1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22-23 (16000-01) 19 наурыз, бейсенбі 2015
\"Жас Алаштың\" құқықтық беті. Дайындайтын Дәнеш Ұзақ
19 наурыз 2015
Би һәм билiк туралы

Қазақтың дауын орыс судьясы бiтiрге­нi­нiң қолайсыздығын бiз айтпасақ та, тамам қазақ бiледi. Мысалы, қазақ көтере алмастай шығын, оның үстi­не әдет-рәсiмге терiс болып, көп қиыншылық, залал болмақ.

Билiк туралы қазақтың ескi жолы жоқ емес, қазыл­ған қара жолдай жолы бар. Бiрақ ол жолы ұмытылған. Себебi, көбiнесе орыс законына қарағандықтан болған. Мысалы, сайлау туралы закон па­ра, жақындықпен би болуға ыңғайлы болып, кiм болса – сол би болып, аузына не келсе – соны айтқан. Және бiр себебi жазылмай қалғандықтан. Ол ескi жолдың көбi осы күнгi өмiрге қолайлы. Бұрын­ғы ережелер де көбiнесе сол жолға сүйенiп айтылған. Соларды тексерiп, қолайлысын алып, осы күнгi өмiрге келi­сiм­сiзiн түзетiп, бiр жоба жол қылып жазса, қазаққа сонан қолайлы жол болмас едi. Оны жазу қазақтың ескi құлақты кемеңгерлерi мен оқымысты жастарының ақылдасуымен табылады. Өзге жұрт қазақ жайын қанша бi­ле­мiн десе де, анық жете бiлмейдi.
Қазақтың ескi жолының бiрталайы шариғатқа да жанасады. Шариғат ешқашан тастай қатып қалмайды. Әр заманның ыңғайына қарай iс қылуға лайықтайды. Оны тастай қатыратын – шала молдалар. Шариғаттың тастай қатқан жерi әр заманға бiрдей iстерде тастай қатпайтұғынының мысалын көрсетуге болады. Мысалы, ғұзыр (яғни “қиын болса, қылмай-ақ қой, өзгерт” деп кеңшiлiк қылады). Қазақтың ескi жолы мақалменен айтылып, мағыналырақ келедi. Мысалы: “Ат ұстат­қан азабынан құтылар” – бұл жоғалтқан малды қолы адал бiреуден танығанда, таныт­қан кiсiге ерiк бергенi. Яғни “егер осы танылған атты иесiне берiп, сатып алған кiсiңнен өзiң қуып алуға ырза болсаң, иесi қалған малын өз бетiмен қусын. Егер атты бермей, алған кiсiңдi ұстатсаң, атты иесi сатып алмаса – бермей-ақ қой” дегенi.
Және “Аза – арулы, сый – сатулы”. Бұл екi тамыр, жақын кiсi араздасып, бергенiн қайта алысқанда, тамырлыққа бергенiн қайтып алысады да, азаға салғаны қайтпайды. Себебi аза – жылу есептi.
Және “Олжа – олжадан қайтар, сауға – сауғадан”. Бұл ондайларды “олжа – сауғадан бермей кеткенде ғана даулап алады” дегенi.
 Ақыры қазақтың әр билi­гiнiң мақалы бар. Мысалы:      1) “Би екеу болса, дау төртеу болады”, 2) “Дау құтырса, биiн табар, ит құтырса, иесiн қабар”, 3) “Куәлi iстi куә табар, куәсiздi күмән табар”,     4) “Айғақтың тазасы күмәнмен мойынға салар”, 5) “Бiр дауда екi күмән жоқ, бiр iсте екi жаза жоқ”, 6) “Барымта қайтыс болмай, дау айтыс болмас”, 7) “Тапқан қуанса да, таныған алады”, 8) “Құдалық белгiсi – сый-сыйыт, қоныс белгiсi – бейiт”, 9) “Кесiмдi малға өсiм бар”, 10) “Барымта алған мал болмас, қуып алған құн болмас”, 11) “Ала ар­қан кеспей арылмас”, 12) “Ер құны – алты жақсы, жүз жыл­қы, қатын құны – жартысы” (ер құны елу түйе, демек шариғаттың ұлылы-кiшiлi жүз түйесiнен алынған), 13) “Өзi жығылған өкiнбес”, 14) “Тағыны жеткен алады, жарлыны кемiткен алады”, 15) “Тұлпар түп иесiн табады” (бiр малдың жүйрiк екенiн бiлмей тұрып жас күнiнде бiреуге берсе, сол жүйрiк шығып, зор бағаға кесiлiп, әркiм алуға таласса, түп иесi – ерiктi. Ол “алмаймын” демей, өзгелер ала алмайды), 16) “Жортуыл жолдасына, ұры серiгiне күйедi”. Мiне, осындай мақалдар көп. 
Менiң ойымша, билердi азайту керек. Оларды қауым шармен сайлау керек. Жаза кесiлмейтұғын дауда третейский сотқа беру керек. Екi жағы да книгеге жауабын өзi жазсын. Посредникке келiс­песе, сайлаулы бидiң жере­бiге шыққанына ерiксiз салынсын. Жалғыз биге сал демек қалсын. Ақы сұрай келген елдiң биiне “салма” деген қалсын. Себебi дау бiтпей созылып, қазақ барымталасуға себеп осы болады. Би­лердiң үстiнен бiр би керек. Олардың бiр-бiрiне қарсы айт­қанда сынайтұғын орыс ұлығы яки жоғарғы би сынаса да, жазулы жолға терiсiн та­уып бұзсын. Бұл туралы тағы да жазамын.
 
Шәкәрiм Құдайбердiұлы,
“Қазақ” газетi, 1914 жыл,
8 июнь, 65-нөмiр.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті