1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №86 (16272) 26 қазан, бейсенбі 2017
26 қазан 2017
Кооператив – баяғы колхоз-совхоз емес

ОҢТҮСТІКТЕГІ КООПЕРАТИВТЕР ӨНІМДЕРІН ШЕТЕЛГЕ ЭКСПОРТТАЙ БАСТАДЫ

Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылдағы кооперацияларға кем дегенде 500 мың жеке шаруа қожалықты тартуға міндет жүктегені белгілі. Бұл орындалуы мүмкін меже ме? Шаруаларды кооперативтерге біріктіру бастамасы қаншалықты оң нәтиже береді? Нарыққа әміршілдік-әкімшілік әдіс-тәсіл жүрмейді. Науқаншылдыққа ұрынып қалмаймыз ба? Осы сауалдарды біз Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандарына қойған болатынбыз. Басқарманың кооперациялауды және МТС-ті дамыту бөлімінің бас маманы Таңатар Жақыпбаевтың айтуынша, егер барлық жұмыстар белгіленген жоспар бойынша жүргізілсе, кооперативтердің келешегінен үлкен үміт күтуге болады. Өйткені бірікпейінше, іс бітпейтінін шаруаның өзі де түсініп отыр.
– Оңтүстік Қазақстан облысында шаруаларды кооперативтерге біріктіру жөніндегі үгіт-насихат шаралары «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң қабылданған 2015 жылдан бергі аралықта жүргізіліп келеді, – дейді бізбен әңгімесінде Таңатар Нақыпбайұлы. – Былтыр қарашада ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысымен осы заңды жасауға қатысқан ғалымдар өңірімізге келіп, түсіндіру жиындарын өткізді. Аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауылдық әкімдіктегі тиісті мамандарға профессорлар «Манкент» шипажайында бір апта көлемінде лекциялар оқыды. Қатысушыларға заңның өзінен бастап, талап-тәртібі, көкөніс, мал, сүт бағытындағы кооперативтер құрудың жолдары түсіндірілді. Кооператив құру үшін оның мүшелерінің саны үшеуден кем болмауы тиіс.

– Қазір шаруаларды мәжбүрлеп біріктіретін кеңес заманы емес. Бәрі ерікті түрде жүргізіледі. Яғни кооперацияға біріктірудің, шаруаны осыған иіп әкелетін тетік не?
– Оның тетігі – шаруаның қызығушылығын ояту. Яғни кооперативке бірігудің артықшылығын, тиімділігін түсінуі тиіс. «Саусақ бірікпейінше, ине илікпейді». Шаруашылықтарды біріктіру дегенде жұрттың ойына баяғы кеңес заманындағы колхоз-совхоздардың түсетіні рас. Кооперативтердің жұмыс істеу тәсілі басқаша. Баяғыдай мал-мүлікті ортақтастыру деген жоқ. Шаруа ештеңеден ұтылмайды. Мәселен, мал бордақылаумен айналысатын шаруа кәсібін жеке-дара жүргізе береді. Кооперация өнімді өткізуге жәрдем береді. Оңтүстікте көкөніс, қауын-қарбызбен айналысатын шаруалар көп. Алайда олардың бәрі өнімдерін солтүстік облыстарға немесе Ресейге апарып сата алмайды. Бір шаруаның оған мүмкіндігі жоқ. Кооператив шаруалардың жиған өнімдерін бір жерден және тиімді жолмен өткізіп отырады. Кооператив құрған шаруаларға мемлекет тарапынан жәрдем де беріледі.
Облыстық әділет департаментінің берген мәліметі бойынша, бүгінгі күні облыста 55,2 мың ұсақ шаруашылық мүшелерінен құрылған 640 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркеліп, жұмыс істеуде. Республикада құрылған 1350 кооперативтің 640-ы, яғни жартысына жуығы оңтүстікке тиесілі. Мұның ішінде «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша индикативтік көрсеткіштердің жоспары 158 бірлікке немесе 210 пайызға орындалды. Оның ішінде 55-і мал сою бекеті, 46-сы сүт қабылдау бекеті, 30-ы жеміс-жидек сұрыптау бағытында жұмыс істейді. Сондай-ақ қой, түйе, балық, құс, қарқынды бау шаруашылығында құрылған кооперативтер де бар.

– Жаңа бір сөзіңізде құрылған кооперативтерге мемлекет тарапынан жәрдем берілетінін айттыңыз. Бұл нендей жәрдем?
– Егер құрылған кооператив ауыл шаруашылығы министрлігінің қойған талаптарына жауап бере алатын болса, шаруа жеңілдетілген несиені де, қондырғыларды да алатын болады. Облыста қазір мал сою және сүт өндірісі бойынша құрылған кооперативтер 72 пайыз жабдықпен қамтамасыз етілді. Талап бойынша мұндай кооперативтерге мүше болған шаруалардың саны 20-дан кем болмауы тиіс. Өйткені сүт, ет тапсырудың жоспарын орындауға үш-төрт шаруаның мүмкіндігі жетпейді. Алдағы уақытта мұндай кооперативтер 100 пайыз құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде азық-түлік өнемдерінің сапасы бәсекеге қабілетті болып, ет, сүт зауыттары толық қуатында жұмыс істейді.
Жуырда Шымкент механикалық зауытында сүт қабылдау бекеттерін құрал-жабдықпен қамтамасыз ету мақсатында семинар-кеңес өткізілді. Зауыт қайта іске қосылып, сапалы стандартқа сай модульді сүт қабылдау бекеттерін құрастырып шығаруда. Аталған шара барысында кооператив төрағаларына 10 модульді сүт қабылдау бекеті салтанатты түрде тапсырылды. Айта кетейік, бұл модульдер кооперативтерге қосымша кепілсіз және алдын ала төлемсіз берілуде. Бекет құнының 50 пайызын немесе 2,5 миллион теңгесін мемлекет субсидия ретінде төлейді. Бұл өңірімізге әлеуметтік-экономикалық жағынан тиімді болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері келіп, жасалып жатқан сүт қабылдау бекеттерінің сапасына оң бағасын беріп кетті. Қазіргі таңда зауытта сүт қабылдау және мал сою бекеттері тарапынан тапсырыстар қабылданып, жабдықтарды жасап шығару жұмыстары жасалуда. Алдағы уақытта аталған зауыт базасында модульдік мал сою бекеттерін, шағын дүкендерді құрастыру қолға алынбақ.

– Қазақстанда мақта егетін бірден-бір өңір – Оңтүстік Қазақстан облысы. Бұл саладағы шаруалар кооперативке қалай бірігуде?
– Жоғарыда айтқан 640 кооперативтің 100-ге жуығы осы мақта саласында құрылып отыр. Өйткені мақта шаруашылығында атқарылатын жұмыс көп. Жерді айдаудан бастап, дайын өнімді зауытқа өткізуге дейін көптеген агротехникалық шаралар жүргізіледі. Кооперативке мүше болған шаруалар жерді бірігіп айдап, дайын өнімді де зауытқа кооператив арқылы өткізеді. Ірі көлемдегі тауарды қабылдау зауытқа да тиімді.
Кооператив құрған шаруалардың техниканы жеңілдетілген жолмен алуларына мүмкіндігі бар. Мұның механизмі жасалып қойылған.
Оңтүстікте қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп, өнімдерін шетелге экспорттап жатқан кооперативтер де бар. Солардың бірі – Қазығұрт ауданы Қызылқия ауылындағы «Аманкелді» ЖШС базасында құрылған «Аман Агро Сервис» жемістерді сақтау және дайындау ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Биыл шілдеде құрылған кооперативтің 38 мүшесі бар. Қазығұрт, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Шымкент, Арыс қалаларының шаруаларынан біріккен өндірістік кооперативтің 25 мың гектардан астам жері бар. Оның 11 мың гектардан астам жері, яғни 30-40 пайызы осы «Аманкелді» шаруа қожалығына тиесілі. Оның 500 гектары қарқынды бау болса, олардан биыл 2000 тоннадан астам жеміс жиналған. Ал олардан алынған өнімдердің жартысы Ресейге экспортталды.
Бүгінде кооперативке біріккен шаруалар серіктестіктің 2000 тонналық жеміс-жидек тоңазытқышы бар қоймасын кеңейтіп, қайта жарақтандырып отыр. Мұнда сонымен қоса, Еуропадан, Италия, Түркия, Голландия мемлекеттерінен әкелінген жаңғақ пен 15 түрлі алма сорты және жүзім көшеттері өсіріледі. Сондай-ақ кооператив мүшелері келешекте жемістерді өңдейтін цех ашуды да жоспарлап отыр.
– Әңгімеңізге көп рақмет.
 

Әңгімелескен Б.ЕРНАЗАР
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар