1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №68 (16150) 25 тамыз, бейсенбі 2016
25 тамыз 2016
Аграрлық арман. Қазақстан Польшадан үйрене ала ма?

Осы аптада президент Варшаваға ресми сапармен барып, Польша басшысы Анджей Дудамен және премьер-министр Беата Шидломен, сондай-ақ Польша Сенатының төрағасы Станислав Карчевскиймен кездестi. Қазақстан-Польша бизнес-форуымына қатысып, польшалық кәсiпкерлердi Еуразиялық экономикалық одақ аймағында жұмыс iстеуге шақырды. Әрi бұл одақты құруға өзiнiң бастамашылық еткенiн, ЕАЭО-ның саяси бiрлестiк емес, таза экономикалық одақ екенiн астын сызып тұрып ескерттi. Мұнысы “Қазақстан Ресейдiң қол­ас­тын­дағы ел емес, дербес мемлекет” дегендi меңзе­генi болса керек. Ал бұдан польшалық кәсiпкер­лер­дiң не ұққаны белгiсiз. Белгi­лiсi, қазақ билiгiнiң Польшадан инвестиция тартқысы келетiн салаларының қатарында ауыл шаруашылығы да бар.

“Егер бiз сiздермен бiрге қазақстандық ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдесек, Қытайға, Орталық Азияға, Ресейдiң батысы мен солтүстiгiне сатуға болады, бұл өте тиiмдi болар едi. Польшаға Еуразиялық экономикалық одақтың несi ұнамайтынын бiлмеймiн. Бұл iске бастамашылық еткен менмiн. Ресей қайтадан Кеңес одағын жинап жатыр дейдi бiреулер. Мүмкiн,  Кеңес одағының құлағанын қаламайтындар бар шығар, алайда оны қалпына кел­тiргiсi келетiндердiң басы жоқ, себе­бi бұл мүмкiн емес. Сондықтан Еуропада бұл жайлы дұрыс түсiнiк бар деп ойламаймын”, – дедi Н. Назарбаев.
Түсiнiк дегеннен шығады, Қазақстанның қандай ел екенiн ұқтырып, шетелдiк кәсiпкерлердiң “көзiн ашу” үшiн президент бiраз жерге дейiн барды. Еуразиялық одақта 180 млн халық бар екенiн, шекаралардың еркiн де ашық екенiн, ЕАЭО-ны бұрын бiреулердiң саяси одақ жасағысы келгенiн, бiрақ өзi “Жоқ, тек экономикалық одақ болады” деп тұжырғанын тәптiштеп тұрып түсiндiрдi.
Ал Польша қандай ел? Бұл мемлекет санаулы жыл iшiнде қалайша аграрлық империяға айналды? Жер реформасы жөнiндегi комиссияның қызметi бойынша өткен кеңесте мораторийдi 5 жылға ұзартқан президент неге басқа елдi емес, дәл осы Польшаны мысалға келтiрдi? Польша тек жердi жекеге беру арқылы ғана жетiстiкке жеткен ел ме, әлде оның өзге де себептерi бар ма?
Қазақстан тәуелсiздiгiн алған тоқсаныншы жылдардың басында Польша азық-түлiк өнiмдерiн көршiлес елдерден импорттайтын. Бұл үрдiс қазiр адам таңғаларлықтай өзгердi. Польша Еуроодақтағы ең аграрлы мемлекет­тiң бiрiне айналды. Орта есеппен ал­ғанда ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң өндiрiсi жыл сайын 20 пайызға өсiп келе жатыр. Өнiмнiң басым бөлiгiн иелiгiнде 5-10 гектар жерi бар шағын қожалықтар өндiредi. Ал жер аумағы 100 гектардан асатын iрi шаруашылықтар барлық фермерлердiң 9 пайызы шамасында ғана.
Жалпы, Польша ауыл шаруашығының қарыштап дамуы Еуроодақ құрамына енген 2004 жылдан басталды. Ол кезде Еуроодаққа қосылуға қарсылар өте көп едi. Әсiресе, “сырттан ағылған тауар тiрлiгiмiздi тұралатады” деп фермерлер уәйiм қылды. Тiптi “Өз-өзiңдi қорғау” сынды партиялар да құрылды. Оның құрамына билiкте жүрген адамдардың да бiрқатары енген. Алайда бiрнеше жылдан кейiн осы партиялар өз-өзiнен жоғалып кеттi. Өйткенi Еуроодаққа қосылудың тиiмдiлiгi бiрден көзге ұрды. 2004 жылдың өзiнде ғана Польша фермерлерiне ЕО бюджетiнен 1,5 млрд еуро субсидия бөлiндi. Және жыл өткен сайын субсидия мөлшерi арта бердi. Мәселен, 2013 жылы ол 5,2 млрд еуроға жеттi.
Польша фермерлерi үшiн үкiметтiң де жасап қойған жағымды мүмкiндiктерi ұшан-теңiз. Мәселен, бұл елде 80-нен астам банк бар. Саны көп болғаннан кейiн арасындағы бәсеке күштi. Барлығы да аграрлық саланы қаржыландыруға ұмтылады. Тiптi “Фермерден – банкир, банкирден – фермер жасау оңай” деген сөз де дәл осы Польшада айтылады. Ал банк берген несиенiң үстемесi – 1-2 пайыз ғана.
Фермерлердiң түгелге жуығы негiзiнен, тапсырыспен жұмыс iстейдi. Өндiрiп алып, ендi мұны қайда өткiзем дейтiн түйткiл атымен жоқ. Мәселен, “Өндiрушi-өңдеушi” жүйесiн алайық. Өндiрушi мен өңдеушi арасындағы келiсiм-шартқа банк араласады. Ол өндiрушiнiң өз мiндетiн уақытында орындау үшiн қанша қаражат керек болса, сонша беруге бар. Бiрақ банк несиенi өндiрушiден емес, оның өткiзген тауары есебiнен өңдеушiден алады. Бұл – үш тарап­қа да тиiмдi. Өндiрушi қаржыдан тапшылық көрмейдi, өңдеушi шикiзаттың дер уағында жет­кiзiлетiнiне сенiмдi болады, ал банктiң несиелiк портфелi ұлғаяды.
Осындай мүмкiндiктердiң арқасында Польша сүт өндiрiсi бойынша ЕО елдерi арасындағы үздiк үштiкке ендi. Дәндi дақылдың әр гектарынан 80-10 тонна, қант қызылшасынан 50-70 тонна өнiм жинайды. 2013 жылы алма өндiрiсi бойынша әлемдегi ең алпауыт ел Қытайдың өзiн басып озды. Көптеген сарапшылар қазiргi кезеңдi Польшаның “алтын ғасыры” деп атайды. Оның басты себебi, бұл елде ауыл шаруашылығы адымды тұсаған көтерем сала емес, экономиканы алға сүйреген серпiндi салаға айналды. Әлем елдерiнiң көпшiлiгiнде фермерлер “қартайып” бара жатса, Польшада керiсiнше, “жасарып” келедi. Әрбiр жетiншi фермер 35 жасқа толмаған. Немесе барлық шаруаның 15 пайызын жастар құрайды. Нелiктен? Өйткенi аграрлық сала табыс табудың көзiне айналған. Шаруашылықты атадан балаға мұра етiп қалдыру дәстүрi қалыптасқан. Тiрлiгiн жаңа бастағысы келген жастарға үкiмет қыруар қаржы берiп, қолдау жасайды.
Рас, Польша жердi жекеменшiк­ке бердi. Тоқсаныншы жылдары әр гектардың бағасы 150 доллар болса, қазiр 6 мың долларға дейiн өскен. Сiрә, қазақ билiгiн Польшаның осы қадамы қызықтыратын секiлдi. Бiрақ жердi жекеге беру арқылы ғана аграрлық саланы көтеру мүмкiн емес. Ол үшiн шаруалар­ға жоғарыда айтқанымыздай көмек көрсетiлуi керек. Мұны президенттiң өзi бастап барған қазақстандық делегацияға польшалық әрiптестерi айтқан да шығар. Себебi Польша билiгi мемлекеттiң жерiн жекеге сатуға мораторий жариялады. Бұл заң 2016 жылдың 30 шiлдесiнен бастап күшiне ендi. Неге? Әр гектар жердi 6 мың доллардан саудалаған мемлекет үшiн тиiмдi емес пе? Польша нелiктен мұндай сәттi саудадан бас тартты? Өйткенi жердiң алыпсатарлардың ермегiне айналып кету қаупiнен сескендi. Жердi сатпай-ақ табыс табуға болатынын ұқты. Ал жердi жаппай саудаға шығарып, дағ­дарыс­тан құтылғысы келген бiздiң басшылар мұны түсiндi ме, түсiнбедi ме, оны алдағы уақыта бiлетiн боламыз. 
Сансызбай НҰРБАБА
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар