздағы қаражаттың күрт азаюына алып келіп отыр», – дейді ол.
Айтпақшы, экономист Денис Кривошеев те қор қаражаты мақсатсыз, тым асығыс жұмсалып жатқандығын айтады. Бұл үрдіс жалғаса берсе, алдағы бірнеше жылда Ұлттық қордағы қаржы таусылуы мүмкін. «Уақыт өткен сайын қордан алынатын қаражат көлемі артып келеді. Есепсіз қаржы екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға жұмсалып жатыр. Ал оны толықтыру мәселесімен ешкім айналысып жатқан жоқ. Тек Ұлттық қор ғана емес, халықтың зейнетақы жинақтарына да қол салынды. Мәселен, 2018 жылдың бюджетінің тең жартысы осы зейнетақы қорынан алынғалы отыр. Бұдан шығар жалғыз жол бар – мемлекет экономикаға ерік беруі керек. Нарықтың өзін-өзі реттеуіне жол берілуі тиіс», – дейді сарапшы Кривошеев.
Айдың күні аманда бірінен кейін бірі экономикалық сырқатқа ұшырап, үкіметке күні түсе қалған банктер де қорға масыл боп мойнына мініп алғандай. Мәселен, өткен жылы ғана Қазкомның «тұмауратып» қалғаны үшін Ұлттық қор 2 трлн теңге (шамамен 6 млрд АҚШ доллары) шығын шеккен болатын. Енді, міне, Қазкомның тағдырын РБК мен Дельта банктер қайталап отыр. Бұл жолы Ұлттық банктен РБК үшін 240 млрд теңге қаржы бөлінбек. Ал Дельта банктің тағдырын сот шешеді. Кейін қор есебінен тағы қанша қаржы бөлінетінін бір құдай біледі.
Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаевтың айтуынша, мұндай орынсыз мал шашпақ тірліктің Ұлттық банктің еліміздегі валюталық операцияларды бақылау және реттеу қызметін дұрыс атқара алмауынан шыққан. «Ұлттық банк – еліміздегі валюта операциясының операторы. Ол өзі осы операцияны қарап, реттеп отыратын орган болуы тиіс. Алайда ол валюталық операцияларды бақылау және реттеу қызметін дұрыс атқара алмай жүр. Бұрын бұл қызметті үкімет өзі атқаратын. Енді оны Ұлттық банктен алып, қайта үкіметке, яғни қаржы министрлігіне беру керек. Үкіметтің осы қызметтен не үшін кетіп қалғаны түсініксіз», – дейді депутат Өксікбаев.
Ұлттық банктің жұмысына көңілі толмайтын Өксікбаев мәжілісте өткен үкімет сағатында еліміздің дебиторлық қарызы 5 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді. «Бұл – сыртқа кеткен валюта. Оның жартысы мерзімі өтіп кеткен борыш. Біз бар қаржымыз бен валютамызды шашып, елге күлкіге қалдық. Бас банк бұл бағытта ешқандай әрекет жасамай, көңілге күдік ұялатты», – дейді ол.

Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті