1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №18 (16163) 11 қазан, сейсенбі 2016
11 қазан 2016
Кәсiпкерлердi жөнсiз тексерудi доғарыңдар!

Елiмiзде прокурорлардың араласуынан кейiн кәсiпкерлердi заңсыз тексеру iс-әрекеттерi екi есе азайған. 2015 жылдың үшiншi тоқсанынан (4 687 iс) 2016 жылдың осындай мерзiмiне дейiн (1 324 iс) елiмiзде экономикалық қылмыстық iстер үш есеге кемiптi. Бұл туралы өткен аптада ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлiмдедi. 

Маусым айында Бас прокуратура кәсiпкерлiк саласындағы өзектi түйткiлдерге арналған форум ұйымдастырған едi. Осы жиында кәсiпкерлердi негiзсiз тексеру оқиғаларының көптiгi жөнiнде айтылған-тұғын.
Жаңадан жасалған “Жол кар­­тасында” қарастырылған тү­зетулердiң iшiнде мемлекеттiк органдардың бұдан былай қылмыс болмаған кезде кезектен тыс тексерiс жасауға тыйым салынды.
Бiр айта кетерлiгi, соңғы алқа мәжiлiсiнде Жақып Асанов кәсiпкерлiктi заңсыз тексерген мемлекеттiк қызметкерлердi жұмыстан қуу керектiгiн айтты. “Кәсiпкерлердiң орнына бизнеске сiздердi жiберу керек. Сонда қандай жағдайда болатындарыңызды көретiн едiк”, – дедi ол экономикалық қылмыстарды ашу жөнiндегi қызмет басшылығына қарата.
Шынында да, елiмiзде кәсiп­кер­лiктiң дамымауына бiрден-бiр тосқауыл осы – заңсыз тексерулер. Жан-жақты негiзсiз тексерiстен запы болған кәсiп­керлер пара беруге мәжбүр. Ал пара бергiсi келмейтiндер биз­несiн жауып тастап, тыныштық табады немесе сатып жiберiп, капиталын басқа елдiң экономикасына салады. Негiзi мұны билiктегiнiң бәрi бiледi. Бiрақ айтуға, жария қылуға құлықсыз болып келдi. Ал бас прокурор Жақып Асанов осы қызметке тағайындалғалы бұл мәселеге мойын бұрды. Биыл жазда өткен “Кәсiпкерлiк саласындағы прокуратура қадағалауы” деген республикалық форумда ол кәсiп­керлер шағымының негiзгi се­бебi әкiмшiлiк кедергiлер екенiн айтқан болатын. Сол басқосуда ол: “Бiз “Атамекен” ұлттық палатасымен бiрлесе отырып эксперимент жасаймыз. Кейбiреулер рұқсат құжаттарын сұрайды. Осы iстiң әр қадамына бақылау орнатамыз. Мемлекеттiк қызмет­тердiң қалай көрсетiлетiнiн, қолдан жасалған кедергiлер бар ма, жоқ па, соны бақылауға аламыз”, – деген едi. Сол жолы бас прокурор мынадай мысал кел­тiргенi есiмiзде қалыпты: Шымкент қаласының сәулет бөлiмi тегiн көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердi коммерциялық мақсаттар үшiн пайдаланған. Қабыр­ғаға заң бойынша талап етуге болмайтын фототүсiрiлiм, сызбалар, техникалық шарттар және т.б. құжаттар тiзiмiн iлiп қойған. Ал бұл қызметтердiң барлығын бөлiм басшысының жұбайына тиесiлi бес фирма жасап отыр­ған. Әлбетте, ақшаға. Ақша төлемедiң бе, мемлекеттiк қыз­меттi де ала алмайсың.
Сонымен бiрге, бас прокурор “бизнеске кедергi келтiретiн құқықтық нормаларды анықтап, оларды өзгертуге қол жеткiзу керектiгiн” де айтқан. Ол өз сөзiнде: “Кәсiпкерлер құқықтық алаңның осал тұстарын теоретиктерден де жақсы бiледi”, – дедi Жақып Асанов.
Бас прокурор тексерiстерге қатысты өз ведомствосы кәсiп­керлер қызметiне айрықша жағдайларда ғана, адам денсаулығы мен өмiрiне қауiп төнген, ал шенеунiктер әрекетсiз отырған кезде ғана араласуға құқылы екенiн жеткiздi. Оның айтуынша, “прокуратураның бизнестi тек­серуi жоспарда жоқ және болуы мүмкiн де емес”. “Бақылаушылар онсыз да көп. Бiрақ кейде бiз араласуға мiндеттiмiз. Әсiресе, бақылаушылар әрекетсiз отырса, ал мұның арты ауыр жағдайларға соқтыруы мүмкiн болған кезде”, – дедi Жақып Асанов.
Бұл тұста бас прокурор: “Бiз заңдарда бизнестi тексеруiмiз керек болған жағдайлардың барлығын жазу мүмкiн еместiгiн” айтты. “Қиянат жасаушылықты болдырмас үшiн тексерiстер облыс прокурорының жеке шешiмi бойынша ғана шығарылады. Дәлiрек айтсақ, оның мойнына жеке жауапкершiлiк артылады. Сондықтан орталықтағы және жергiлiктi жерлердегi өз әрiп­тестерiме ескертемiн: қателiк жiбермеңiздер”, – деп мәлiмдедi бас прокурор.
Жақып Асанов, сонымен бiрге, Қазақстанның Бас прокуратурасы 2015 жылы кәсiпкер­лерге арнап тәуекелдердi бағалау жүйесiн енгiзгенiн хабарлады.
“Мықты боламын деген әрбiр мемлекет ең алдымен, кәсiпкер­лiктi дамытуы тиiс. Бұл тезистi президент қайта-қайта айтып келедi. Бизнестi қолдау тек экономикалық блоктағы құрылымдардың жүгi емес. Ол бүкiл мемлекеттiк аппараттың, соның iшiнде құқық қорғау органдарының да мiндетi”, – дедi.
Өйткенi қылмыс жасағандардың 84 пайызы – жұмысы жоқ азаматтар. Сондықтан қылмысты алдын алудың тиiмдi жолы – халықты жұмыспен қамту, әсiресе бизнеске тарту.
Соңғы бес жыл iшiнде кәсiп­керлiктi тексеру саны 4 есеге азайып, айына 30 мыңнан 7 мыңға дейiн қысқарған. Егер де бұрын әрбiр екiншi адамға тексеру жүргiзген болса, ендi жүз­ден үшеуi ғана тексерiлетiн болған.
Бiрақ бизнеске жасалатын қысым әлi де басылар емес.
Лихачева деген кәсiпкер Шығыс Қазақстан облысында дәрi-дәрмек өндiретiн мекеме ашады. Бiрақ фармацевтикалық тексерiс директоры оған бөгет жасауды көздейдi. Себебi, әлгi шенеунiкте де дәл осындай бизнес болған. Ол өзiнiң бәсекелес қарсыласын жолдан тайдыруды көздеген. Шағымдарды қолдан жасап, өзi тексерiп, жарты миллион көлемiнде айыппұл салады. Осы оқиғада прокурорлар оның әрекетерiн тоқтатып, шенеунiктiң сотталуына қол жеткiзiптi.
“Наразыларды билiктiң саясаты емес, жергiлiктi жердегi нақ осындай әрекеттер тудырады. Сондықтан да тексерiстерге қатысты тәртiптi ретке келтiрген маңызды”, – дейдi Жақып Асанов.
“Таразда “Азимут” ЖШС-нiң жалғыз табыс көзiне қамақ салынды. Бизнес тұралап қалды. 15 жұмысшы қысқартылды. Бiздiң мобильдi тобымыз келiп Экономикалық тергеу қызметкер­лерiнiң заңсыз әрекеттерiне тоқтау салды”. Оңтүстiк Қазақстан облысында бiр жарым жыл бойы “Яссы” мақта компаниясына қарсы қылмыстық iс жүргiзiлген болатын. Осы уақыт iшiнде шикiзатты дайындау 6 есеге, ал айналым 4 есеге құлдырапты. 104 адам жұмыссыз қалды. Қылмыс құрамы болмағандықтан, ең соңында бұл iс тоқтатылған.
Тек iрiктеп тексеру кезiнде қылмыстың шеңберiне түскен 80 кәсiпорынның 33-i жабылып қалғаны белгiлi болды. Соның нәтижесiнде 800 жұмыс орны қысқартылған.
Жиында түрмелерде 171 жаңа кәсiпорынның ашылғаны жайлы айтылды. Отандық 26 кәсiпкер 400 жазаланушыны жұмыспен қамтығаны да белгiлi болды.
Бас прокуратураның кәсiп­кер­лермен бiрлесiп өткiзген алқа жиынына қатысқан экономикалық сарапшы Рақым Ошақбаев: “Кәсiпкерлер салық төлейдi, квазисалықтық жүктеме тағы бар, бұған қоса жемқорлық рентасын төлейдi. Бұл – өмiр мен өлiм мәселесi. Егер кәсiпкер оны төлемесе, бизнестен шығады. Сондықтан осынау түйткiлмен күресуiмiз қажет”, – дедi. 
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар