1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №78 (16160) 29 қыркүйек, бейсенбі 2016
29 қыркүйек 2016
Ешкiмге опа бермеген одақ

ЕАЭО-ға артқан үмiт ақталмады

Экономист, бұрынғы инвестициялар және даму вице-министрi Рақым Ошақбаевтың пiкiрiнше, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа артқан үмiтi әзiрше ақтал­ған жоқ. Бұл туралы өз ойын ол Kazakhstan Growth Forum-да мәлiмдеген.
“Қазақстан мен ЕАЭО елдерi арасындағы өзара сауда-саттық, экспорт төмендедi. Егер Кеден одағына дейiнгi жағдайды 2015 жылмен салыстырар болсақ, бiздiң экс­порт 18,5 пайызға құл­ды­рады”, – дедi экономист.
 
Одан әрi өз сөзiнде ол: “Таяуда ғана Беларусь республикасының президентi Александр Лукашенко Беларусь елi ЕАЭО-дан көңiлi қалғанын мәлiмдеген едi. Беларуссияның ЕАЭО елде­рiмен арадағы тауар айналымы ақшалай көрсет­кiште төмендеп кеттi, ал тауарлық көрсеткiште өсiп жатыр деп мәлiмде­ген едi”, – дедi. Дегенмен Лукашенко атап өт­кендей: “Ресейлiк өндi­рiсшiлер лоббиiнiң мықтылығы сондай, Еуразиялық комиссиямен арада қол жеткiзген келiсiмдер мен кез келген шешiм­дердi жауып тастайды”. Бұл елдiң президентi осы Еуразиялық комиссиядағы (ЕЭК) қызметкер­лер­дiң бiр бөлiгiн елге қайтаруға тапсырма бе­рiптi. Бұл жөнiнде Лукашенко ЕЭК-те өз елiнен бiр мыңға жуық үздiк кадр­лардың жұмыс iстей­тiнiн, бiрақ олардан еш­қандай пайда болмай отырғанын мәлiмдеген. Беларуссия басшысының тұжырымынша, Ресей ЕАЭО аясындағы келiсiм­дердi орындамауда. Ол ЕЭК-ке қа­тысты кез келген шешiм қабылдайтынын жеткiздi.
Бұған дейiн де Беларуссия басшысы Александр Лукашенко: “Газ бағасы арқылы Ресей Беларуссияға қысым жасап жатыр”, – деп те мәлiм­деген-тұғын.
Беларусь басшысының “қысым” дегенiнiң астарында Ресейдiң Беларуссияға жөнелтетiн мұ­най көлемiн азайтқаны жатыр. Жыл басынан берi ресми Минск Ресейден газ бағасын түсiрудi сұрап, “Газпром” алдындағы қарызын мойындамай келгенi әмбеге аян. Бұған келiспеген Ресей таяуда Беларуссияға қыр көрсетiп, мұнай жеткiзудi екi есеге шектеген едi.
Кезiнде “Жас Алаш” Қа­зақстанның Кеден ода­ғына, одан кейiн осы Еуразиялық экономикалық одаққа кiруге қарсылық танытып, қол жиғаны ел-жұрттың есiнде. Қарсылық танытқандардың, қо­ғамның наразылығын билiк ескермедi, халықпен санаспады. Араға жылдар салып, одақтың опа келтiрмесi ай­қындалды. Сол кезде Франция түрмесiнде отырған банкир Мұхтар Әблязов былай деп жазып едi. “Қазақстанға Кеден одағы тиiмдi ме деген мәселенi түсiну үшiн сыртқы сауда айналымына үңiлу қажет. Бұл үшiн бiз кез келген елдiң саудасының нәти­жесiн көрсететiн негiзгi ұғымдарды пайдаланамыз. Әдетте мемлекет неғұрлым көп тауар экспорттап (шетелге тауар сатып, ақша табу), соғұрлым азырақ тауар импорт­тауға (сатып алуға, яғни ақша жұмсауға) тырысады. Оң сауда балансы (яғни экспорт импорттан асып түседi) – ел экономикасының ахуалын бағалайтын ең маңызды параметр. Елдiң сауда балансы оң болса, бұл мемлекет сатып алғаннан гөрi сыртқа көбiрек тауар сататынын көрсетедi. Яғни халықаралық нарықта оның тауарлары сұ­ра­нысқа ие, мемлекеттiң өзi соны сатып, ақша тауып отыр деген сөз.
Мәселен, 2013 жылы Қа­зақстанның сыртқы сауда айналымы 131,4 миллиард долларға жеттi. 2012 жылмен салыстырғанда, экспорт 4,6 пайызға төмендеп, 82,5 миллиард долларға жуықтады. Ал импорт 5,4 пайызға өсiп, 48,9 миллиард долларға жеттi. 2013 жылы Қазақстанның сауда балансы оң мәнге ие болып, 33,6 миллиард доллардан асып түстi”.
Еуразиялық экономикалық одақтың шарттары бойынша, одақтас елдердiң арасындағы тауар айналымы, жұмыс күшi мен қызмет түрлерiнiң қозғалысына шектеу қойылмайды. Олар одаққа мүше мемлекеттердiң өзара шекарасы арқылы емiн-еркiн өтедi делiнген едi. Бiрақ осындай интеграциялық артықшылықтарымен өзге елдердi қызықтырған Ресей iс жүзiнде бұл шартқа өзi қарсы шықты. Әуелi Ресей өз аумағы арқылы Қазақстанға бет алған жүк көлiктерiн тоқтатып, асты-үстi тексерiске алды. Егжей-тегжейлi тексере бастаған соң, жүздеген жүк көлiктерi ұзын-сонар кезекке тiзiлдi. Қайсыбiреулер жүктерiн уа­қытша қоймаға қоюға мәжбүр болып, шығынға батты. Дәл осындай жағдай Беларуссия кәсiпкерлерiн де дiңкелеттi. 
Ол ол ма, одан кейiн Ресей мен Қазақстан арасында сауда соғысы өршiгендей көрiндi. Әуелi Ресейдiң “Роспотребнадзоры” Қазақстаннан келетiн кейбiр сүт өнiм­дерi мен кейбiр көкөнiс түр­лерiне тыйым салды. Қазақстан тарапы да көп күттiрмей ресейлiк кеспе, ет пен тәттi бәлiштердi қара тiзiмге кiр­гiздi. Ресей теңқұқықты экономикалық одақта өктемдiгiн жүргiзiп, өзге әрiптестерiне “әлiмжеттiк” көрсетiп, өзiмбi­лермендiкке салынса, одақтастарымен келiспей, бүкiл келiсiлген механизмдердi аттап басса, мұның несi экономикалық одақ?
Теңқұқықты, өзара сыйлас­тықты, әрiптестiктi былай қойғанда, экономикалық одақ болған соң, елiмiздiң экономикасы не ұтты? Ұтуды ай­ғақтайтын бiрден-бiр көр­сет­­кiш – импорттың азайып, экспорттың өсуi. Ал ендi осы көрсеткiштерге тоқталсақ, өткен жылы қаңтар-қазан айларының iшiнде Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдерiмен саудасы 26,6 пайызға төмендедi. Экспорт 30 пайызға азайды. Одақтағы елдердiң әрқайсысына тоқталсақ, Армениямен сауда-саттық 42 пайызға азайса, Қырғызстанмен арадағы сауда айналымы 32 пайызға, Беларусьпен 28 пайыз­ға, Ресеймен 26 пайызға азайды.
Осы мәселеге қатысты экономист, Мұхтар Тайжан былай деген едi: “2016 жылы Ресей резервтерi өзiнiң бюджет тапшылығын қаржыландыруға жетпейдi. Мұны мем­лекеттiк думада баяндама жасаған Ресейдiң қаржы министрi Антон Силуанов айтты. Бюджет жыртығын жабу үшiн бiз сырт­тан қарыз алып отырмыз, бiрақ Ресей үшiн сыртқы капитал нарығы есiгiн тарс жапқан. Мұндай жағдайда Ресейдiң қолынан келер жал­ғыз амал – ақша басатын станокты iске қосу. Басқа факторларды былай қойғанда, бұл рубльдiң бағамын құлдыратып жiбередi. Ал ол өз кезегiнде теңгенi тербетiп жiбермек. Мұнайдың баррелi алпыс долларға жетедi деп болжаған күннiң өзiнде, Ресейдегi мұнай өндiрiсi түсе бермек. Себебi Батыстың өндiрiс қуатына Мәскеу тыйым салды. Түркия мен Украинаның ресейлiк газдан бас тартуы Газпромның бюджетке түсiрiп отырған кiрiсiн азайтады. Осы процестердiң бәрi сөз жоқ, Еуразиялық экономикалық одақтың ыдырауын жақындатады. Бiрақ мұ­ның халық үшiн де, билiк үшiн де аса қымбатқа соғуы мүм­кiн. Бұл – стратегиялық ақы­мақ­тықтың экономикалық құны”.
Мiне, осы пiкiрлерден-ақ ЕАЭО-ның болашағы бұлың­ғыр екенiн “Жас Алаш” одақ құрылғалы жатқан тұста сан рет жазды. Уақыт өте келе соған көзiмiз жетiп жатыр.
Десек те, Ошақбаев Қа­зақ­стан ұзақмерзiмдi даму жолында интеграциядан қол үзбеуi керек деген пiкiрде екен. Бұған қатысты ол мынадай ой айтқан:
“Интеграция бiзге 170 мил­лиондық ресейлiк нарыққа жол ашады. Бiз неге ЕАЭО-ға кiрдiк? Әу бастағы ниетiмiз арада ортақ нарық түзiп, Қазақстанда бәсекелестiк жағдай қалыптастыруды көздедiк. Бiрақ Ресей рецессия фазасына кiрiп кеткеннен кейiн (мұнай бағасының құл­дырауына және санкция са­лын­ғанға дейiн болған жағдай) бұл құрылымдық аса түйт­кiлдi мәселелердi паш еттi. Өкiнiшке қарай, бiздiң ЕАЭО-дағы үмiтiмiз әзiрше ақталған жоқ”. 
Ошақбаевтың пiкiрiнше, бұған Қазақстан “интеграция­ны да, Мәскеудi де кiнәла­ма­уы тиiс, кемшiлiктi ең алдымен өзiнен iздеуi керек”. “Бiз осынау интеграциялық жобаға бiздiң бизнесiмiз бәсекеге қабiлеттi болуы үшiн барлық макроэкономикалық жағдайды жасауға тиiс едiк. Ең алдымен, басты қозғаушы күш әрi ең тиiмдiсi – бұл бағамдық саясат. Егер бiз әл­сiз валютаға және бәсеке­лес­тiкке басымдық берсек, онда бизнесiмiз мемлекеттiк қолдаусыз-ақ экспортқа шығатын едi. Өкiнiшке қарай, бiз мұны уақтылы жасай алмадық. Еуразиялық келiсiмде бұл туралы (бағамдық саясат) ештеңе айтылмаған. Менiң есебiм бойынша, жарты жылдың iшiнде Қазақстаннан шамамен 20 миллиард доллар көлемiндегi ке­йiн­ге қалдырылған сұраныс Ресейге кетiп қалды.
Ошақбаевтың тұжырымынша, “Еуразиялық комиссияны қағып-сiлкiп алу керек”. “Бұл комииссия өзiне жiберiлген бiрде-бiр ашық немесе бiрде-бiр жария емес сауалға жауап берген жоқ. Барлық министрлер, оның iшiнде қазақстандық министрлер бәсекелестiктi дең­гей­лестiру, нарыққа жол ашу сынды уәделерiн орындаған жоқ”.
Сөйтiп, салы суға кеткен ЕАЭО ешкiмге опа бермедi. Мұны өзгелер мойындағанымен, қазақ билiгi әлi ләм-мим демей келедi. Бiз қашанғы әдетiмiзше, “қолымызды мез­гiлiнен кеш сермеймiз”.
Г.Қапан   
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар