1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №86 (15856) 29 қазан, сейсенбі 2013
\"Жас Алаштың\" құқықтық беті. Дайындайтын Дәнеш Ұзақ
29 қазан 2013
Профессор Апушевтiң “Егiстiк дақылдар селекциясы” ұрлықы кiтап па?

ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң назарына

“Жас Алаш” бұрнағы күнгi нөмiрлерiнде ғылымдағы плагиат мәселесiн бiрнеше мәрте мәселе етiп көтерген. Нысанаға бұрын­ғы бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов пен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң ректоры Ғалымқ­айыр Мұтанов та iлiккен-дi.
Өткен аптада редакцияға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетiнiң профессоры, қазiр “Ақмешiт” гуманитарлық-техникалық институтында қызмет ететiн Марат Жанзақов келдi. М.Жанзақовтың айтуынша, Қазақ ұлттық аграрлық университетiнiң сарапшысы, өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiру агротехнологиялары кафедрасының бұрынғы меңгеру­шi­сi, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Амангелдi Апушев оның еңбегiн ұрлап алған.
М.Жанзақов редакцияға әкелген арызында былай дейдi: “2010 жылы қазан айының басында “Селекция және тұқым шар­уашылығы” атты қолжазбамды баспадан шығаруға рұқсат алу үшiн Қазақ ұлттық аграрлық университетiнiң кеңесiне тап­сыр­ғанмын. Оның нәтижесiн ғылыми хатшы Ж.Жүргенов хабарлап айтатынын ескерттi. 2011 жылы аграрлық университетте Республикалық пәндiк олимпиада өтiп, оған өз университетiмнiң командасына жетекшiлiк жасап барғанымда сарапшыға жолықтым. Ол көңiлiмдi марқайтып қойды. “Еңбегiң жақсы жазыл­ған, бiрқатар толықтырулар жасаса, мемлекеттiк сыйлыққа ұсынуға болады” дедi. “Менде қажеттi материалдар бар” деген соң кiтапты бiрлесiп шығаруға ұсыныс жасадым. А.Апушев ке­лiс­кен сыңай танытып, қолжазбаның электрондық нұсқасын сұрады. Қолжазбамды флешкамен оның компьютерiне салып бер­дiм. Күнi-түнi көз майымды тауысып отырып толықтырған нұсқаларды кейiннен электрондық поштамен жiбердiм.
Уақыт өтiп жатыр, сарапшыдан жауап жоқ. Қолжазба қолына түскен соң Апушевтiң сөзi сұйыла бастады. “Жиналыстамын”, “кейiнiрек хабарлас, қолжазбаны әлi толық тексерiп бiт­педiм”, “командировкадамын” деп қашқақтайтын болды. Алматыға өзiм барып қозғау салайын дегенiмде Апушев “несiне әуре боласың, хаттаманы өзiмiз салып жiберемiз” деп жақауратты. Ақырында 2011 жылдың жазында ол маған “Апушевтi автор ре­тiнде қоспасам оқулығым шықпайды депсiң, менен аулақ жүр!” деп бұлт ете қалды.
Содан “Селекция және тұқым шаруашылығы атты қолжазбамның “Тұқым шаруашылығы” бөлiмiн алып тастап, 2012 жылдың қаңтарында “Егiстiк дақылдар селекциясы” деген қолжазбаны тағы да осы университет­тiң кеңесiне тапсырдым. Өзiм күткендей, қолжазба сарапшы А.Апушевтiң сын пiкiрiмен түзетуге қайтарылды. Бiр айта кетерлiгi, алдынғы “Селекция және тұқым шаруашылығы” қолжазбама ешқандай пiкiр жазылған жоқ. Содан биылғы жылдың басында Апушевтiң ескертпе­лерiне түзету жасап, қолжазбаны қайта жолдадым. Сарапшы әдетiнше “тексерiп жатырмын”, “мұқият қарауым керек” деп сыр­ғытпа жауап бердi. Қыркүйек айында құжаттарды түгендеп, кеңес хатшысына қайтадан өткiздiм. А.Апушевке кезектi бiр хабарласқанымда “селекция оқулығын шығардым” деп қалған. “Шығарса шығарған шығар, қолында дерегi бар ғой” деп ойладым. Десем де, не кiтап шы­ғар­ғанын бiлмекке кiтапханаға бас сұқтым. Кiтапты қолыма алып парақтап көрдiм де, сiлейiп тұрып қалдым. Күн-түн демей жазған кәдiмгi өзiмнiң қолжазбамды оқып тұрмын. Бiрақ авторы – Апушев. Дереу Апушевке жолықтым. Сыр алдырмастан қолжазбаны тағы да түзетiп әкел­генiмдi айтып едiм, “екi апта тексеремiн, қате болса тағы да түзетуге жiберемiн” деп қатуланды. Жаңадан шыққан кiтабы менiң қолжазбамның көшiрмесi екенiн айтып, заңға жүгiнетiнiмдi ескерткенiм­де ол “қайда барсаң онда бар, сен өйтiп менi қорқытпа” деп қоқиланды. Универси­теттiң басшылығын бұдан хабардар еткенiмде, олар да оң жауап қатпады. “Соңғы өткiзген “Егiс­тiк дақылдар селекциясы” атты оқулығыңа рұқсат етейiк, “Селекция және тұқым шаруашылығы” атты қолжазбаны қозғама” деп саудаласқысы келдi.
Ашуды сабырға жеңдiрiп, әлгi кiтабын үйге әкелiп, мұқият тексерiп шықтым. Менiң қолжазбамды сол күйi көшiргенi былай тұрсын, кейбiр тұстарын бүлдi­рiптi.
Апушев менiң қолжазбама берген сын пiкiрiнде кейбiр абзацтарды “мына жерi мүлдем түсiнiксiз, қайта жазу керек” деп көрсетедi де, өзiнiң кiтабына сол “мүлдем түсiнiксiз” абзацтағы бiр-екi сөйлемдi өзгертiп, қайтадан көшiрiп баса салады. Осының өзi Апушевтiң өз пiкiрiн өзi жоққа шығарғанына дәлел. Мұндай мысалдарды көптеп келтiруге болады. Мәселен, А.Апушев сын пiкiрiнде “Қазақстан Республикасы халықаралық бiлiм және ғылым кеңiстiгiне кiрудi негiзгi мақсат етiп отыр­ған кезеңде оқулықта сорттарды бағалауда Женева конвенциясына сәйкес заманауи бағалау жүйесi туралы ешбiр дерек жоқ” дейдi де қолжазбадағы сорттарды бағалауды түгелiмен өз­гер­тусiз көшiрiп алып, өз кiта­бына енгiзе салған. Тағы бiр мысал мынау: Апушевтiң оқулығындағы суреттердiң нөмiрле­нуiн­де қате көп. Менiң қолжазбамдағы екi суреттiң нөмiрленуi Апушев­тiң оқулығындағы суреттермен сәйкес келiп тұр. Яғни менiң қолжазбамнан көшiрiп алғанда түзетудi ұмытып кеткен.
Кiтапты тым асығыс шығар­ғаны көрiнiп тұр. 30,5 баспа табақ оқулықтың мұқабасында “Алматы, 2012 жыл” деп жазыл­ған. Ал соңғы бетiнде “басуға 18.01.2013 ж. қол қойылды” деп тұр. Сонда қалай, Апушев баспа басуға қол қоймай тұрып кiтабын шығарып алған ба?
Осылайша профессор А.Апушев менi ұзақ уақыт сергелдеңге салып жүрiп, ақырында менiң қолжазбамды өз атынан кiтап етiп шығарып алды. Оның кiтап­ты менен көшiрiп алғанын ендi сотта дәлелдеймiн деп шештiм. Оқулық мемлекеттiк тiркеуден алынып тасталуы керек. Өйткенi ол – плагиат”.
Қазақ Ұлттық аграрлық уни­верситетiнiң профессоры Аман­гелдi Апушевке хабарласып, мәселеге қатысты түсiнiк­те­ме берудi сұрадық.
             Марат Жанзақов сiз­дер­дiң университеттiң кеңе­сiне “Селекция және тұқым шаруашылығы” деген қолжазбасын ұсынды ма?
             Иә, ұсынған. Ол бiздiң рек­тордың аппарат жетекшiсiнiң қолында. Ол кiсi де селекционер. Мен одан қолжазбаны сұрадым. “Алғашқы нұсқасына толықтырулар мен түзетулердi енгiздi ме екен, дұрыс па, жоқ па көрейiн. Егер дұрыс болса, баспаға ұсынайық” дедiм. Ол кiсi “мен де селекционермiн ғой, өзiм қара­йын” деп өзiне алып қалды. Қолжазба менiң қолыма тиген жоқ.
             М.Жанзақовтың сол қол­жаз­басы менiң қолымда бар. Оны сiздiң “Егiстiк дақылдар селекциясы және тұқым шаруашылығы” деген кiтабыңызбен салыстырып шықтым. Жанзақовтың қолжазбасындағы көп дүние үтiр-нүкте­сiне дейiн сiздiң кiтапта қайталанады екен. Бұған не дейсiз?
             Мәселе былай ғой, Бұл – классикалық құрылым. Гуляев пен Гужовтың орыс тiлiндегi кiтабы бар. Сол кiтаптардағы құрылымды мен толық сақтадым. Менiң алдымда Қалиев пен Нұрқасенов те шығарды. Мiне, Жанзақов та жазып алып келдi. Селекция саласында дүниежүзi­не белгiлi ғалымдардың кiтап­тары бар. Оны бiз шығарып отырған жоқпыз. Жанзақов та солардан аударды, мен де солардан аудардым, басқалар да солардан аударды. Сондықтан ол Жанзақовтың ойлап шығарған дүниелерi емес.
             Яғни Жанзақов та, сiз де ше­тел ғалымдарынан аудардыңыздар. Сол себептi ғана ұқсайды деп есептейсiз бе?
– Әрине, ұқсастықтар кез­де­седi. Егер мұқият салыстырсаңыз, мен Қазақстанның көп дүниелерiн қостым. Сөздiң құрылымында, кiтаптың жалпы құрылымында көп өзгерiс бар. Дұрыс көзқараспен қараған кiсi оны бiрден түсiнедi.
Профессор Амангелдi Апушев “кiтабымдағы әр сөзiме, әр санға жауап беремiн” дейдi. Тал­қылаудан қашпайтынын да ескерттi. Алдағы уақытта тараптардың сөзiн тағы бiр таразыға салып, салмақтауды жөн санап отырмыз.
Бұл “жазғанымды ұрлады” деген алғашқы дау емес, өкiнiш­ке қарай соңғысы да бола қоймас. Бiздiң мақсатымыз – шындыққа жетуге септесу. Ал ендi кiм кiмнен ұрлағанын дәлелдеудi арнайы мамандар мен құзырлы органдардың еншiсiне қалдырдық.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті