1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Шешенстандағы қираған халыққа қол ұшын созған біздің ағайындар. Грозныйдың төріндегі көпқабатты зәулім үйдің құрылысына қаржыны да берген қазақтар. Сол үшін де Рамзан Қадыровтың қолынан алғас алған Иманғали Тасмағанбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев. Дәл сол марапаттау кезінде ақкөңіл, дархан қазақ жігіті шешенстанның «Терек» футбол клубына автобус, өзінің астында мініп жүрген ұшағын сыйлап және Грозныйдағы аурухананың құрылысын толық көтеретінін айта кетті. Бұл қайдан тасыған байлық, қай көңілден кеткен кеңшілік екенін біле алмадық.
Автор: alaman.kz, 19.06.2010 ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №87 (16273) 1 қараша, сәрсенбі 2017
1 қараша 2017
Айдар ӘЛІБАЕВ, экономист: ТИІМСІЗ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕЛ ӨРКЕНДЕМЕЙДІ

«Қазақстан экономикасы, ішкі жалпы өнімі Қырғызстандыкінен 20 есе артық болса да, екі елдің әлеуметтік көрсеткіштерінің арасындағы айырма анау айтқандай үлкен емес», – дейді экономист, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) саяси кеңесі президиумы төрағасының орынбасары Айдар Әлібаев. Сарапшының айтуынша, мұның негізгі себебі – жемқорлық, сол жемқорлықтың шырмауына шырмалған шенеуніктердің елді тиімсіз басқаруы. Өздерінің ел басқарудағы қауқарсыздығы мен кәсіпсіздігін жасырған билік халықты алдарқату үшін түрлі экономикалық көрсеткіштерді боямалап, шынайы деректердің бетін бүркемелеп әлек. А.Әлібаевпен арадағы әңгімеміз Қырғызстан мен Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік көрсеткіштері, биліктің қаржылық саясаты мен елді басқаруы турасында өрбіді.

АТАМБАЕВТЫҢ АЙТҚАНЫ РАС
– Қырғызстан президенті А.Атамбаев біздің ел мен президент Н.Назарбаевқа қарата айтқан сынында Қазақстан экономикасы Қырғызстандыкінен бірнеше есе үлкен болса да, әлеуметтік көрсеткіштер арасында айтарлықтай айырма жоқ деп мәлімдеп, біздің жемқорлыққа белшеден батқанымызды бетімізге басты. Сіз оның бұл сынымен келісесіз бе? Қырғыз президентінің келтірген көрсеткіштері рас па?
– Шынында, Атамбаевтың мәлімдемесінен кейін оның мысалға келтірген сандары қаншалықты рас деген мәселені зерделеп, екі елдің көрсеткіштерін салыстырып көрдім. Қазақстанның 2016 жылдағы ішкі жалпы өнімі 133,7 миллиард долларға жеткен. Ал Қырғызстанның былтырғы жылғы ішкі жалпы өнімі 6,5 миллиард доллар ғана. Расымен, біздің ішкі жалпы өнім олардыкінен 20,5 есе артық. Бізде адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 7000 доллардай болса, оларда бұл көрсеткіш 1000 доллар шамасында. Қызығы, Атамбаевтың Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 20 есе артық болса да, зейнетақысы Қырғызстандыкінен бар-жоғы 2,5 есе жоғары деген сөзі рас. Мұндай ішкі жалпы өнімі бар елдің зейнетақысы Қырғызстандыкінен 20 есе жоғары болмаса да, 4-5 есе артық болуына тиіс еді ғой. Сондықтан Атамбаевтың Қазақстан мен Қырғызстан зейнетақыларының арасында аса үлкен айырма жоқ деген мәлімдемесі шындыққа жанасады. Мұны былай қойғанда, Атамбаевтың екі елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі бірдей деген сөзі де рас. Бізде бұл көрсеткіш 24 459 теңге немесе 71 долларға тең. Ал Қырғызстанда бұл көрсеткіш – 66 доллар. Ең төменгі күнкөріс деңгейі азаматтардың тұтынушылық кәрзеңкесін анықтайды. Сондықтан бұл – біздегі тұтынушылық кәрзеңке қырғыздардыкімен бірдей деген сөз.
Сонда біздің ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 20 есе артық болғанымен, ең төменгі күнкөріс деңгейінің арасындағы айырма бар-жоғы бес доллар дегенді қалай түсіндіруге болады? Демек, Қырғызстан президентінің Қазақстанда бәрі талан-таражға түсіп, тоналып жатыр деген сөзі ақиқат. Қырғызстанда бензин де бізбен салыстырғанда арзанырақ. Мұнайы жоқ бола тұра, жанармайы арзан. Оларда қоғамдық көлікпен жол жүру құны – 50 теңге. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтері де арзан. Табиғи ресурстың үстінде отырып, мұнай, газ, металды сыртқа сатып жатсақ та, еліміздің әлеуметтік көрсеткіштерінің Қырғызстандыкінен айтарлықтай айырмасы жоқ.
Басқа да көрсеткіштерге тоқталсақ. Біздегі орташа жалақы Қырғызстандыкінен екі есе ғана жоғары. Алайда тұтынушылық кәрзеңке, қоғамдық көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сияқты баға көрсеткіштерін алсақ, сатып алу қабілеті арасындағы айырмашылық екі еседен де аз болмақ.
Совет Одағы тарағаннан кейін Ресейден өзге елдердің барлығы дерлік Одақтан сыртқы қарызсыз шықты. Совет Одағының бүкіл сыртқы қарызын Ресей өз мойнына алғаны белгілі. Біз тәуелсіздіктен бері әр адам басына шаққандағы сыртқы қарызды 9300 долларға дейін бір-ақ жеткіздік. Ал сыртқы қарыздың жалпы сомасы 170 миллиард (!) долларға жетті. Ал Қырғызстанның сыртқы қарызы жан басына шаққанда бар-жоғы – 650 доллар. Бұл біздікінен 14 есе аз.
Тағы бір қызықты деректі келтіре кетейін. Қазақ теңгесі мен қырғыз сомы бір мезгілде – 1993 жылы енгізілді. Қырғызстанда ол уақытта бір доллардың құны 4,03 сом болса, Қазақстанда бір доллар 4,75 теңгеге тең еді. Бүгінгі күнге дейін қырғыз сомы 17 есе құнсызданса, қазақ теңгесі 72 есе құнсызданды. Оларда қазір доллар құны 68 сом болса, бізде ол 340 теңгеге жуық. Сонда қазақ теңгесі қырғыз сомымен салыстырғанда 4,2 есе артық құнсызданған. Қызығы, сом ТМД кеңістігіндегі ең тұрақты валюта болып танылды.

– Мұның себебін немен түсіндіресіз?
– Меніңше, ең басты себеп – жемқорлық. Екінші себеп – өндірістің жоқтығы, шетелдік тұтынушылық, азық-түлік, киім-кешек тәрізді тауарға толықтай тәуелділік. Бірақ біздің банкирлер мұны басқаша түсіндіруі мүмкін. Атамбаевтың мәлімдемесі дипломатиялық тұрғыдан этикаға қайшы болуы мүмкін, бірақ мұнысын сайлау науқанындағы қызбалықпен байланыстыруға болады. Алайда оның келтірген мысалдары таза шындық, ақиқат. «Жас президент бізге керек пе, жоқ Қазақстанға қажет пе?» деген сыны да орынды. Қай тұрғыдан алсақ та, біздің президент қарт адам. Сонша жыл бойы биліктен түспегендіктен, шаршап, қажи бастайтыны да белгілі. Президенттің өзі де үкімет жиындарында министрлер мен басқаларына қарата «зейнет жасына жеттіңдер ме, зейнетке шығып демалыңдар» дегені бар. Бірақ өзі де әлдеқашан зейнет жасынан асып кетті, өзі де зейнет демалысы туралы ойланса құба-құп. Мәселен, Австриядағы сайлаудан кейін жеңіске жеткен партияның жетекшісі, 31 жастағы Курц қазір федералды канцлерге айналып, ел басқарып отыр. Жас болғаны сонша – тіпті Еуропада оны «бала бейнесіндегі канцлер» деп атап кетті. Саясаткерлердің буыны ауысып жатыр, Қырғызстанның өзінде бесінші президент билікке келмек. Біздің елге де биліктің ауысуы ауадай қажет-ақ.

– Бізде билік неге ауыспайды?
– Себебі билікте отырғандар, атап айтқанда президент, зейнетке шыққысы келмейді, билікті уысынан шығарғысы жоқ. Мұны жария, ашық түрде де айтты.

– Мұның бір себебі бар ғой?
– Себеп көп, оның бірі – билікте ұзақ отырудан кейін туған қорқыныш, биліктен айырылсам, күтпеген, ешкім болжамаған оқиғалардың алдын ала алмай қаламын деген үрей. Немесе айналасындағылар президентті жібермей ұстап отыр. Өйткені ертең ол кісі кетсе, жағдайларының не боларын білмейді.

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БАТҚАН ЖҮЙЕДЕН ҚҰТЫЛАР КЕЗ ЖЕТЕР
– Қазақ-қырғыз қарым-қатынасына қайтып оралсақ. Атамбаев сынынан кейін шетел асып, көптен бері көрінбей кеткен Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Г.Марченко аяқастынан пайда болып, пікірталасқа өз үнін қосты. Айтуынша, Қырғызстан уақытында экономикалық реформалар жасамағандықтан, экономикасы артта қалып қойды, ал Қазақстанның жоғары табысқа мұнай сатудан түсіп жатқан ақшаның арқасында емес, дұрыс жүргізіліп жатқан экономикалық саясат арқасында қол жеткізді. Бұған не дейсіз?
– Марченко мәлімдемесімен ішінара ғана келісемін. Дәлірек айтсақ, Қырғызстан, расында да, экономикалық реформаларды баяу жүргізді, шешімді түрде әрекет етпеді. Бәлкім, дер кезінде батыл түрде әрекет етсе, көрсеткіштері жоғарырақ болар ма еді. Ал келіспейтін тұсым, біз қанша реформа жүргіздік, ал бірақ оның нәтижесі қайда? Марченко Қазақстанның жоғары табысының мұнайға еш қатысы жоқ дейді, сонда ол немен байланысты, Марченконың өз аузынан осыған жауапты ести алсақ қызық болар еді. Сонда ол жоғары табысты тікұшақ, автокөлік не сапалы киім шығарумен байланыстыра ма? Қысқасы, Марченконың айтқаны ақылға қонымсыз, тіпті президент командасының мүшесі, Ұлттық банктің экс-төрағасы ретінде жалған сөйлеп тұрғаны анық.
Екінші мәселе – мұнайдан түсетін табыстың күрт төмендеуі. Неге? Себебі, менің болжауымша, біздің мұнай мен мұнай кен орындарының кемінде 50 пайызы бізге тиесілі емес. Ол қытайлықтарға, трансұлттық компанияларға, батыс компанияларына тиесілі. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет табысына мұнайдан түсіп жатқан ақшаның әсері бұрынғыдай емес. Бұл – мемлекетті тиімсіз басқарудың салдары.

– Осы әңгімеге орай, жақында «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген бір досыммен болған пікірталасым есіме түсіп отыр. Онымен елдің дамуы туралы сөз қозғап, мұнайдан түсетін табыс мәселесіне де тоқталған едік. Досым 90-жылдардың басында мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың елге инвестор тартудағы ерең еңбегін ерекше атап өтіп, мұны елді өркендеткен бірден-бір қадам деп кессе, өз басым сол кезде жасалған келісімшарттар жабық болғандықтан, мұның бәріне күмәнмен қарайтынымды айттым...
– Біз ол келісімшарттардың мән-жайын әлі де білмейміз. Сосын Назарбаев инвесторларды тапты деп айта алмаймын. Мұнай, газ өндірумен айналысатын батыстық трансұлттық компаниялар біз Совет Одағы құрамында болған кезден-ақ Қазақстанның жер қойнауы табиғи ресурсқа толы екенін білген. Совет Одағы құлай салысымен біздің ресурстарға қызығушылық білдірген компанияларды іздеудің қажеті болған жоқ. Олар өздері-ақ елге ағылып келді, оңды-солды пара беріп, ресурстарға таласып, келісімшарт жасасып, орнығып алды. Ол келісімшарттардың сырын білмейтініміз – бұлар тым тиімсіз шарттарға негізделіп жасалды. Билік 90-жылдары бұл мәселеге байыппен қарап, инвесторларды Моңғолиядағыдай кезекке қойып, асықпай-аптықпай шешсе, өзімізге тиімді келісімшарттар жасасуға болар еді.

– Тоқсаныншы жылдары ауыр жағдайға тап болғандықтан, тиімсіз келісімшарттарға қол қойылыпты делік, бірақ бертінде мұнай саласына қытайлық компаниялар кіргенде неге шарттар жақсармады?
– Себебі біреу: ол – жемқорлық. Мұнай-газ саласын жекешелендіріп алған шенеуніктер кен орындарын, компаниядағы үлесті, мұнай барлау мен өндіруге құқықты сатарда жемқорлыққа белшеден батты. Жемқорлық жүрген жерде мемлекеттік мүддені сату да қоса жүреді.

– Жемқорлықсыз өмір сүруге болмай ма сонда?
– Жеке өз басым жемқорлықсыз өмір сүруге болады, тіпті онсыз әлдеқайда жақсырақ өмір сүрер едік деп есептеймін. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша болып тұр.

– Тіпті мемлекеттік қызметке келген жас буын да жүйенің тұтқынына айналып, жемқорлық шырмауына шырмалып жатыр. Алысқа бармай-ақ, жемқорлықпен күдікке ілінген, ісі сотта қаралып жатқан бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты мысалға келтірсек жеткілікті.
– Бишімбаевтың мысалы «болашақтықтар» мемлекеттің дамуына үлес қосудан гөрі жемқорлық пен көлеңкелі табыс табу жөнінен озып тұрғанын көрсеткендей.
– Бәлкім, жемқорлық биліктегі ойын ережесіне айналған шығар?
– Бұл жүйенің негізі жемқорлыққа сүйенеді, оның іріп-шірігені сонша – оны түбегейлі ауыстырудан басқа амал қалмады. Бірақ қазіргі билік жүйесі мен осы режим тұрғанда бұған жол жоқ. Өйткені биліктегі шенеуніктер бұған барынша кедергі келтіреді. Себебі барлық лауазым, келісімшарт, тендерлер мен мемлекеттік сатып алулар жемқорлыққа негізделген. Мұны өзгерту үшін мықты саяси ерік-жігер керек. Грузия, Эстония жемқорлықпен қалай күрес жүргізу керектігін айқындап берді. Украинада ескілік қалдығы әлі де жаңамен күресіп әлек. Екі майданды бастан өткерді, неше президент ауысты, елді өзгерту керектігі бесенеден белгілі болса да, ел алға баспай тежеліп, жемқорлық жағы әлі тыйылмай тұр. Біз де күресті бастаған кезде талай қиындыққа тап боламыз, өйткені жемқорлыққа белшеден батқан шенеуніктер қатты кедергі келтірмек. Себебі жемқорлық тыйылса, олар бәрінен айырылмақ. Өйткені кәсіби тұрғыдан алғанда олардың қолынан түк келмейді. Дәл қазір майлы шелпекті бөліске салғандарды креслосынан айырып, өмірдің ағысына тастап жіберсе қоңыз теріп кетеді.

– Біз де үлкен қарсылыққа тап болуымыз мүмкін дейсіз, сонда сіздің ойыңызша, біздің елде де қатып қалған сеңді қозғап, ахуалды түбегейлі өзгертетін, жемқорлықты түп-тамырымен жоятын өзгерістер бола ма?
– Мен балгер емеспін, бірақ елді сауықтыратын процестер басталса екен деймін. Адамдарға өз бастамаларын іске асыруға мүмкіндік беретін жағдай жасалса деп тілеймін. Халықты тойымсыз биліктің қамытынан құтқарып, шенеуніктерді қызметтерінен босату керек.

– Грузия мен Эстонияның қолынан келген нәрсе біздің қолдан неге келмей отыр?
– Бұл жерде тұлғалардың тарихтағы рөлі мен орнын ескеру керек. Грузиядағы Шеварднадзе Назарбаев тәрізді ескі гвардияның өкілі, Грузияны әбден жетер шегіне дейін жеткізді. Грузиндердің кедейшіліктің көкесін тартып, үш доллар зейнетақы алған кезі болды. Жарықсыз, ыстық сусыз өмір сүрді. Артынша билікке жаңа адам келіп, бәрін түп-тамырымен өзгертті.
Өзім Грузияда болған кезде халықтан естіген әңгімемді баяндап берейін. Грузияның Түркиямен шекарасына жақын жерде өткен ғасырдың 60-70 жылдары кішігірім су-электр стансасы салынған. Іргесі қаланғалы бері өзін-өзі ақтамай, тек шығынға жұмыс істеп, бюджет қаржысы есебінен қаржыландырылған. Кейін Саакашвили билікке келген соң, әлгі кішігірім су-электр стансасы Грузия аумағының 30 пайызын энергиямен қамтамасыз етіп, өндіретін энергияның бір бөлігін Түркияға экспорттайтын болды. Сонда осы күнге дейін ол энергияның бәрі қайда кетіп жатқан? Жемқорлықтан жұтылып отырған. Демек, жемқорлықтың көзін жойса, шығынды деген кәсіпорындар пайда әкелетінге айналады. Жемқорлықтан көз ашпайтын жерде пайда түсіруі тиіс кез келген кәсіпорын тек шығынға батады, осылайша кез келген саладағы кәсіпорынның көзін жоюға болады.

– Біз де дәл осындай жағдайды бастан өткеріп отырмыз, кеше ашылып, бүгін жұмыс істемейтін зауыттар осы себепті құрдымға кетеді емес пе?
– Дәл солай. Біз жемқорлықтан шығатын қырық жұттың бірі – экономика саласын ғана айтып отырмыз. Кеңірек қарасақ, жемқор жүйеде білім, өнер, ғылым дамымайды, ұрпақ тобырға айналады. Оның соңы тәуелсіздік пен мемлекеттің күйреуіне алып келеді. Сондықтан ұлт ретінде, халық ретінде тірі қаламыз, тәуелсіздікті сақтап тұрамыз десек, жемқорлықтан арылуымыз шарт. Бұл іске ерте кіріссек игі. Кеш қалсақ, соңы қиын болады.

ИНФЛЯЦИЯНЫҢ ШЫНАЙЫ ДЕҢГЕЙІ – 30-40 ПАЙЫЗ
– Экономика тақырыбына қайта оралсақ. Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевтің айтуынша, халық пен кәсіпорындардың бағаның қымбаттауын күтуі инфляцияның өсуіне әкеп соқтырады. Бұған дейін доллар бағамының өсуін түсіндірген кезде де бас банктің төрағасы долларға шектен тыс сұраныс пен сарапшылардың девальвацияны күтуі теңгенің әлсіреуіне тікелей әсер етті деген еді. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Ақышевтің бұл мәлімдемелері сіз бен біздің «ертең жаңбыр жаууы үшін бәріміз қолшатыр алып шығайық, сонда расымен жауын жауады» деген бос сөзбен бірдей. Қаржы саласында білдей қызмет атқаратын адамның аузынан шыққан ең жауапсыз, шалағай мәлімдеме бұл. Қасында қаржы саласының майын ішіп, жілігін шаққан мыңдаған маманы бола тұра, халыққа бұл процестерді түсіндіріп бере алмайды. Мұның бәрі – Ұлттық банкті тиімсіз басқарудың көрінісі. Ұлттық банкті федералды резервті жүйе, Халықаралық валюта қоры басқарып отыр. Ұлттық банк төрағасының орталық банкті жақсы басқарғаны үшін Халықаралық валюта қорының Азия және Шығыс Еуропа бойынша жетекшісі аузынан мақтау естуінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Бұл – Ақышев Халықаралық валюта қорының айтқанын мүлтіксіз орындаушы деген сөз. Ал Халықаралық валюта қорының мақсаты – мемлекетті отарлап, халықты барынша кедейлендіру. Бұл енді мүлде басқа әңгімеге арқау болатын тақырып. Ұлттық банк батыстағы ақша қожайындарының қаржы саласын басқарып, өз мүддесіне бағындыруға арналған тетікке айналды. Бүгінде біздің қаржы саласы халық пен елдің мүддесіне қызмет етуден қалды. Іс жүзінде керісінше, халыққа қарсы қызмет ететін жүйеге айналды. Банктердің әлгіндей күйге түсуі, теңгенің құлдырағаны да – бәрі бір-бірімен байланысты. Жарты жылдан кейін теңгенің қандай күй кешетінін, бағамы қандай болатынын білмесең, қалай бизнес ашып жүргізесің. Осыдан жарты жыл бұрын жыл соңына қарай теңгенің долларға шаққандағы бағамы 400 теңге болады деп болжаған едім. Қазір қарасам, сәл қателесіппін, дегенмен әлі де үш ай күте тұру керек деп есептеймін. Ресейде 18 наурыз күні президент сайлауы өткен соң, Ресей рублі құлдырайды, артынша теңге де тербеледі. Әрі, меніңше, теңге кәдімгідей құлдырайды.
Ресей рубльді қолдан сайлау үшін ұстап отыр, Путин кезекті рет сайлауға түспек. Соның есебінен теңге де тұрақты деңгейде. Оның үстіне мұнай баррелінің бағасы да жаман деңгейде емес, 56 доллар шамасында. Алайда келесі жылдың басы, Ресейдегі сайлаудан кейінгі уақыт қиын шақ болмақ. Себебі қайта сайланбақ В.Путин ішмайы әлдеқашан сылынып түскен Ресей экономикасын құрдымға түбегейлі түсірмес үшін ақшасын құнсыздандырады. Қазір солай істесе, сайлаушылардың дауысынан айырылып қалары анық. Естеріңізде болса, бізде де осы көрініс болып, теңге сайлау өткен соң бірден жалп ете қалған.

– Қазақ теңгесінің Ресей рубліне тәуелділігін әлсіретуге, тіпті сол тәуелділіктен құтылуға бола ма?
– Әрине, болады. Егер билік оны қаласа, баяғыдан өз өнеркәсібі мен өндірісті дамытар еді. Әртүрлі тауардың жартысынан астамын Ресейден тасымалдаймыз. Сондықтан рубльге тәуелдіміз. Өзімізде бар азғантай затты да Ресейге сатамыз. Сол себепті рубльдің ықпалы күшті.

– Ұлттық банктің биылғы жылғы инфляция деңгейі 6-8 пайыз шамасында болады деген болжамына сенесіз бе?
– Әрине, жоқ. Инфляция көрсеткіші тәрізді он шақты статистикалық санды саяси астары бар деймін. Инфляция деңгейі төмендетілген, орташа жалақы мөлшері жоғарылатып көрсетілген, жұмыссыздық деңгейі, девальвация деңгейі және баға өсімі азайтылып көрсетіледі. Халық саны, адамдардың өмір сүру ұзақтығы арттырылып көрсетілген. Экономика министрлігінің құрамына кіретін статистика агенттігі тәуелсіз орган емес, шынайы дерек бермейді, жоғары жақ айтқан сандарды ғана шығарып береді. 2015 жылы теңге екі есе құнсызданды, бірақ 2015 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банк инфляция 7-8 пайыз шамасында болды дейді. Барлық тұтынушылық тауарларды шетелден сатып алатындықтан, олардың құны 30,40,50 пайызға өсті. Сол уақытта норвег ақсеркесі екі есе қымбаттаған. Таза валюталық тауар қалай қымбаттағанының жарқын мысалы бұл. Неге басқа тауар құны екі есе көтерілмеді десек, Қытай бізді арзан тауармен қамтамасыз етіп отыр. Қытай үшін Қазақстан халқы Шанхайдағы халық санынан да аз болғандықтан, бұл нарықты басып алу оларға түк емес.

– Елдегі инфляцияның шынайы деңгейі қандай деп есептейсіз?
– 2016 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның шынайы деңгейі 30-40 пайыз шамасында болды деп ойлаймын. Биылғы жылы да осы шамада болады деп есептеймін.

– Сіздің ойыңызша, бұл сандар неліктен жасырылып, іс жүзінде көрсетілмейді?
– Біріншіден, инфляцияны 30-40 пайызға жеткізген билік не бітіріп отыр, несіне ел басқарып отыр деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Қолдарыңнан келмесе, жұмыс орындарын аша алмаса, соны дөңгелете алатын адамдарға орнын босатып берсін деп талап қойылады. Яғни шынайы статистикалық деректерді жария етіп жіберсе, билік өзінің кәсіпсіздігін, дәрменсіздігін, елді 25 жыл бойы басқарудағы қауқарсыздығын әшкере етпек. Ал өлім-жітім, бала мен сәби өлімі, суицидтің шынайы көрсеткіштерін ашып жіберсе, тіпті масқарасы шықпақ.

– Сонда, сіздің ойыңызша, биліктің қолында шынайы статистикалық көрсеткіштер бар ғой?
– Бар.

– Ондағылар сол сандарға қарап ойлана ма?
– Жоқ. Олардың бар мақсаты – билікті уыстан шығармай, ахуалды осы күйінше ұстап тұру. Шынайы деректерді толық білмесе де, әйтеуір, соған жақын көрсеткіштерден хабардар.

– Үкімет жайлы сөз қозғасақ. Жақында бензин тапшылығына ұрындық, артынша жанар-жағармай бағасы қымбаттады. Бұл бізде тұрақты үрдіске айналды. Мұнайға бай елде бензин неге тапшы?
– Бізде мұнай мен газ саласы билікке ең жақын адамдардың қолында, сол топтар ол саланы жекешелендіріп алғанын жоғарыда да айттық. Бұл – бір. Екіншіден, бұл салада толықтай монополия орнаған. Үшіншіден, бұл сала ашық емес, онда нарықтық бағаның қалыптасуы, нарықтық сұраныстың қалыптасуы және оны қанағаттандыру сияқты түсініктер атымен жоқ. Белгілі бір топтар бұл саланы өз мүддесіне қарай басқаратындықтан, осындай күй кешіп отырмыз. Олар үнемі бағаны өсіріп, пайдаға кенеліп отырады. Мұнай-химиялық зауыттың болуы оларға тиімді емес, одан гөрі шикізатты сатып, дайын бензинді сатып алған әлдеқайда тиімдірек. Осылайша шикізатты сатудан бір пайда тапса, дайын бензинді сатып алудан тағы табыс тауып отыр.

– Бұлар кімдер?
– Күйеубала және оның серіктері. Ол бәріне белгілі жайт. Осы салада отырған Сауат Мыңбаев та осылардың қатарында. Қысқаша айтқанда, бұл – отбасы.

– Осының бәрін көріп-біле тұра, осындай күй кешкен халық неге үнсіз?
– Бұл сұраққа жауап беру қиын. Халық өте көнбіс, селқос, жігерсіз. Бәлкім, қалада шетелдік көліктер ағылып жүр, дүкендер көп, белгілі бір өмір сүру деңгейі бар болған соң, халық күтпеген оқыс жағдайға ұрынғанша, одан да осыған шүкіршілік етіп, тәубе дейік дейтін болар. Кім біледі? Бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Өйткені халық үшін жауап беру қиын. Алайда мемлекет бір адым алға, екі адым артқа болсын, әйтеуір, біртіндеп өзгерістерге жылжып жатқандай, ерте ме, кеш пе, жақсы игіліктер орнайды деп үміттенемін.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
Ерсін | 2 қараша 2017 08:23
– Осының бәрін көріп-біле тұра, осындай күй кешкен халық неге үнсіз?
– Бұл сұраққа жауап беру қиын. Халық өте көнбіс, селқос, жігерсіз. Бәлкім, қалада шетелдік көліктер ағылып жүр, дүкендер көп, белгілі бір өмір сүру деңгейі бар болған соң, халық күтпеген оқыс жағдайға ұрынғанша, одан да осыған шүкіршілік етіп, тәубе дейік дейтін болар- жауабы осы
***Шүкір*** | 2 қараша 2017 11:50
Бір адым алға, екі адым артқа жүру кері жүру деген сөз шығар. Ләйім жақсылық болғай.
qazaq | 2 қараша 2017 15:44
Мұнай 60 доллардан асса да доллар 335 болып тұр. Ендеше кім оны жеп отырғаны белгілі.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар