1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №86 (16272) 26 қазан, бейсенбі 2017
26 қазан 2017
100 миллион гектар жер игерусіз жатыр осы мәселені шешпей, ауыл шаруашылығын дамыту мүмкін бе?

Әдетте «көкөніс піспей, баға түспейді» деп көрегендік жасайтын шенеуніктердің соңғы бірнеше жылдан бері құмалағы дұрыс түспей жүр. Күзгі жиын-терім аяқталып, қамбаға астық тола бастаған бойда кейбір көкөніс түрлері мен нан бағасы арзандаудың орнына бірден шарықтап кететін болды. Мәселен, биыл елімізде 3,5 млн тонна картоп жиналыпты. «Бұл өткен жылғыға қарағанда 710 мың тоннаға көп көрсеткіш» дейді ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер. Алайда сол молшылықпен бірге картоптың бағасы да көтеріліп отыр.
Мәселен, өткен қыркүйек айында ғана 80-90 теңгеге саудаланған картоп бағасы қазан айында бірден 125-130 теңгеге дейін қымбаттаған. Рас болса, қыс мезгілінде тіптен 300 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін көрінеді. Нәпақасын саудадан тауып, азық-түлік нарқын қыздырып жүрген кейбір саудагерлер де картоп бағасының әлі де өсуі мүмкін екендігін айтады. «Алдағы уақытта картоп қымбаттайды. Себебі қоймаларда баға көтеріліп жатыр. Ол бағаға әсер етпей қоймайды. Жанармай бағасы да арзан болмай тұр. Ол аздай, қырғыз-қазақ дауы ушыға қалды. Соның салдарынан шекара жабық тұр. Мыңдаған тонна өнім босқа шіріп жатыр. Тек Ресейдің арзан картобы ғана құтқарып тұр. Ертең ол да саябырсиды. Әңгіменің көкесі сонда болады», – дейді астаналық кәсіпкер Маралбек Хисаев. Картоптың тонналап шетел асуы да себеп болып отыр деп жатқандар баршылық.
Ал премьер-министрдің орынбасары әрі ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің айтуына қарағанда, картоп бағасын алыпсатарлар қолдан көтеріп отыр. «Басқа себебін көріп тұрған жоқпын. Өйткені биылғы өнім жақсы шықты. Өзбекстанның да өз картобы пісті, көршілерге де кетіп жатқан жоқ. Бағаны көтеріп жатқан саудагерлердің өздері. Әрине, ондайларға шара қолданатын боламыз. Ол бойынша өңірлерге тапсырма берілді», – деп атап өтті.
Айтпақшы, үкімет сағатында А.Мырзахметовтің картоп бағасы ғана емес, жайылымдық жерлер, ауылшаруашылық техникалары, мал өнімдерін қажетке жарату секілді сауалдарға жауап беру барысында да біраз қара терге түсуіне тура келді. Өз баяндамасын «ел қамбасына 22 млн тонна астық құйылды» деген ақжолтай жаңалықпен бастаған Мырзахметов мырза тұралап тұрған ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында түрлі бағыттарды қамтитын арнайы карта әзірленіп жатқанын сүйіншіледі. «Бұл карта еліміздегі қайта өңдеу саласына жаңаша сипат береді. Осы мақсатта 79 бірдей жаңа зауыт салынып, тағы 80 кәсіпорын қайта жаңғыртудан өтеді. Сондай-ақ шалғайдағы қой шаруашылығын дамыту ісі де қолға алынады. Нәтижесінде мал басы 2021 жылға қарай 2,7 миллионға, ал мал шаруашылығының көлемі екі есеге артады деп көзделіп отыр. Бұл шаралар нәтижесінде сүт өнімдерін қайта өңдеу көрсеткіші 49 пайызға артады», – деп атап өткен ол әбден тозығы жеткен ауылшаруашылық техникаларын жаңарту мәселесіне де назар аударылатынын мәлім етті. Айтуынша, қазір қырман басында жүрген тракторлардың 20 пайызы істен шыққан. Комбайндардың да жағдайы осы халде. «Осының салдарынан жағар-жанармай шығыны да 20 пайызға артық болып отыр. Өнімнің 14 пайызы жиналмай қалады. Бұл дегеніміз – 200 млрд теңге желге ұшты деген сөз. Мәселені шешу үшін отандық ауылшаруашылық техникаларын өндірушілерге жеңілдетілген несие беру қарастырылып отыр. Қосымша құн салығы бойынша да жеңілдіктер жасалады», – деп, бұл құжаттың басқа да артықшылықтарын айтып берген еді. Алайда мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев аталмыш картаның болашағына күмән келтіріп, агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы құжатты онша жаратпай тастады. Ол: «Кезінде атауынан ат үркетін мемлекеттік бағдарламалар көп қабылданды. «Сыбаға», «Жұмыспен қамту–2020», тағысын тағылар. Қыруар қаржы бөлінді. Алайда содан ауылдың жағдайы жақсарғаны шамалы. Бұл бағдарлама да солардың кебін кимесіне кім кепіл? Көздеп отырған бағдарлама қалай іске асады? Қай ресурспен? Кім жұмыс істейді? Кім трактор, кім комбайн айдайды? Кім темірді жонады? Мұның бәрін кешенді жасамасақ, ертең бәрі шала-пұла қалады», – деп, жан-жағына сұраулы жүзбен қарады. Депутат Владимир Божко да «ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын ашуға бюджеттен көп қаржы бөлгізіп алып, кейін тыныш қана жаба саласыңдар» деп күйініп, осыдан үш жыл бұрын ашылған Петропавл комбайн құрастыру зауыты неге тоқтап тұрғанын сұрады. Алайда министрлік өкілдері кәсіпорын өнімдеріне сұраныстың жоқтығын айтып ақталды. Айтуынша, Петропавлдағы кәсіпорын жабылмаған. Өнім де шығармайды. Жай қаңырап бос тұр.
Сондай-ақ бірнеше жылдан бері аталмыш саладағы игерусіз жатқан 100 млн гектар жердің жайын көтергендер де болды. «Елімізде 186 миллион гектар жайылым бар. Соның 100 миллионы игерілмеген күйі бос жатыр. Сол жерлер әлі картада көрсетілген жоқ. Үкімет өзіне жүктелген міндетін атқармай отыр. Яғни инфрақұрылымы салынбаған, құдық қазылмаған. Ал ауылдардың айналасындағы жерді қожайындары не өздері пайдаланбайды, не өзгеге бермейді. Бұл мәселені шешпей, ауыл шаруашылығын дамыту еш мүмкін емес», – деді мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев. Н.Сабильянов мырза да Шығыс Қазақстан облысында ең көп қойылатын сұрақ жүн, тері өндеуді қолға алу мәселесі екенін айтып өтті. «15 жыл болды, бұл сұрақтың қойылып келе жатқанына... Қашан шешіледі бұл мәселе? Қаншама қаржы бөлініп, көптеген кәсіпорындар, шаруа қожалықтары субсидия алды. Бірақ нәтижесі жоқ», – десті. Өзге депутаттар да жүн мен терінің далаға босқа төгіліп жатқанын айтып күйінді. Яғни 24 миллиард теңге тиімсіз игерілген. Оны министрдің өзі де мойындады.
Алайда басында қабағы қатулы депутаттар отырыс соңына қарай жібектей жұмсарып сала берді. Осыны өз ыңғайына пайдалана білген министр Асқар Мырзахметов парламентке таныстырылған агроөнеркәсіп кешенін дамыту картасын жүзеге асыруда тірліктің бәрі «зың» болатынына сенім білдірді. Депутаттар да сол баяғы әдеттерінше сеніп қала берді.

Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар